Бүгін облыс әкімдігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментінің ұйымдастыруымен саяси қызметшілер мен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бағыныстағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілігі мәселелері және «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша жиын өтті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбай Аққұлов, департамент басшысының міндетін атқарушы Қайрат Байгебаев, басқарма басшылары мен қызметкерлері, құқық қорғау және мемлекетттік органдардың персоналды басқару қызметіне жауапты мамандар, Жаңаөзен қаласы мен аудан әкімдіктері бейнеконференц байланысы арқылы қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес, департамент басшысының орынбасары Ерлеген Мендалиев қатысушыларға мемлекеттік органның бірінші басшысының бағынысты қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда отставкаға кету мәселесі бойынша толықтай түсіндірме берді.
Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органның басшысы және орынбасарлары, облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімдері өздеріне тікелей бағынысты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған кезде отставкаға береді.
Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың, соның ішінде квазимемлекеттік сектор субьектілері басшыларының қарамағындағы қызметшілері сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған кезде тәртіптік жауапкершілікке тартылу мүмкін екендігі де сөз болды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша, Департамент басшысының міндетін атқарушы Қайрат Оразбекұлы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2020 жылғы 2 наурыздағы №40 бұйрығымен «Б корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларына» енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде баяндады.
Атап айқанда, салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына конкурс өткізу тәртібі, салалық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын, қала және аудан әкімдерінің орынбасарларын, облыстық басқарма басшыларының орынбасарларын лауазымға тағайындау, басшы лауазымдардың эссе жазуы мен әңгімелесу тәртібі бойынша, жалпы конкурсқа қатысушылардың құжаттарын қарастырудағы өзгешеліктерді түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, конкурс комиссиясының отырысына байқаушылар ретінде қазір 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы қатыса алатындығын, жалпы конкурсқа қатысу үшін тапсыратын құжаттар санының едәуір азайғандығын (өтініш, қызметтік тізім және білімі туралы құжат) жеткізді.
Аталған қағидаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар персоналды басқару қызметінің рөлі мен жауапкершілігін арттыратындығын ерекше атап өтіп, бұл өзгерістер мен толықтырулар 2020 жылғы 5 наурыздан бастап жарияланған конкурстарға қолданылатындығын жеткізді.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Н.Аққұлов, ұйымдастырылған іс-шараның маңыздылығын атап, бірінші басшылардың қарамағындағы қызметкерлер тарапынан заңбұзушылыққа жол бермеуін қатаң бақылауда ұстауға, персоналды басқару қызметіне жауапты мамандарды қағида талаптарын сақтауға, жұмыс барысында қандайда бір сұрақтар туындаған жағдайда уәкілетті орган және облыс әкімдігінің персоналды басқару қызметімен тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаментінің
баспасөз қызметі