Home » Жаңалықтар » Білім- ақылдың ажар көркі

Білім- ақылдың ажар көркі

   Нұр-сұлтан қаласы, Есіл ауданында орналасқан №88 мектеп- лицейі 2019 жылдың қараша айынан бастап пайдалануға берілген. Бүгін де 722 шәкіртке білім беріп, өз жұмыстарын жүйелі түрде атқарып келеді. Білім ошағы заманауи нақышта, қажетті технологиялармен толықтай жабдықталған. Мектеп директоры Лазат Жаналиевнаның оқу ісі- жөніндегі орынбасары Кунсулу Абсаттаровна мектепшілік жұмыстардың жай- жапсарын түсіндіріп, ұжымның жас мамандарымен таныстырды. Әрине, көз қуантарлығы лапылдап тұрған жас ұстаздарға мүмкіндік беріліп, кемелді болашаққа қадам жасауға деген талпыныстарын қанаттандырып отырғандары. Ұстаздар өз шәкірттеріне білім ғана емес, сондай-ақ адалдық, адамгершілік, қамқорлық тағы сол сияқты игі қасиеттерді бойларына сіңіруге ықпал етуде. Оған себеп, мектеп ішіндегі кітап сөресі мен шағын дүкенше. Яғни, оқушылар үйде шаң басқан немесе оқылып, өз межесіне жеткен кітаптарын жинап, сөреге әкеледі. Сөйтіп, балалар кітап алмасып, өзіне керек оқулықты уақытылы мерзім аясында пайдалана алады. Ал дүкеншеге келетін болсақ, бір үстелде керекті оқу- құралдар жайғастырылып, балалар керегін өзіне алып, тиынын жәшікке салады. Бұл біріншіден өзге дүкенге барып уақыт жоғалтпауын ескерсе, екіншіден бала санасына ең алдымен адамгершілік, адалдық ұғымын ұялатады. Сөзбен айтқаннан көрі, көзбен көріп, тәжірибе түрінде пайдаланғаны өте тиімді.

Мектеп бала санына байланысты әзірге бір аусым бойынша ғана жұмыс істейді. Ал түстен кейін, мектеп ішіндегі үйірмелер, қосымша сабақтар апта бойына үздіксіз қызмет жасап отыр.

«Бір күн» жобасы аясында, мектеп тынысымен танысып жүргенімде, бастауыш сыныптың қызу оқу үрдісіне көзім түсті. Бастауыш сынып жетекшісі Алмагуль Орынбековнамен таныстым. Жасалып жатқан жұмыстарын көріп, бастауыш бөлім ұстаздарымен кездесу бұйырды. Бала болашағындағы пайдалы жоспарлары ортаға салынып, қызу талқыланды. Азды- көпті ой түйіндеп, әркім қорытынды жасады. Бұл да бір адамның өзіне беретін есебі іспетті болды. Баланың болашағы үшін арпалысатын үйде ата-ана болса, түзде ол әрине- ұстаз! Шәкәрім Құдайбердиевтің сөзімен: «Талаптан да білім мен өнер үйрен, білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл». Иә, білім аздық етпейді. Керсінше, оның түбіне жетіп, ізін табу өте қиын. Үзіліссіз ізденіс, табандылық ауадай қажет. Білектің күшімен емес білімнің ісімен жарысатын заманда қапыда қалып жүрмелік…

Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
BILIM AINASY
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.