Home » Мақалалар » «Тәрбиеші болу – бақыт!»

«Тәрбиеші болу – бақыт!»

Ақмола облысы, Щучинск қаласы
          МКҚК «Ақбота» бөбекжайының
                         ІІ санатты тәрбиешісі
          Бахтыбаева Ұлжалғас Шериевна

           Адамның өмірінде болашағына жол сілтейтін бір маңызды шешім қабылдайды. Бұл – кәсіп таңдау. Кейбір жоғарғы оқу орнын бітірушілер кәсіби бағыт беретін саланы таңдайды, ал мен «Тәрбиеші» мамандығын таңдадым.

Тәрбиешінің жұмысын жеңіл деп айтуға болмайды. Бұл тынымсыз күнделікті жұмыс, менің мойынымда кішкентай баланы тәрбиелеу үшін үлкен жауапкершілік жататынын білсем де, дұрыс мамандық таңдағанымды білемін.

Балалардың жарқын жүздері, күлкісі, ата-аналардың ризашылығы соның белгісі. Біздің мамандық басқа мамандық сияқты емес, махаббатпен қоршалған,шынайы махаббатқа толы. Мен балалардың анасындай ,оларды жақсы көремін. Әр істеріне, сөздеріне, қылықтарына түсінушілікпен қараймын.

Әр бала бөбекжайға келгенде, өз үйіндегідей жылулықты сезініп, өзін еркін ұстап ,бөбекжайды өзінің екінші үйіндей санаса, ол-тәрбиешінің зор еңбегі.

Мен «Ақбота» бөбекжайында жұмыс істегеніме біршама жыл өтті.  Өзімнің бөбекжайымды жақсы көремін, және де ата-аналарыма, әріптестеріме бөбекжайымды өлең арқылы сипаттаймын.

«Ақботаға» келіңіздер,
Кереметін көріңіздер.
Бөбекжайды көркейтуге,
Үлес қоса біліңіздер!.

Мен өз мамандығымды жақсы көремін, өйткені балалармен өсіп, жетіліп, олармен бірге бақытты балалық шақты бастан кешемін. Менің нақты білерім мен дұрыс таңдау жасадым.

Біз балаларымызға ертегімен, өлең жолдарымен, өзіміздің сиқырлы қорымызбен ақыл айтуымыз керек. Бөбекжайдағы тәрбие-барлық тәрбиенің бастамасы. Тәрбиеші-балаларды адам мәдениетінің әлеміне, күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың ортасына ертетін үлкендердің бірі.

Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз бөбекжайдағы бүлдіршіндерді жақсылыққа баулуға, тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз және міндеттіміз.

«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы»,- дейді ғұлама А.Құнанбаев атамыз.

Әр мамандықтың өз қиындығы, өз қызығы бар. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де, қызықты да. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан соң үйге келгенде, қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күнді талдай отырып, балаларымның маған деген ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарын бір сәт еске түсірсем, шаршағаным ұмытылып та кетеді.

Мен суретші, әрі әртіс, әрі баланың жан дүниесін түсіне алатын маман ретінде балаларымды тәрбиелеуге халқымның бұрыннан келе жатқан құндылықтарды бойына сіңіріп, ойына ұялатуға тырысамын.

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе — ас бер, он жыл қалғың келсе — ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе — бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой — өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек, бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
«Білерім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар, алар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда. Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін — зердесі кең, алыстан қарасаң — кербез, жақыннан қарасаң — кішіпейіл. Жүзіне үңілсең — мейірімді, жанына үңілсең — шуақты көрінбек.
Міне, осындай кербез, кішіпейіл, мейірімді, шуақты тәрбиеші атансам — адами парызымның орындалғаны болар. Күнде ертеңгісін бөбекжайда жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін… Бөбекжайға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу қызметін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен?..
Әрине, әрбір оқу қызметіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін. Балалар әдебиетінің атасы Ы. Алтынсарин «балалармен қысқа, ашуланбай, байсалды сөйлесу, мағыналы сөздермен түсіндіру керек» деп кеңес береді. Ал, сәби жүрегіне қонымды жауап беру үшін, мен күнделікті оқу іс — әрекеттерді шынайы, жақсы, қызықты өткізуге тырысамын. Әр оқу қызметімнің сәтті шығуы бірінші кезекте, әрине, тәрбиешілер қауымына – өзімізге байланысты.Тәрбиеші баланы жан-тәнімен сүйіп,  рухани қуат беруі қажет деп ойлаймын. Мейірімділік, шыдамдылық, кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана мен өз мәртебемді көтере аламын. Балаға үнемі қолдау көрсету — менің ізгі ұстанымым.
Менің педагогикалық ұстанымым – кішкентай бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Болашақта тәрбиеленушілерімнен Қазақстан елінің жарқын да, белсенді азаматтары болады деген үлкен үміт күтемін және сол үмітімнің ақталарына сенемін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.