Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған БҚО білім басқармасы басшысы Айгүл Мыңбаева биылғы оқу жылында оқушыларға қашықтан оқуға барлық жағдай жасалып жатқанын баяндады.
Жаңа оқу жылының екінші айында кезекті рет баспасөз мәжілісіне қатысқан басқарма басшысы өңірдегі 380 мемлекеттік мектептің 249-ы штаттық режимде, 131-і қашықтан жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді. – Бұл мектептердегі оқушылар контингенті 111 мыңнан асады. Олардың 22%-ы штаттық режимде, 48,6%-ы қашықтан оқытылуда. Бастауыш сынып оқушыларының 66,2%-ы, мектепалды даярлық сыныптарының 53,3%-ы кезекші сыныптармен қамтылған, – деді Айгүл Әділгерейқызы.
Биылғы оқу жылында 34 колледжде 17 мыңға жуық студент білім алуда. Алты колледжде сабақтар толық қашықтан оқытылуда, 19 колледжде оқу процесінің 60%-ы – қашықтықтан, 40% -ы зертханалық және практикалық, өндірістік оқыту сабақтары ретінде ұйымдастырылуда. Ауылдық жерлердегі контингенті аз сегіз колледждің оқушылары оқу процесі талаптарын сақтай отырып, штаттық режимде оқытылуда.
Облыстағы жергілікті жерлердегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының қаулыларына сәйкес 278 мектепке дейінгі ұйымдағы кезекші 1039 топқа ата-аналардың өтініштері негізінде 13172 бала тартылған.
Облыстың бас мұғалімі өз баяндамасында оқу процесінің жауапкершілігі де жоғары екенін жеткізді. Барлық штаттық режимдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің, колледждердің, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда. Білім беру ұйымдарында санитарлық нормалардың сақталуы – жергілікті әкімдіктердің және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қатаң бақылауында. Әкімдердің орынбасарларының төрағалығымен білім ошақтарындағы санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтар құрылған. Сонымен қатар қашықтан оқитын оқушыларды оқуға қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін табуда.
Қашықтан оқитын оқушылардың 12830-ы қайтарымды негізде мектептер балансындағы компьютерлермен қамтылған. Оқушыларды компьютерлік құрылғылармен қамту үшін ҚР Үкіметі резервінен 14970 компьютерлік құрылғы, яғни компьютер, ноутбук, планшет сатып алуға қаражат бөлінген. Нәтижесінде Батыс Қазақстанға бүгінге дейін 4653 құрылғы жеткізіліп, аудандарға және Орал қаласына үлестірілген. Оларды таратуға «Ақжайық адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңес мүшелері, қоғамдық ұйым өкілдері тартылған.
Қашықтан оқитын батысқазақстандық оқушыларға әлеуметтік жағдайларына қарай түрлі көмектер көрсетілуде. Компьютерлік құрылғыларды таратуда да олардың әлеуметтік санаттары ескерілген. Облыс бойынша екі мыңға жуық оқушы арзандатылған «Білім» тарифімен білім беру ұйымдары арқылы қамтылған. Қашықтан оқыту үшін әр мектеп мұғалімдердің сұраныстарына сәйкес Bilimland, Edupage, Дарын онлайн-білім платформаларына қосылған. Ал қашықтан оқитын колледждер googleclassroom, CollegeSmartNation, EDUS платформаларымен жұмыс жасайды.
Оқу поцесіне келсек, 5-15 қазан аралығында 2-11 сыныптарда бөлімге 1 жиынтық жұмыс және 28 қазаннан бастап тоқсанға 1 жиынтық жұмыс өткізіледі. «Өзін-өзі тану», «Көркем еңбек», «Музыка», «Дене шынықтыру», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Қоғам және дін» пәндері бойынша жиынтық бағалау өткізілмейді.
Өкініштісі, күні бүгін облысымызда бес оқушыдан коронавирус жұқпасы анықталған. Олардың үшеуі – кезекші сыныптардағы бастауыш сынып оқушылары, екеуі – қашықтан оқитын балалар. Барлығы да инфекцияны ата-аналары мен туыстарынан жұқтырған. Басқарма басшысы балаларда клиникалық көріністер жоқ екенін, олар амбулаториялық ем алып жатқанын айтты.
Облыстық білім басқармасы басшысы А.Мыңбаева балалардың бос уақытын иімді ұйымдастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар дәстүрлі және қашықтан ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Жаңа оқу жылында ата-аналар мен оқушылар арасында туындайтын сұрақтарға жедел жауап беру үшін облыстық білім басқармасының 1301 call-орталығы, 87471127407 телефондары тұрақты іске қосылған. Мұндай call-орталықтар барлық аудандық және қалалық білім бөлімдерінде де жұмыс жасауда.
«Мектептердің оқу форматын өзгерту туралы шешімдер санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас санитарлық дәрігердің ұйғарымы негізінде ғана қабылданады» деді Айгүл Әділгерейқызы.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО