2020 жылы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген азаматтардың саны 130 мыңнан астам адамды құрайды, оның ішінде 20 454 – колледж және өткен оқу жылдарының мектеп түлектері. Халық көп шоғырланған жерлерге баруды болдырмау мақсатында Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштерді қабылдау 2020 жылдың 15 сәуірі мен 10 мамыр аралығында онлайн және дәстүрлі түрде өткізілді.
ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов өтініш берудің жаңа форматы ҰБТ тапсыруға ниет білдірушілердің санын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«82% — рекорд орнаттық! Биылғы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген мектеп бітірушілердің көрсеткіші осындай. Жыл сайынғы 70%-дық көрсеткіштен асып түстік. Онлайн форматтың артықшылықтары көп, ең бастысы, мектеп түлектеріне толықтай еркіндік беріп отыр. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін мектеп әкімшілігі тарапынан білім деңгейі төмен оқушылардың тестілеуді тапсыру мүмкіндігін шектеу фактілері орын алған. Енді бұл мәселеге шешіліп, мектеп түлектеріне толықтай еркіндік беріліп отыр», – деді Д. Смағұлов.
Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ және шетелдегі оқу орнын бітірген адамдар үшін ҰБТ-2020 құжаттарды қабылдау 2020 жылдың 15 мамырына дейін ұзартылды.
ҰБТ нәтижелері тестілеу өткізілген күні беріледі, сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланады.
Тестілеуге кіргізу барысында тыйым салынған затпен анықталған тұлға тестілеуге жіберілмейді және осы жылы ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айрылады.
Айта кеткен жөн, ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 25 тамызына дейін бейнебақылау жазбалары талданып, оқуға түсушінің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталған жағдайда, оның ҰБТ және білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері жойылады.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі