Ұстаздық-ұлы қызмет. Ал, ұстаз-мектептің жаны, жүрегі. Бұл теңеумен келіспейтін жан жоқ. Өйткені, сіздің де, біздің де, дәрігердің де, ғалымның да, ұшқыштың да бас иетін бір тұлғасы болса, ол-ұстаз. Шәкірт жанының рухани жанашыры боп, бала тәрбиесіне 33 жыл өмірін арнаған сондай ұстаздардың бірі-Сарсембаева Жұмаш Төлекенқызы. Ұстаздыққа бала күнінен құмар болған мұғалім мына өлең шумақтары өзіне арналғандай дейді:
«Болашақтың ғалымын да, данасын,
Еңбегімен ер атанар баласын
Дайындауда ерінбе,- деп,- қарағым»
Алғаш маған ақыл берген анашым». Олай дейтініміз, Жұмаш апаның анасы Кенжекей Ержанқызы кеңес дәуірінің қалыптасу кезеңінде туып, жастық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңдеріне сәйкес келгендіктен, мамандық иегері атана алмаған. Өзінің ішкі арманы мұғалім болу тағдырына жазылмаған соң, өз балаларын ұстаздыққа бағыттаған. Жұмаш Төлекенқызы да кішкентай кезінен «мұғалім боласың» деген сөзді құлағына сіңіргендіктен бе, құрбыларымен, бауырларымен бірге үнемі «мұғалім» ойынын ойнап өскен екен. Кейін нақты шешім қабылдап, 1981 жылы сегізжылдық білім негізінде Арқалық педагогикалық училищесінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1985 жылы бітіріп шығады. Алғаш мұғалімдік жолын өз туған ауылы, білім алған алтын ұясы Торғай облысы, Жангелдин ауданындағы «Шұбалаң сегізжылдық мектебінде» 1-сынып оқушыларына мұғалім болудан бастайды. 1986 жылы білімін ары қарай жоғарылату мақсатымен, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдайды. 1992 жылы Арқалық қаласының азаматына тұрмысқа шығып, сүйкімді балалардың анасы атанады.
Үлгі болуға лайық білімді ұстаз еңбек жолында әр түрлі кезеңдерді бастан кешірген. Соның ерекшесі 1998 жылы Астана қаласына жақын жердегі қазіргі Жібек жолы ауылына көшіп келгенде болған. Балаларын қазақ мектебіне бергісі келіп сұрастырса, мектепте қазақ сыныптары мүлде жоқ екен. Сол кезде Ереймен ауданынан көшіп келіп жатқан бастауыш сынып мұғалімі Ибраимбекова Маруан Хамидоллақызының бастамасымен қазақ сыныптарын ашып, Александров орта мектебінің мұғалімі және директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. 2012 жылы Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы № 22 мектеп-гимназияға мемлекеттік тілдерді дамыту менеджері, 2013 жылдан қазіргі уақытқа дейінгі аралықта №53 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып, педагогтық қызметін атқарып келеді. Еңбекқорлығы мен білімінің арқасында еңбек жолында мамандық бойынша байқаулар мен конкурстарға қатысып, бірталай жүлденің иесі атанған. 1999 жылы Ақмола облыстық «Үздік понарама сабақ» конкурсынан 3-орынмен марапатталса, дәл осы жылы аудандық «Жыл мұғалімі-99» конкурсының жүлделі 1 орынын жеңіп алған. 2000 жылы Көкшетау қаласында ұйымдастырылған «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» олимпиадасынан 3-орын алса, 2009 жылы «Үздік сынып жетекші-2009» конкурсының «Ең үздік сынып жетекшісі» аталымын иеленген. 2016 жылы Астана қалалық С.Мұратбековтың 80 жылдығы қарсаңында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Үздік сабақ жоспары» бойынша Бас жүлде иегері болып, 2018-2019 оқу жылының қорытындысы бойынша «Жыл мұғалімі-2019» аталымымен марапатталған. 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін жыл сайынғы мектеп түлектерінің ҰБТ жұмысының аппелляциялық комиссиясының мүшесі. Қалалық шығармашылық тобының мүшесі. 2016-2018 жылдарда қалалық педагог ұстаздарды аттестаттау комиссиясының мүшесі. «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді. Ұлы мұғалім шабыттандырады» деп ағылшын ағартушысы Уильям Уорд айтқандай ұлы ұстаздан шабыт алған шәкірттері де әр жылдарда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен болатын түрлі байқаулар мен әдеби оқуларға, мүшайраларға қатысып тұрады. Талапты оқушыларының ана тіліміздің мәртебесін түсініп, жасөспірімдер арасында тіл жанашырлары болып қалыптасып келе жатқанына Жұмаш Төлекенқызы да ерекше қуанады. Мектеп бітірген ақын шәкірттері Серік Әл-Фараби, Орал Абдрауф, қазіргі мектеп партасында отырған оқушыларымның арасында Әбу Бақдәулет – қанаты ұшталып келе жатқан жас талапкерлер.
Шәкірт тәрбиесінен бөлек, ұлағатты ұстаз өз тәжірибесімен бөлісуден де қалыс қалмады. 2019-жылы «Сөзстанға саяхат» атты 8-сынып оқушыларына арналған жеке әдістемелік авторлық бағдарламасы қала көлемінде қолдануға ұсынылды. Бұған дейін 7-сыныпқа арналған қазақ тілінен «Оқушының жұмыс дәптері», «8-сыныпқа арналған оқушының жұмыс дәптері» деген әдістемелік құралдары Ақмола облысы Аршалы ауданы мұғалімдеріне таратылған. Қазіргі таңда білім саласындағы жаңаартылған білім беруде мектепте өткен қалалық семинарларға қатысып, ашық сабақ беріп, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Білімді ұстаздың еңбегі еленіп, 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен, 2017 жылы Астана қаласы ББ –ның Алғыс хатымен марапатталған.
«Жүйрік тұлпар шаба келе жылдамдығы үдей беретіні секілді мұғалімнің де жылдар өткен сайын тәжірибесі артып, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілігі күшейе беретінін байқап келемін» дейді Жұмаш Төлекенқызы. Олай болса, шабытыңыз артып, шабысыңыз бәсеңдемесін дейміз.
Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
Білім айнасы
Нұр-Сұлтан қаласы