Ел астанасында Hackathon: Travel Tech туристік шешімдердің инновациялық конкурсы аяқталды. Байқау нәтижесінде Павлодар қаласындағы химия-биологиялық бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Team I/O» командасы, яғни 11-сынып оқушылары Азамат Бекболат, Елжан Еркебұлан және Тұрлыхан Тоқтағанов жеңімпаз атанды! Марапатқа оқушылар 250 000 теңге және комиконға билеттер жеңіп алды.
«TourAR «жобасы арқылы адам үйден шықпай-ақ таңдаған жеріне нақты мөлшерде саяхат жасауға мүмкіндік алады. Жеңімпаздар 36 сағат ішінде мүлдем жаңа мобильді қосымшаны жасап шығарған.
— Біздің мобильді қосымша арқылы үйде отырып, адам нақты режимде қажетті орынға ауыса алады, біз бұл мобильді қосымшаға заманауи инновациялық технологиялардың барлығын енгіздік. Бірден бірнеше үлкен жобалар мен идеялар бір қосымшада тоғысталды және осымен өзінің бірегейлігін көрсетті. Біз студенттермен және танымал компаниялармен бірге иық тіресе, сайысқа түскен едік. Осылайша өзіміздің де біліктілігімізді тексерген едік. Дегенмен, жұмысымыз тиісті бағасын алып, абыроймен 1-орынды жеңіп алдық. Осы орайда бізді осындай жан-жақты етіп білім нәрімен сусындатып, мол мүмкіндіктер беріп отырған туған мектебіміз бен ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта тек республикалық деңгейлерде ғана емес, халықаралық дәрежедегі байқауларға қатысуды жоспарлап отырмыз, — дейді жеңімпаздар.
Биылғы байқауда 157 адам ресми сайтқа тіркелді. Тек 12 команда финалға шығып, оның ішінде үшеуі жүлделі орындарға ие болды. Аталған іс-шараны «Астана Innovations» АҚ, сондай-ақ «Kazakh Tourism» ҰК АҚ, «Астана Конвенцшн Бюро» ЖШС, Astana IT University және Henry Technologies қолдауымен қала әкімдігі ұйымдастырды.