Home » Айтарым бар » Игі дәстүр жалғасын тапты

Игі дәстүр жалғасын тапты

Балалардың экологиялық мәдениеттілік санасын оятып,  табиғатқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында Нұр- Сұлтан қаласындағы   № 13 мектепте эксперимент алаңы «Рука об руку» аясында  әрдайым көгалдандыру жұмыстары қолға алынады.
Игі дәстүр бұл жолы да жалғасын тапты. Тағылымдық мәні зор іс шара  аясында мектеп шәкірттері декоративті өсімдіктерге  күтім жасап,  білім беру мекемесінің  ішін  көздің жауын алар  әсем гүлдермен көркейтіп,  безендіруге бір кісідей белсенділік  танытты.  Олар тамырын тереңге жайған гүлдерді  арнайы ыдыстарға ауыстырып,  өсімдіктерді  суарып, су бүркіп, топырақты қопсыту  шараларын атқарды.   Жасыл желектің  ортасында жүрген балалар ерекше сезімге бөленіп, уақыттарын өте тиімді өткізді десек еш  қателеспейміз. Мектептің ажары кіріп, ең бастысы шәкірттердің  биология сабағына деген  қызығушылықтары  оянғанын  байқадық. Олар бөлме гүлдерінің  түрлерін  оларды көбейтудің жолдары мен  дұрыс өсіру жөнінде мол  ақпаратқа қанық болды.

Оқушылардың  күшімен отырғызылған гүлдер енді  мектеп ауасын шаң тозаңнан тазартатын болады.  Тәжірибелік  алаң бағдарламасының  маңыздылығы да осы. Мектеп іші мен оқу кабинеттерін көгалдандырумен қатар,  шәкірттерді  табиғатты бағалауға үйрету, өсімдіктердің пайдасын мейілінше  түсіндіру. Қолға алынған келелі іс болашақ  ғалымдарды даярлауға, балаларды заман талабына сай оқытуға жол ашпақ.
Яғни, осындай танымдық, тәжірибелік жұмыстың арқасында, мектептің  ажары кіріп,   жеткіншектердің  дарындылығын дамытуға, оларды өсімдік өсіру бағытында  зерттеу шараларына дағдыландыруға, шығармашылық әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік туды.   Бұл   игі бастама көпке үлгі болады деген сенімдеміз.

 

Балаканова Ажар Сапарбековна,
Нұр-Сұлтан қаласы,
№13 орта мектептің
биология пәні мұғалімі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.