Home » Мақалалар » Ұлы даланың Ұлы тұлғасы

Ұлы даланың Ұлы тұлғасы

Жұмажанқызы Тұрсын
Маңғыстау облысы
Қарақия ауданы Мұнайшы ауылы
 №7 орта мектеп   КММ
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

«Адам болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек адамға» — деп заманымыздың  заңғар ақыны М.Шаханов айтпақшы артына үлгілі із қалдыру үшін алдымен ойлы мақсат пен үлкен арман керек. Мен осы орайда Әбу Насыр Әл-Фараби туралы айтқым келеді.

Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ол парсы, грек тілдерін үйренеді, осы тілде ғылыми трактаттар оқиды. Фараб пен Бұқарада бастапқы білім алған соң Әл-Фараби білімін жетілдіру мақсатында Бағдатқа аттанады. Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің ғылыми дәстүрлері мен философиялық бағдарлары өз әсерін қалдырды. Білімге деген құштарлығының арқасында Әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұқара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында да болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. Өзінің білімі мен сауаттылығының арқасында «Екінші ұстаз» атауына ие болды.                                     Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор, ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка   мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталады.

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең менше сүй — деп қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз айтқандай Әбу Насыр Әл-Фараби әнді жанындай жақсы көрген. Ол ән айтқанда хан да, сұлтан да таңғалып, тамсанып тыңдайтын болған. Оның атақты «Музыка туралы үлкен  трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.

Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең менгергенін дәлелдейді. Фараби «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты  көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады.

Әл-Фараби ел басшылығына лайықты, осы көрсетілген қасиеттердің бәрі бойында бар тұлғаның сирек кездесетінін атап өтеді. Сондықтан, бұл қасиеттер екі тұлғада жиналса, онда олар бірігіп басқарсын дейді. Ал екі адамның бойынан табылмай, төрт-бес адамнан табылса, олар бірге қосылып басшылық жасауы керек. Сонымен қатар, ел басына керек негізгі қасиет – ол даналық. Егер белгілі бір уақытта елдің басшылығында даналық болмай қалса, онда елдің бірінші басшысы тіпті болмай-ақ қойсын, ондай қалаға қауып төнеді,- деп ескертеді ұлы ойшыл.

Әл-Фараби есімі көптеген Еуропа елдеріне ертеден танымал болып, ХII-ХIII ғғ. өзінде-ақ оның философиялық трактаттары ежелгі еврей және латын тілдеріне аударылды. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі әрі нақты зерттеу оның трактаттарының мәтіні мен аудармаларын басып шығарумен қатар, зерттеу жұмыстары ХVIII-XIX ғғ. ортасында шыға бастады. Ортағасырлық Еуропа классикалық ежелгі грек философиясымен көп жағдайда Әл-Фараби еңбектері арқылы танысты. Мәселен, XII ғ. кезінде оның «Ғылымдар классификациясы» деген еңбегі латын тіліне екі рет аударылды. «Сананың мәні туралы», «Сұрақтар негізі», «Бақыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен басқа да еңбектері XII ғ. бастап XVII ғ. дейін латын тіліне бірнеше рет аударылды.

Әл-Фараби Платон және Аристотель сияқты қалалардың классификациясын жасайды. Ол мінсіз  қаланы «адамның шынайы өмір сүруі, және оның өмірін сақтауы, тамаша заттарға қол жеткізуде адамдар бір-біріне көмектесетін қала» деп сипаттап, ол қаланың атауы «қайырымды қала» дейді. Әл-Фарабидің қайырымды қаласында қауымдар көп. «Қайырымды қалада бес бөлім бар: аса лайықты тұлғалар – ораторлар, есепшілер, батырлар және байлар. Кейін дін қызметшілері. Байлар — ол қаладағы байлықты сатып алатындар, жер иеленушілер, малшылар, сатушылар  және оған сәйкес келетіндер». Фараби бұл туралы былай дейді: «Әр адам  өзінің табиғаты бойынша былай орналасқан, адам өзінің өмір сүруі және жоғары дамуға қол жеткізу  үшін және жалғыз өзі қол жеткізе алмайтын  көптеген заттарға және оның мұқтаждылығын ескере отырып  қандайда бір затта бере алатын адамдар  тобынан  кейбір  заттарға қажетсінеді». Адамның табиғатынан көмекті қажетсініп, қоғам құруға бейілді екенін және қоғамның түрлері көптігін айтады. Себебі әрбір адамның тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандайда болмасын қауым керек.

Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп екіге  бөлді. Қайырымды, білімді , мәдениетті басқару – халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам  басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Осы еңбегiнде ол «Бақыт дегенiмiз – игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең үлкенi және ең жетiлгенi. Артынан мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайларда адам бақытқа жете алмайды. Әрекетіміз дұрыс болуы үшін біздің соған баратын жолымыз қандай болуы керек екенін, ал ойдағыдай болуы үшін жанымыздың аффектісі қандай болуға тиіс екенін және жақсы ақыл-парасатқа жету үшін ол парасат қандай болуға тиіс екенін анықтап алуға тиіспіз» деп атап көрсетедi және әр адамның оған толық құқығы бар дейдi.

Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылығы 33 және негiзгi белгiсi-жоғары тәртiп пен оның тұрғындарының мәдениеттiлiгi, сыпайыгершiлiгi және билеушiлерiнiң қайырымдылығы, ақыл-парасаты. Сондықтан әл-Фараби бұндай қалалардың өмiр сүруi өзiнiң бiлгiрлiгi мен ұстамдылығына толық жауап бере алатын билеушiге тiкелей байланысты деп тұжырымдайды. Ізгілік – адамның басты құндылығы. «Кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе: ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі — ұят, үшіншісі — әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады»-, дейді Жүсіп Баласағұн. Сіздергеде қызметтеріңіз ізгі, бақытқа әкелсін.

Әбу Насыр Әл-Фараби ең әуелі ұстаз, ағартушы, оның бүкіл философиялық ізденістері мен пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Ол – адамдарды шынайы бақытқа жеткізу жолдарын табуды мұрат тұтады. Ұстаздың айтуы бойынша адам ғылым, философия, тәрбие арқылы кемелдікке жетеді. Ол шартты түрде адамды нағыз бақытқа, мұратқа бастайтын негізгі кредосы — адамдар бақыт жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір сүруі ләзім.

Бала тәрбиесі қоғам мен халықтың балаларды оқыту жөніндегі қамқорлығы, жастарды халық өміріне байланысты білімдермен қаруландыру, балаға оның жеке және жас ерекшеліктерін ескеріп шын жүректен қамқорлықты қарым-қатынас мұның бәрі ұлы ұстаздың педагогикалық жүйесінің құрамдас бөлігі.

Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарының көзқарастарымен», «Философияның дінді қажетсінбеуі» т.б. философиялық трактаттарында шеңбер-қала болмысы жер шарындағы он сегіз мыңда бір Ғаламдағы тіршіліктің шағын моделі түрінде алынып, адамзат баласын несібелі бақытқа кенелтетін ізгілік пен әділет етіп көрсетеді. Игілік, байлық атаулы — өткінші дүниенің, пәнидің ғана өлшемі, ал ізгілік бақыт ұғымдары — мәңгіліктің бақилықтың жолы. Ізгілік –                                         имандылықтың сәулесі. Жүрегінен иманы тайған, нәпсісін ынсабын тыймаған жан адамзат баласына жазмыш ілім-білімді, тағлым тәжірибиені ізгілік жолына емес, кесірлі кесапатқа, теріс пиғылға пайдалануы мүмкін, жүрегін таза ұстап, иманына кіршік түсірмей, рухани кемелдікке талпынған тұлғалар ұлы жаратушы деңгейіне жақын сатыға көтеріліп, жер бетіндегі тіршілік сырын бағамдай алады. [6,133].

Ұстаздың пікірінше, оқу, білім алу, ғылым адамы болу, адамгершілік және тәрбие мәселелерімен тығыз байланысты. Мәселен, «Философияны үйрену үшін алдын-ала не қажет» деген еңбегінде бірінші алғышарт ретінде жан тазалығын, ар тазалығын қойған. Адам өмірі үшін, әсіресе ұстаздарға бұл құралдың қажеттігі түсінікті. Ұстаздың негізгі мақсаты – өз шәкіртіне білім беріп, ізгілікті мінез-кұлыққа тәрбиелеу деп білсек, сол тиянақты білім, ізгілік ұстаздың өз бойында болуы шарт. Егер де өзінің бойында кездеспейтін болса, онда логика саласында надан деп есептелініп, қайсыбір мәселеде кімдікі жөн екенін, оның қалайша жөн екенін ажырата алмайды. Бұл жағдай ұстаз бойында кездесетін болса, сөзсіз оның беделін түсіріп, өз шәкірттерінің мінез-құлық, іс-әрекеттеріне дұрыс баға бере алмағандықтан, олардың арасында түсінбеушілік, кейде бір-біріне деген дөрекілік, жүрген жерде әрине, логика, парасаттылық туралы дұрыс түсінік болуы мүмкін емес. Сол себепті шәкірттің ой-талағамын жетілдіру, оның іс-әрекет жасауына көмектесу – ұстаз парызы.

Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол адам баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Әл-Фараби жасаған қорытындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде.

Әл-Фарабидің гуманистік идеялары әлемге тез тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Әл-Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол – өмір шандығының өзіне тән қасиетті, болмыстың, нақты құбылыстардың әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды. Әл-Фараби тәрбиеге гумандылық бағыт берді, ол барша адам баласын достыққа, адамгершілікке шақыра отырып, адамзат баласын мұрат-мақсатына жеткізуді көздеді. Фараби ағартушылық пен парасаттылықты жақтаған үлкен гуманист. Ол халықтарды бейбіт өмір сүруге шақыра отырып, адам баласын білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер.

Әл-Фараби тәрбиенің, оның ішінде еңбек тәрбиесінің теориясы ғылымға негізделуі қажет деп санады. Ол ғылымды тарихи үрдіс деп түсініп, ғылым жүйелі түрде құрылған білімнің жоғарғы формасы деген анықтама берген. Фараби өмір сүрген дәуірде педагогика ұғымы болмағаны белгілі. Алайда ол оқу-ағарту мен тәрбие туралы, еңбек мәдениеті туралы ілім жасады. «Еңбектің өзі – өнер. Ал еңбек тәрбиесі сол өнерден туындайды, әрбір адамды еңбекке баулиды, еңбек шеберлігіне үйретеді. Олардың еңбек ету дағдысьн қалыптастырады», – деген болатын Фараби. Ол еңбек өмір сүрудің негізі, адамзат тіршілігінің мәңгілік, табиғи шарты деп қарастырды. Педагогикалық тұрғыда қарастырсақ, бұл тұжырым – «оқушыларға саналы тәртіп, сапалы білім беру, пайдалы қоғамдық еңбекке баулу» деген сөз. Фараби еңбек тәрбиесінің теориясын жасауда еркін еңбектің адамның жан-жақты дамуы үшін маңызы зор екенін атап көрсетеді.

Фараби «еңбек ету, сапалы болу, адамгершілік, ақылдылық табиғаттан туындауы қажет»  деген ғылыми тұжырым жасады. Фараби адамды табиғат, адам, жер бетіндегі тірі организмдер дамуының ең жоғары сатысына көтерілген, еңбек құралдарын жасап, оларды өз қажетіне жарата білген, түсінікті сөз сөйлей білетін саналы ортаның мүшесі дейді. Адам туралы материалистік бағытты ұсынған Фараби адам еңбек ету нәтижесінде жоғары сатыға көтерілетінін алға тартады.

Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы Фараби ұсынған гуманистік идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағартушылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр. «Біздің міндетіміз – бақытты адам тәрбиелеу. Бақыт материалдық жөне рухани игіліктерді өзімшілдік мақсатта тұтынуда адамзат мұраттары мен кұштарлықтарынан тыс та оқшау өзіне ғана тән жан рахатын беретін кішкене дүние жасауда емес. Азаматтың бақыты – асқақ та биік мақсат – жаңа өмір жолында жасампаз рухани күштердің гүлденуін терең сезінуде.

Кемеңгер ұлы ғалым ұстаз туралы былай деген екен: «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны жақындарына да жай адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақындық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек». Расында да, жасампаздыққа жаны құмар, өнер мен білімге құштар, болып жатқан құбылыстарға саналы түрде әділ баға бере алатын педагог – бүгінгі қоғамның мұқтажы, сұранысы, қажеттілігі.

Ол осынау өмірін  ғылым мен білімге арнады.  Ол дүниенің бар рахатынан  безініп, бар өмірін ғылымның шексіз тереңіне бойлай, білім кемесіне мініп алып, ұлы тұлғалардың өмірін өзіне үлгі ете отырып, бар өмірін еңбек етіп, тер төгумен ғылым жолына сарп етеді.

«Білімдінің күні жарық, білімсіздің күні қаріп» деген екен дана халқымыз. Әбу Насыр бабамыздың ғылым жолына өз үлесін қосқан бүкіл әлемді шарлап, ғылым мен білімнің құпия сырларын жетік меңгергені үшін кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге, өлмес мұра, ең асыл қазына деп ойлаймын.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.