Home » Мақалалар » Тәуелсіздік – тәңірдің берген тәтті сыйы

Тәуелсіздік – тәңірдің берген тәтті сыйы

Садыкова Жания Азатовна,
Жамбыл облысы Тараз қаласы
№56 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

     Өткенге көз салсақ тар жол, тайғақ кешкен замандарда қауіп-қатерлер ел басына туыпты. 1991 жылы қазақ елі Тәуелсіздікке жеткенде бостандықтың бос таңы атып, ділімізбен, тілімізбен, ата-бабадан қалған кең байтақ жерімізбен, елтаңбамызбен, көк  туымызбен, әнұрнаымызбен, төл теңгемізбен қауыштық. Мұның барлығы тәңірдің берген тәтті сыйы.

      Тәуелсіздік – сүйегі асыл бабаларымыздың сан ғасырлық арман-мұраты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1991 жылдың 16 желтоқсанын Тәуелсіздің күні деп жариялағанда кең даланы сағыныш араласқан қуаныш, шаттық кернегені ақиқат. Тереземіз жер шарындағы тәуелсіз мемлекеттермен теңесті, туымыз көкте желбіреді. Түрік бауырларымыз бірінші болып құттықтағанда шаңырағымызды шаттық биледі.

Иә, тарих беттерін парақтасақ халқымыз жоңғар шапқыншылығы, ашаршылық пен орыс паташалығының қитұрқы саясатын басынан өткеріпті. Елінің елдігін,  жерінің байлығын сақтап қалу жолында талай тарландарымыздың ержүректілігі, ел бірлігін ойлаған би шешендердің жырлары мен шешендік сөздері тарихи мұра болып отыр. «Есімханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы», «Абылайдың ақ жолынан»  кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты туралы кейінгі жастар білуі керек. Сол бабаларымыздың сары майдай сақтап қалдырған асыл мұрасы – Қазақстан Республикасы.

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы ретінде ресми атауға ие болмай тұрып- ақ,  1941-1945 жылдардағы қиын-кескі соғыс, қазақ халқының патшалық Ресейдің отарлау саясатынан мыңдаған адамдардың ашаршылықтан көз жұмуы мен зиялы қауымның қуғын-сүргінге ұшырауы, желтоқсан оқиғасындағы боздақтардың қудалануы санамызды дүр сілкіндіреді.

Міне, ата-бабамыздың қасықтай қаны қалғанша қырқысып, елі үшін дес бермеген батырлардың бостандық, азаттық таңын аңсауына, алашордалықтардың тәуелсіздікті аңсап қазақ елінің көзін ашуы үшін саяси күресуіне, яки мұның бәріне 1991 жылы 16 желтоқсанда нүкте қойылды. Ешкімге бой бермеген, қиындықта мойымаған халқымыз бостандық туын тікті. Сол күннен бастап біз әдебиетімізбен, тарихымызбен, мәдениетімізбен, өнерімізбен қайта табыстық. Бүгінгі таңда қазақ еліне қызықпайтын, тамсанбайтын ел жоқ. Алпауыт мемлекеттердің екі ортасында шекаралас отырған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – тәңірдің берген тәтті сыйы. Тәуелсіздіңтің тірегі, туған жердің тұғырына қонар жас қыраны – бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған ұлы міндет. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Тәуелсіздіңтің бес жылы» атты еңбегінде былай дейді: «Біздің туысымыз  – тәуелсіздік, тілегіміз – бейбітшілік, тыныштық. Күш қолдану мен жанжал атаулыға бар ерікжігерімізді аямаймыз. Осы мақсат жолында Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерінің бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай күш біріктіруге мүдделіміз». Міне, Тұңғыш Президентіміз айтқандай барлығымызда осындай мүдде болуы шарт. Сондықтан да тәңірдің берген тәтті сыйын – Тәуелсіздікті аялайық, ағайын!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.