Home » Ашық сабақтар » Отбасы – аяулы алақан мекені

Отбасы – аяулы алақан мекені

     

   (тренинг)

 Мақсаты: Оқушының ата-анаға деген махаббатын нығайту. Отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, үлкенді сыйлауға, сыпайы, ілтипатты болуға тәрбиелеу.

Барысы: Сәлеметсіздер ме, құрметті оқушылар! Отбасы апталығына байланысты бүгінгі «Отбасы – аяулы алақан мекені» атты тренингке қош келдіңіздер. Отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші, білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата-анаға үлкенге қызмет етіп, әкеңнің еңбегін, анаңның ақ сүтін өтеу – біздің борышымыз. Яғни, отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы.

Ал енді тренингімізді бастамас бұрын бір-бірімізбен сәлемдесіп алайық.

Сәлемдесу» ойыны

Мақсаты: Топта жұмыс жүргізу үшін жағымды ахуал орнату, қарым-қатынастың белсенді стилін және кері байланыс алу тәсілдерін меңгерту.

— Алдымен сәлемдесіп алайық, біз оны былай жасаймыз: кезек-кезек әр қатысушы өзінше сәлемдеседі және өзінің нақты (хоббиін), сүйікті ісін (неге қызығатынын, қабілеті неге икемді екендігін және т.б. айтуға болады) айтады. Ойын осылай жалғаса береді.

Талқылау:

  1. Қай ойыншының сәлемдесуі, сүйікті ісі сенің есіңде жақсы сақталды?
  2. Несімен жақсы сақталды деп ойлайсың?

 «Болашақ – білімді жастар қолында» сұрақ-жауап

  1. Балдан тәтті не? (бала)
  2. Шаңырақ иесі кім? (кенже ұл)
  3. Балаға кім сыншы? (ата-ана)
  4. Әкеден балаға беріледі (мұра)
  5. Үйде кім, елде кім қадірлі? (үйде қонақ, қарт, бала қадірлі; елде әкім, ұстаз қадірлі)
  6. Үйдегі алтын қазық кім? (ана)
  7. Бес дұшпанды атаңдар? (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)
  8. Қаз да емес, үйрек те емес, дастарханда болмайды. Бірақ барлық адам дәм татқан (ана сүті)
  9. «Басы тасқа тиді» сөзінің мағынасы? (өкінді)
  10. 18 жасқа толмаған адам (бала)
  11. Тәрбие мен білімнің ордасы (мектеп)
  12. Қазақстанда қандай білім алу міндетті. (орта білім)
  13. Бес асылды атаңдар (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)
  14. «Көзі ашық, көкірегі ояу» сөзінің мағынасы ? (оқыған)
  15. Жігіттің үш жұрты (өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты)

Жарайсыздар, жақсы. Енді сәл сергіту сәтін өткізіп алайық.

 «Сергіту сәті» (экрандағы қимылды бірге қайталау)

  • Біраз қимылдап сергіп алдық, енді келесі жаттығуымызға көшейік.

 «Айна, айна, мен қандаймын?» жаттығуы

  Нұсқау: Ортаға  ойыншы шығып  «Айна, айна, мен қандаймын?» деген сұрақ қояды. Қатысушылар ойыншының  бойындағы жақсы қасиеттерін айту керек.

Психолог сөзі:

    Көңіл күйлеріңіз қандай? — деп сұрақ қойылады. (қатысушының жауабы) Мінекей өз бойларыңыздағы жағымды қасиеттерді  естіген  жағдайда   көңіл күйлеріңіз көтеріліп, ішкі ойларыңызға  керемет  әсер  қалдыратынын сезіндіңіздер.

  Адам баласы  өмірінде ұрпағының  тәрбиелі үлкен азамат болғанын армандап жүреді. Ең бірінші  тәрбие отбасынан  сосын  балабақшадан, мектептен,  әлеуметтік ортадан  қалыптасады екен. Бала дүниеге келгенде ақ парақ сияқты пәк, таза  болып келеді. Оның бойында  үш түрлі мінез қалыптасады екен. Бірінші мінез – ол ата-анасынан, екіншісі ұстазынан, үшінші достарынан. Яғни әр адамда үш мінездің біреуін ғана таңдап қалыптасатындығын айтуымызға болады.

 «Ашулы  шарлар» жаттығуы

   Нұсқау :  1-ші қатысушы  ортаға шығып шарды үрлеп, оны байлайды. Шар адамның денесін бейнелейді, ал оның ішіндегі ауа – сезімін. Қатысушы аяқтарымен шарды жару керек.

Кері байланыс:

  1. Шарды жарғанда қандай сезімде болдыңыздар?
  2. Ашудың осылай шыққаны дұрыс жол ма?

   Нұсқау:  2-ші қатысушы да шарды үрлейді. Бірақ байламай ұстап тұрады. Бұл шар ашу толы сезімді білдіреді. Шарды жайлап аузынан жарты ауасын жіберу керек. Шар кішірейеді, бірақ жарылмайды. Қатысушы шардағы ауаны толығымен шығарады.

Кері байланыс:

1.Бұл нені білдіреді?

  1. Шардағы ауаны жайлап шығарғанда қандай сезімде болдыңыздар?

Психолог  тұжырымдамасы:

— Қатты жарылған шар  ол агрессияны білдіреді , ол – қатерлі жол.

— Егер біз ашуды бақылап шығарсақ, ол ешкімге зақым келтірмейді.

«Отбасылық құндылық ағашы»

Нұсқау: Үлкен ағаштың суреті тұр. Бұл сіздердің отбасылық құндылық ағашыңыз. Бірнеше берілген отбасылық құндылықтарды ағаштың тамырына, діңіне, бұтақтарына орналастыру. Тамыры сіздің ең негізгі отбасылық құндылық болып есептеледі, ағаштың діңіне орташа құндылықтарды, ал бұтақтарына отбасыңызға маңызды бірақ, қатты қолданбайтын, көп көңіл аудармайтын құндылықтарды орналастыру керек.

  1. Мықты денсаулық
  2. Достарыңа ашық есік
  3. Ауызбіршілік
  4. Ортақ қызығушылық
  5. Бір-біріңіздің жұмысыңызға араласу
  6. Қамқорлық
  7. Тәртіп
  8. Бос уақытыңызды бірге өткізу
  9. Сенімділік
  10. Ата-ананың сөзі – заң
  11. Ата-ана – отбасының үлгісі
  12. Отбасылық қарым-қатынас
  13. Махаббат
  14. Мейірімділік
  15. Шынайылық
  16. Сырт көзге үлгі болу
  17. Береке
  18. Үлкенге – ізет, кішіге – құрмет т.б. (өздері қалаған сөзді жазу)

Бейнеклип «Жанұя» (оқушылар бірге қосылып айтады)

 Қорытынды: Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Әке мен шеше – баланы әлеуметтендіретін басты тұлғалар. Ал біздер ата-ана берген тәрбиені бойымызға сіңіріп, үміттерін ақтауға тиістіміз. Сіздерге белсене қатысып, өз ойларыңды жеткізгендерің үшін рахмет. Арамызда тек татулық, бірлік болсын деймін. Әрбір отбасына бақыт, қуаныш, табыс тілейміз.

«Жанұя» Қайрат Нұртас

  1. Ой ойлатқан талай-талай өтті күндер алыс

Міне бүгін біздей үй-жәй, ол да біздің парыз

Өз үйіміз бір отан берекем

Қандай қызық бір қыдырсам жанұяммен бірге

Қайырмасы:

Аман болсын ата-анамыз бізді өсіріп баптаған

Аман жүрсін бауырымыз алыстағы аңсаған

Берік болсын босағамыз, отауымыз қосылған

Ең керегі тату-тәтті болсын менің жанұям

  1. Адал жаным сен қолыма гүл боп біттің менің

Тосу менен өтті талай күнім менен түнім

Шаршап келсем жұмыстан мен үйге

Жадырап сен қарсы аласың нұрын шашқан күнім

  1. Жанұяның бір қызығы арадағы бала

Онсыз үйде болған құт-береке сірә

Жастайымнан еркелетіп өсірген

Аман теңдесі жоқ ата менен анам

 

  Жумабаева Мирамгуль Утегалиевна,

БҚО, Орал қаласы,

М.Өтемісұлы атындағы облыстық

сауықтыру мектеп-интернатының

педагог-психологі.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.