Home » Мақалалар » Қазақ елі пандемияны да жеңеді

Қазақ елі пандемияны да жеңеді

Мирзахметов Болат Мекемтасович,
«Көркем графика және дизайн»
кафедрасының оқытушысы,
ТарМПУ,
Жамбыл облысы,
Тараз қаласы

Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де,
болашақтың дидарын көзге елестету үшін де
кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек.
                    Н.Назарбаев

Әлемді дүрліктірген тәжі бар вирус бүгінгі таңда Қазақстанның әрбір аймақтарында анықталып жатыр. Мемлекетіміз вирустың өршіп тарамауы мақсатында аймақтарды карантинге жауып, барлық алдын-алу шараларын әлдеқашан жүргізіп кеткен. Алайда аты жаман вирус әлем бойынша 2,5 миллионнан астам адамда анықталып, 171 мыңнан аса адамның өліміне себепкер болып отыр. Ал Қазақстан аумағында 2 мыңға жуық адамға жұғып үлгерген деседі статистикалық мәліметтер қоры.

Вирустың ошағына айналған Қытай елінің Ухань қаласы екені баршамызға мәлім. Бастапқыда аты жаман індет жануарлардан адамға берілген болса, қазір адамнан адамға тарайтын емі табылмаған әлемдік проблемаға айналды. Пандемия деңгейіне жеткен короновирус адам шығынымен қоса әлемдік экономиякаға да әсерін тигізіп жатыр.

Қазақстан вирус тіркелген кезеңнен бастап халықты жаппай дерлік карантинге жауып, оқушылар мен студенттерді онлайн режиміне сабаққа көшіріп, жұмысшылардың жұмыс істеу уақытын қысқартып, азық-түлік пен дәріханадан өзгесінің барлығы жұмысын тоқтатып тастағаны белгілі. Ел қауіпсіздігі үшін арнайы бетпердесіз (маскасыз) дүкендерде сауда жасауға да тиым салынып отыр. Осы аталған шаралардың барлығы дерлік халық денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі үшін жасалып жатқандығының көрінісі. Десе де, «бұл індет қашан аяқталады?», «напақасын күндегісін күнде тауып үйренген отбасылардың халі не болмақ?», «тоқтап тұрған кіші кәсіптердің жұмысы алда қалай болмақ?», «үйде қамалған отбасының психологиялық хал-ахуалы өзгеріп кете ме?» т.б. сынды іште үрей тудыратын сұрақтар халықты алаңдатпай қоймайды.

Жоғарыда аталған заңды сұрақтар аясында ой тоздырғанымыз дәл қазіргі жағдайда біздер үшін оң шешім болмасы анық. Ел басымыздың: «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады» деген сөзін тиек ете отырып, көк байрақтың астында татау-тәтті өмір сүріп жатқан еліміздің өткеніне зер салсақ.

«Жұт – жеті ағайынды» демекші, қазақ халқының басынан 20 ірі жұт өткен.        XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы аштық пен 90-жылдарындағы еліміздің жағдайы еліміздің ертеңін жасар ұлтының жойылып кету қаупі де төніп тұрды. Ел іргесін жинау үшін қаншама ғасыр, жылдар өткені тағы рас.

КСРО бойынша жаппай ұжымдастыру барысында ең көп адам шығыны қазақтар құрағаны тарих шындығы айтып тұр. Демографтардың мәліметтеріне сүйенсек қазақтар 4 миллионнан астам адамынан айырылған. Әбден ашыққан қазақтар шекаралас Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан арқылы Моңғолия, Ауғанстан, Иран және Түркия сияқты елдерге асып кеткені тағы бар. Қолдан жасалған аштық зардабы демографиямызды әлсіретіп қана қоймай, санамызды әбден улай түсті.

Ал 1980 жылдың соңы мен 1990 жылдың басындағы Қазақстан жағдайы да халқымыз үшін оңайға соқпады. Советтік жоспарлы экономиканың нарықтық экономикаға көшуі, билік формаларының өзгеруі қарапайым халықтың күн көруіне қиындықтар әкелді. Оқуын тастап, күнкөріс қамын ойлап қаншама отбасылар саудаға кетті. Жалақысыз қаншама адам жұмысын жалғастырды. Жұмыссыздықтан ауыл жұртшылығы қалаға үдере көшіп жатты. Тамақ, киім дефициты, талонмен дүкендерде кезекте тұрған ата-аналар қазіргінің дастархан мәзірін тіптен елестетпеген де еді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақстан төрт экономикалық кризисті басынан өткерген болатын. Енді ғана іргесін жинап үлгерген дамушы жас мемлекет үшін бұл оңайға соқпады. Мемлекет басшылығының кризиске қарсы «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» бағдарламалары ел экономикасында шешуші рөл атқарды.

Қазіргі таңда халқымыздың тарихын жаңғыртып, санасын трансформациялайтын бірден бір мемлекеттік бастама — « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы. Ел басымыз бір сөзінде: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»,- деп үлкен көрегенділікпен барша халықты жаңа белестерден білім, жігерімізбен өтуге шақырып отыр.

Онын айғағы ретінде бағдарлама бойынша әр салада еңбек етіп жатқан үздіктерді жұртшылыққа үлгі етіп, білім мен ғылымның дамуына жол ашып отыр. Еңбек етіп, өзін-өзі дамытамын деген әр азаматқа қазіргі кезде мүмкіндік те өте көп. Тіптен, вирустан оқшауланған жағдайдағы қазақ азаматтары үшін онлайн білім алу, жұмыс жасау, білім беру, кәсібін ары қарай жалғастыруға онлайн платформалар да бар және дамып жатыр.

Қазақтың біртуар ақыны Абай елімізді пендеге біткен, соның ішінде қазаққа тән жаман қасиеттерден құтқарар жол білім, ғылым, өнер үйрену деген болатын. Демек, қаншама қиын кезеңді бастан өткеріп келген еліміз бүгін де өзінің асқан рухын танытып, қанға біткен күш-жігермен ой-санасын, тәнге емес, жанға қажеттілерді дамыту үшін карантин уақытын тиімді пайдалана алады деген сенімдеміз. Кезінде қаншама соғысты найзаның ұшымен, білектің күшімен жеңген еліміз, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған вирусты кемел білімі және отты жүрегімен жеңіп шығары анық.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.