Home » Жаңалықтар » Абай мұрасын жас ғалымдар талдады

Абай мұрасын жас ғалымдар талдады

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты және қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Абай мұрасы жас абайтанушылар зерттеуінде» тақырыбында жас зерттеушілердің онлайн ғылыми-семинары болды. Ғылыми семинардың модераторы профессор, ф.ғ.д. Жанат Әскербекқызы.

Биылғы жылы Қазақстан үшін даналық пен даралықтың шыңына айналған ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор Абайдың шығармашылығы, ұлылығын дәріптейтін, насихаттайтын жыл болып отыр. Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомар Тоқаев: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емес­піз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абай­дың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет», -деген болатын. Ел президенттінің салмақты сөзі Абай шығармашылығының ел арасында насихатталуы қолға алынғаны белгілі. Ұйымдастырылып отырған ғылыми-семинар осының тағы бір дәлелі.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы ғылыми-семинардың алғашқы беташарын ашып, семинарға қатысып отырған жас ғалымдарға сәттілік тіледі.

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, т. ғ. к., доцент Ерлан Ерназарұлы  және «Абай академиясы»  ҒЗИ директорының орынбасары-мәтінтану және әдеби зерттеулер бөлімінің меңгерушісі,  педагогика магистрі Жанбота Тасболатұлы  қатысып, Абай мұрасының жастар арасында талқыланып, жас ғалымдардың заманауи бағасын алып жатыр, — деген баға берді.

Ғылыми-сминарға Алтай мен Атыраудың арасындағы жас абайтанушы ғалымдар қатысып, Абай шығармашылығындағы кейбір айтылмаған тұстарынан зерттеу жүргізіп, ғылыми тұжырымдарын айтты.

Шәкәрім университетінің Халықаралық факультеті деканы,  PhD доктор, қауымдастырылған профессор Жундибаева Арай Канапияновна «Абай және Эзоп, Ксенофонт ойлары» деген тақырыпта баяндама жасады. Оқылған баяндаманың мазмұны терең, ғылыми деңгейі жоғары.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының PhD докторы, аға оқытушы, Нұриманов Бекарыс Тілегенұлы «Абай шығармашылығына қатысты ғылыми жарияланымдарға шолу» ( Web of science және Scopus  т. б) тақырыбында баяндама оқыды. Баяндамашы Абай туралы шыққан Отандық және шетелдік ғалымдардың мақалаларына шолу жасады.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Немат Келімбетов атындағы түркітану орталығының бас ғылыми қызметкері,  PhD доктор Марлен Әділов «Абай шығармаларының лексикалық ерекшеліктері» деген тақырыпта баяндама  оқыды.  Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының докторанттары мен магистранттары Абай шығармашылығына және бүгінгі әдебиеттанудың өзекті мәселелеріне арналған көркемдік деңгейі жоғары, мазмұны терең баяндамалар оқыды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: ««Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де халқымыздың Абайға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының сан қырларын ашып, жаңа қырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», деген болатын. Ғылыми-семинарға қатысқан барлық жас зерттеушілердің  істеріне сәттілік! Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр,- дейді. Сіздерде әдебиет айдынында мәңгі жарқырай көрінулеріңізге алла сәтін салсын!

Қазақстан Республикасы
Журналистер Одағының мүшесі
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
Нұр-Сұлтан

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.