Home » Мақалалар » Тәрбие жұмыстары тұраламақ емес

Тәрбие жұмыстары тұраламақ емес

 Агатаева Орал Сейілханқызы
№114 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Соңғы кездері коронавирус пандемиясы кесірінен талай саланың тұралап қалғаны жасырын емес. Дегенмен білім саласы «хоумскулингті» жете меңгерді демесек те, біршама жетістікке жетіп жатқанын көз көріп жүр. Солардың бірі — Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты №114 жалпы білім беретін мектебіміз.

Өткенге шегініс. Биыл көктемде елде төтенше жағдай жарияланып, соның салдарынан абдырап қалғанымыз шындық. Бірақ ел есін тез жиды. Білім саласы да дереу қашықтан оқытуды қолға алды. Біздің мектебіміз де бұл үрдістен қалыс қалған жоқ. Оқу-тәрбие жұмыстары онлайн бағытымен түзу жолға түсті. Батыс елдеріндегідей оқыту технологияларын жетілдірмесек те, қашықтан оқытудың қол болатынын көрдік, сездік, соған ұмтылдық.

Оқу процесі Online Mektep, BilimLand және Daryn Online сынды платформалары арқылы өз арнасына түссе, тәрбие жұмыстарын ZOOM, WhatsApp, Instagram желілерімен дамыта түстік.

Арыға бармай-ақ қоялық. Желтоқсан айының өзінде-ақ тәрбие жұмыстарына арналған іс-шаралар жиіледі. Тіпті бір айта кетерлігі, оқушылар да осыған төселіп алды.

Енді жұмыстар жөнінде сөз қозғай кетсек, «Менің Қазақстаным!» тақырыбында  №114 ЖББ мектебінде  8-9 сынып оқушыларының арасында қашықтан шығарма жазу байқауы өтті. Оны өткізудегі мақсат оқушылардың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесін қалыптастыру, балалардың әдеби-шығармашылық дарынын дамыту және балалар мен ата-аналардың шығармашылық жұмысты бірлесіп орындауына ықпал ету. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылық дамуына және өз ойын жүзеге асыруына қашықтық форматының ықпалын кеңейту болатын. Оқушы да, мұғалім де осы үрдіден шыға білді. Үздік деп танылған жұмыстар 1,2,3 орындарды иеленіп, олар онлайн форматта мақтау қағаздарымен марапатталды.

Әрине, мұндай іс-шаралардан оқушыларымыздың ой-өрісі кеңейіп, шығармашылық бағытта шабыттары арта түсетіні белгілі.

Әрі қарай мектебімізде 1 «Б» және 9 «Б» сыныптар аралығында «I LOVE YOU KAZAKHSTAN»  тақырыбында онлайн флешмоб өткізілді. Балалардың бойында отансүйгіштік қасиетті оятып, оның патриоттыққа ұласуын қамтамасыз ететін бұл істі оқушылар тез қағып алып, одан әрі дамыта түсті.

Сол сияқты «Менің Қазақстаным» тақырыбында онлайн сурет байқауы өткізілді. 6-7 сынып оқушылары жарыса қатысқан байқау да өз мақсатына жетті.

Елдегі күрделі ахуалға қарамастан, оқушы – оқушы, мұғалім – оқушы байланысы үзілген жоқ, үзілмек те емес.

Жалпы, әлемнің алпауыт елдеріндегі үйде оқытудың үздік әдістерін меңгеруіміз керек. Ол үшін мұғалім үнемі ізденіс үстінде болғаны жөн. №114 жалпы білім беретін мектеп басшылығы мен ұстаздары, жас мамандары мұны жете түсініп, үйде оқытудың қыр-сырын талмай үйреніп жатыр деуге әбден болады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.