Home » Білім және өнер » Біз бірдейміз!

Біз бірдейміз!

   Нұр- сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданына қарасты №65 мектеп- гимназиясында «ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушыларға білім беру: ерекшелігі, қиындықтар, шешу жолдары» атты ғылыми- практикалық семинар өтті. Мән берген жанға тақырыбының өзі күрделі және өте ауқымды. Педагогикалық шеберлік орталығының тренирі Толеген Какимович сөз алып, «инклюзивті білім берудің ерекшеліктері» туралы дайындаған баяндамасын оқыды. Одан соң, мектеп директоры Нұргүл Жақсыбекқызы ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушылармен жұмыс аясында сөз өрбітіп, тығырықтан шығудың жолдарын нұсқап, болашақта жігерлі азаматтарды тәрбиелеу ұжымның басты мақсаты екенін алға тартты. «Біз бірдейміз» акциясы шеңберінде жаңартылған оқу бағдарламасы талабына сай  ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушылармен жұмыс істеудің әдіс- тәсілдерін, таңдау жолдарын, ерекшелігін көрсету, өзара тәжірибе алмасу семинардың негізгі міндеті. Қазақтанның түкпір- түкпірінен жиналған мектеп басшылары мен ұстаздар, ПМПК меңгерушілері, курс тыңдаушылар осы шара аясында бой көрсетті. Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйінін іспен көрсету үшін, әр қонақ кез- келген ұстаздың сабағына қатысып, білім берудің жүйесін бақылауына мүмкіндік туды. Әрқайсысы кабинеттерге қалауынша бөлінді. Ал мен кірген кабинетте 5- сыныптың оқушылары отыр екен. Интерактивті тақтада «Менің атым Қожа» хикаяты

«Қожа- әдепті бала» деп тақырыпша тұр. Әдебиет сабағына кіргенімді түсіндім. Қоңырау соғылды, сабақ басталды. Үй тапсырмасы сұралып жатыр. Расында, оқушыдар өте елгезек, бірінен соң бірі қол көтеріп, сұрақтарға жауап бермекке көшті. Ұстаз қолына добын алып, «кімге доп лақтырсам, сол оқушы сұраққа жауап беру керек» деді. Бәрі құдды бір «маған түссе екен» деп күбірлеп тұрғандай, елеңдеп тұр. Барлығы дерлік назардан тыс қалмады, сұрақ бәрін қамтыды. Оқушылар үш топқа бөлініп, сабақ жалғасын тапты. Топтық жұмыстар жасалынып, білім, шапшаңдық, әділдік, тәртіп барлық қалып бір сабақтан ғана көрінді. Әр топ бірін- бірі әділ бағалап, сұрақтарға тиісінше жүйелі жауап берді. Шыны керек, егер біліп келмесем, инклюзивті сынып деп айтуға ауыз бармас еді. Арбаға таңылған Жансая есімді арудың ғана сөзі күрмеліп, біліп отырған ойының өзін жеткізуі қиын болды. Жанында тәрбиешісі бар. Білесіз бе, тың ойлы, сабырлы қыз өте ақылды көрінді. Қанша қиын соқса да сұрақтарға тырысып, өзін қайрай отыра жауап берді. Денені сәл сергіту мақсатында оқушылар ән айтқалы жатқанда Жансая: «Апай, ән айтайыншы» деді. Келісті. Ана жайлы шумақ әнін жолдады. Көңілім босады. Даусы да құлаққа сондай жағымды еді. Өмір. Өмір деген осы екен. Жас маман Ақбота Әсетқызының сабағынан алған әсерім бір бөлек әңгіме. Бір күн емес, айлар, жылдар бойы жасалынған еңбек екені көрініп- ақ тұр.

Адымдай келе, Сәулежан Уазировна, Алтын Каиркеновна, Сауле Какеновна ұйымдастырған 1 — 2 орыс сыныптар арасындағы сыныптан тыс жұмыс квест ойыны «В поисках сокровищты» көруге жол түсіпті. Жүріп, тұруы қиын балалар тәрбиешілерімен тізіліп отыр. Көру мен есту қабілеті нашар оқушылар тағы бар. Бірақ, өмірге ғашық. Бала жүректері жадырап, жүздері нұрланып тұр. Айтып беру бір басқа, талаптарын көрсеңіз ғой. Әйгілі «Маша қыз бен аюдың» мултьфилімі желісінде сабақ басталды. Оқушылар тығырыққа тірелген Маша қызға жол көрсетіп, кезең- кезеңнен өтіп, тапсырмаларды қатесіз орындау керек болды. Екі топқа бөлініп, әрқайсысына тапсырмалар берілді. Шынында, ақыл, жүрек, күш- қайраттарын ортаға салып, балапандар құштарлықпен орындады. Құдды бір тығырыққа өздері байланғандай. Ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушыларға арналған жүйе бойынша негізделген әр тапсырманың өз мақсаты бар. Және мақсатқа жетті. Сөзбен тіпті жеткізе де алмаймын. Сөз емес оны көру үшін көз керек, тек қана көз! Саналы, ақылды, адамгершілігі жүрек түкпірінде сайрап тұр. Өзі аяғын әзер басып, оң қолы икемге келмей тұрса да сыныптасының арбасынан итеріп, үстеліне қарай әкеле жатқан баланы көріп жүзіме нұр, көзіме мөлдір тамшы келді. Не деген жылы көрініс.

Әрине, мен көзбен көрген сыныптардың ғана жетекшілерін тізбектеп, сабақтарын саралап отырмын. Көрмегенім де қаншама. Көмекке мұқтаж оқушы да біршама…

 Семинар соңында «Өнерлі өрге жүзеді» үйірме жұмысының қорытындысы ретінде мектеп оқушыларының ұйымдастырған концерттік бағдарламасын көру бұйырды. Тәрбиелік мәні зор, адамды ойландыратын, өзіңе іштей есеп беретін кермет дүние болды. Өмірді сол қалпында қабылдап, кез- келген қиындыққа берілмей, алға қарай өрмелеуге себеп болатын рухани жағымыздан дамуға ықпал етті. Арбаға таңылса да арман қуған, көзбен көре тұра, сөзбен жеткізе алмаса да, жүрек сырын сезіммен шерткен, құлақпен естуді мақсат тұтып, оның бойынан өзгелер өзгешелік байқаса да, өзін өзгелермен бірдей қойған талай табанды жасты көрдік. Неге көп дедік. Күңірендік. Кейбір пендешілігі пейлін тарылтқан ашкөздерге сабақ болар ма дедік. Тәңірден дендерінің саулығын тіледік. Кәрі мен жасының көзіне тамшылар, жүрегіне иман отын ұялатқан бүлдіршіндердің талпынысы талайға үлгі. Түкпір- түкпірден келген қонақтар мектеп директоры мен ұжымға мың қайтара басын иіп, шын көңілдерін білдірді. Жылы лебіздері мен қатар толқыныстарын жасырмады, еңбектерін бағалады. Сөзбен айту әсте оңай, іске келсе расында көбі баяу. Дәл осы №65 мектеп- гимназиясы біршама білім ошақтарына үлгі деп айту әбестік емес. Өзіңде барды өзің емес, өзгелер айтсын, көрсін, білсін! «Бөгде адамның жетістігіне қуана білмеген адамға әлеуметтік өмірдің мақсаты да жат», Антон Павлович Чехов.

Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
BILIM AINASY
Нұр-Сұлтан қаласы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.