Тіл – адам жанының тілмашы
Қазақстандық білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер қатарына шоқтығы биік болып әрқашан мемлекеттік тілді меңгерту мәселесі тұрады. Тіл — адамазат баласының рухани күш қуаты, елдігіміздің тірегі де тілегі, сол себепті де оны қазақ халқы ғана емес, елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдері де құрметтеп, үйренуі тиіс.
Мемлекетіміздің кез келген оқу орнында қазақ тілі ана тілі және мемлекеттік тіл ретінде оқытылады. Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептерде қазақ тілін оқыту әдістері өзгеше. Ол өзге тіл есебінде жүргізіледі. Мемлекеттік тілді өзге ұлт мектептеріндегі оқушыларға үйрету — аса күрделі ізденісті қажет ететін жұмыс. Өзге тілді ұлт мектептеріне қазақ тілін оқытудың жаңа технологиясы тілдің коммуниктивтік қызметін ескере отырып, оны коммуникативтік танымдық жағынан меңгертуді көздейді. Қазіргі кезде тілді коммуникативтік оқыту мәселесіне ерекше назар аударуда.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл мәселе ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істеліп, жан жақты қарастырылып отырған мәселе — орыс аудиториясында қазақ тілін оқыту мәселесі. Сонымен қатар, бұл мәселе тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.
Сабақтың формалары мен әдістерін, мазмұнын жетілдіру, оны танымдық, білімдік, тәрбиелік жағынан сапалық жаңа деңгейін көтеру оқытудың тәрбиелік қызметі мен бағытын нығайтады. Сабақта әртүрлі әдістерді пайдалану оқушыларды жалығудан алшақтатады, сөздік қорының баюына ықпал етіп, тілін дамытады. Сабақ берудің жаңа технологияларын меңгере отырып, әртүрлі әдістерді пайдаланып, білім сапасын арттыруға тырысамыз. Жаңа әдістердің ерекшелігі — жеке тұлғаны қалыптастыруда, өз бетімен жұмыс істей алуда, шығармашылыққа баулуда ерекше рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінде, әсіресе өзге ұлтты мектептерде сабақтың формаларын ауыстырып, балалардың тақырыпты тез меңгеруіне қол жеткізу мақсатында түрлі әдістер арқылы мұғалім тіл дамытуда біршама жетістіктерге қол жеткізері анық. Тіл дамыту жұмысының нәтижесінде оқушының сөз байлығы молайып, тілдің фонетикалық жүйесін меңгертіп, сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Өйткені, сөздерді дұрыс айту, дұрыс жаза білу-тіл мәдениетінің басты талаптарының бірі.
Тіл ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Сондықтан әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Әр халықтың ана тілі-оның жаны. Ұлттық болмыс бітімнің бейнесі, ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығының көзі, ішкі жан дүниесінің өзіне ғана тән құпиясы. Тіл саясаттың жүзеге асырылуына ұдайы назар аударып отыру, сол арқылы уақыт ағымына сай туындайтын жаңа мүмкіндіктерді айқындау — жауапты мәселе. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту де зор мақсат. Мектеп басшысы Әлдіғазы Р.Б. Сингапурдағы өткен халықаралық тағылымдамадан барып, тәжірибе алмасып келгеннен кейін мектебімізде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің магистрант мұғалімдері Темирбекова М.А., Қапарова Э. Қ., Рахманбекова Г. Т. жаңа ұстанымдар, жаңа ақпараттық технологиялар жетістіктерін қолдану арқылы күнделікті тұрмыста, әлеуметтік салаларда қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, тетіктерін жетілдіру бойынша оқушылармен аптасына 2 рет қосымша сабақтар жүргізеді. Мақсаты — оқушыны қазақ тіл грамматикасын игеруге, туған жерінің тарихын, өнерін, тұрмыс–салтын біліп, тілді құрметтеуге бейімдеу. Сонымен қатар, бұл сабақтарда оқушылар ауызекі сөйлеу және емле дағдыларын жетілдіреді.
Жеті елдің өнері, көкке сені көтерер» — деген халқымыздың дана сөзіменен баланың ой — санасын қалыптастыру — қазіргі таңда өзекті мәселе. Өзге ұлт өкілдерінің алдында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, мерейін тасыту үшін, мұғалімнің жан-жақты дамып, кәсіби шеберлігін ұштай түсуі маңызды. Мектеп оқушыларының мемлекеттік тілді қарым-қатынас негізінде игеріп сөйлей алуы үшін мұғалімнің тілді үйретуде әдіс-тәсілдің тиімді тұсын қолдану орасан зор пайдасын тигізеді.
Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі — Мәңгілік Ел, Мәңгілік тіл! Ол — барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Қазақстанның болашағы қазақ тілінде! Тіл тағдыры — ел тағдыры екенін еш уақытта ұмытпайық!
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№108 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Кожалимова Нургуль Декаевна