Home » Ашық сабақтар » Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары

Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары

“Шын хакім, сөзің асыл- баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес”
                                             Мағжан Жұмабаев

 

 Жұмабаев.    Абай – қазақ поэзиясының тәңірі, құдіретті ақыны, қуатты таланты. Биылғы жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы шешім қабылдағанын білеміз. Осы орайда студенттерден бастап, өнер адамдары, саясаткерлерге дейін ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқып бастаған  болатын.Президент бастамасынан кейін ұлы ақынды ұлықтаудың жан-жақты дайындық жұмыстары басталып кетті.Мерейтойға орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатын болды.
    Н. Ә. Назарбаев «Абайды тани алмаған қазақ, дүниені де танып жарытпайды» деген. Абайды оқып, таныған сайын оның жаңа сырларына қанық боламыз. Бірақ Абайдың шешілмеген сырлары көп. Абай біз үшін мәңгілік жұмбақ құбылыс. Ал ол туралы ашылмаған сырларды тану – мұрат, Абай шыққан биікке талпыну – парыз.  Абай шығармаларын оқи отырып, біз оның ақындық ойының түпсіз тұңғиықтығына, ақындық сезімдерінің әсерлілігі мен шексіз байлығына, тазалығы мен мөлдірлігіне таң-тамаша қаламыз.Абай қазақ халқының рухани көсемдерінің бірі емес, бірегейі. Баршаның мақтан ететін ойшыл да сыршыл данышпанымыз. Ұлы ақын өзі өмір сүрген қоғам келеңсіздіктерін көріп өскендіктен, солардың бәріне де қарсы болып, ел бірлігін аңсады, мәдениетті елдердің қатарына жетуді, азат ел болуды арман етті.Бүгінде ақын арманы орындалды.
Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары, Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы – заңдылық.
Абай насихаты – ынтымақшыл, арлы, адал, еңбекқор, иманды, талапты, үлкен жүректі кісі болу.Ол өмірін бос өткізіп жүрген жастарды қатты сынайды. Әсіресе, пайдасы үшін арын сатқан, екіжүзді адамдарға жиіркенішпен қарайды.
«Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық;
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық», – деп, білімге құштарлықты, адал еңбекті насихаттайды.
Абай сондай-ақ «Адам  баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват», – деп әр адамның заманға, заманның адамға әсерін сөз қылады. Осылайша, Абай заманды қалыптастыратын адамдардың өздері екендігін, сондықтан, әркім өзін дамытуға, өзін тәрбиелеуге күш салуы керектігін меңзейді. Ол, сонымен қатар, «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деп, адамның кез келген уақытта өзін қолына алып, түзеле алатындығын айтады.
Абай атамыздың шығармашылығы – даналықтың, рухани жаңғырудың негізгі көзі. Абай – қазақтың, адамзаттың ұлы. Абай – қайта тумас бір әлем.
Н.Ә.Назарбаев «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер…» деген  баға берген болатын.Олай болса, мен де  келешек ұрпақты Абайдан үлгі алып, барынша Абай тұнығына бойлауға шақырар едім.

Нұр-Сұлтан қаласы
Мәшhүр Жүсіп атындағы
№57 орта мектептің
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Абуова Зура Султановна

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.