Home » Мақалалар » Инклюзивті білім берудің педагогикалық құралдары

Инклюзивті білім берудің педагогикалық құралдары

Рятова Сангул Койшиевна
Ақтау қаласы
 № 13 гимназиясы
бастауыш сынып мұғалімі 

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру қарқынды дамып келеді. Оқудағы қиындықтары бар әр баланы жалпы білім беру процесіне қосу, бірлесіп оқытудың вариативтік модельдерін іске асыру, қоғамға кірігу мақсатында әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан бейімдеу – инклюзивті білім берудің негізгі мақсаттары болып табылады.

Республикада ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды (бұдан әрі – ЕБҚ) жалпы білім беру процесіне қосудың өзекті мәселелерін айқындау XX ғасырдың 90-жылдарында басталды. 2000 жылдан бастап Қазақстанда ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға қатысты жалпы білім беру саясатында жаңа бағдарлар қалыптастырылуда, балаларды әлеуметтендірудің, тәрбиелеудің, білім берудің, қолдаудың және бейімдеудің оңтайлы жолдарын белсенді түрде іздестіру жүргізілуде.

Инклюзивті білім беру жалпы білім беру кеңістігінде ерекше білім беруді қажеттіліктері бар балаларды оқыту дегенді білдіреді[2]. Алайда, бұл қарапайым мектепте ерекше білім беруді қажет ететін оқушының анықтамасы ғана емес, керісінше, бұл бейімделген оқу жоспарын, бейімделген оқыту әдістерін, бағалаудың түрлендірілген әдістерін және қолжетімділікті қамтитын бірқатар арнайы жағдайды жасау болып табылады. Мұның барлығы инклюзивті сыныпта жұмыс істейтін мұғалімнің қолдауын қажет етеді. Осылайша, инклюзивті білім беру — бұл көп компонентті стратегия немесе мега-стратегия болуы мүмкін.

Инклюзивті білім беру идеясы негізі екі факторға негізделеді. Біріншіден, егер инклюзивті білім беру тиісті деңгейде ұйымдастырылса, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білімді меңгеруін, әлеуметтік дағдыларды дамытуын және өзін-өзі бағалауын жетілдіруін қамтамасыз етуге болады.

Екіншіден, қазіргі уақытта әлемнің көптеген елдерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың басқа құрдастарымен бірге оқу тең құқылы екендігі жалпығы бірдей қабылданғандығы болып табылады. Кейбір деректерде инклюзивті білім беру идеясының негізіне келесідей үшінші факторды жатқызады, яғни ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы мектептерде оқыту үшін тасымалды ұйымдастыру және тұратын орынның қажеттілігін ескерген жағдайды, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды басқа құрдастарымен бірге оқыту экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылады.

Инклюзивті білім беру – бұл әр адамның білім алу құқығын іске асыруды халықаралық-мақұлданған құрал. Сонымен қатар,  әлемнің көптеген елдерінде арнайы білім беруді трансформациялаудың негізгі бағыты.

Инклюзивті білім беру идеясы адамның алуан түрлілігін және олардың арасындағы айырмашылықты түсіну және сол күйінде қабылдау нәтижесінде қалыптасты. Инклюзивті білім беру кез келген адамның физикалық, зияткерлік, діни, мәдени, нәсілдік, ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан қоғамға қосылуына қолайлы болатындай етіп өзгерту қажеттігін мәлімдейді.

Ерекше білім беру қажеттіліктері – әрбір оқушының оқуда табысқа жетуі үшін психологиялық-педагогикалық әдістермен жүзеге асырылатын білім беру процесіндегі көмек пен қызметке деген қажеттіліктер.

Инклюзивті білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде арнайы білім беру қажеттіліктерінің келесі анықтамасын қолдану ұсынылады – бұл оқушылардың психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік және басқа көмекке деген қажеттіліктері, онсыз сапалы білім алу мүмкін емес.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды келесі топтарға бөледі:

1-топ. Психофизикалық дамуы бұзылған балалар: есту, көру, зият, сөйлеу, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген (ақыл-ойдың артта қалуы) және эмоционалды-еріктік бұзылулары бар балалар.

2-топ. Оқуда ерекше қиындықтары, мінез-құлық және эмоционалдық проблемалары бар балалар.

Ерекше қиындықтар интеллектісі бұзылмаған оқушыларда байқалады және жеке оқу дағдыларын меңгеруде көрінеді: жазу, оқу немесе санау (дисграфия, дислексия, дискалькулия және т.б.). Бұл қиындықтар, әдетте, уақытша болып табылады және оларға мамандардың көмегі болған жағдайда жеңуге болады. Мінез-құлық және эмоционалдық проблемалар дамудың ерекше проблемаларына байланысты болуы мүмкін (гипербелсенділікпен назардың тапшылығы синдромы, аутизм спектрінің өрескел емес бұзылуы және т.б.), сондай-ақ қолайсыз психологиялық факторлар (отбасындағы тәрбиенің бұзылуы, ата-ана мен бала, отбасы ішілік қарым-қатынастар) бұл құрдастарымен және мұғалімдермен қарым-қатынастың әртүрлі қиындықтарына әкеледі (ұялшақтық, енжарлық, оқшаулау немесе жанжал, тілазарлық, агрессивтілік).

3-топ. Әлеуметтік-психологиялық, экономикалық, тілдік, мәдени себептерге байланысты ерекше білім беру қажеттіліктері туындайтын білім алушылар. Бұған аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе балаларды тәрбиелеу мен дамытуға тиісті назар аудармайтын, әлеуметтік қауіпті отбасылардан (маскүнем, нашақор ата-аналар және т. б.), сондай-ақ, жергілікті әлеуметтік ортаға бейімделуде қиындықтары бар (босқындар,мигранттар, оралмандар) немесе тілді нашар  түсінетін  және  мектепте оқыту тілінде сөйлемейтін  және т. б. балалардың микроәлеуметтік және педагогикалық тұрғыдан қараусыздығын жатқызуға болады.

Психофизикалық дамуында ауытқулары жоқ екінші және үшінші топтағы оқушылар көбінесе психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияға жүгінбейді және анықталмайды. Сәйкесінше, жалпы білім беретін мектеп оқушылардың осы топтарын өз назарында ұстап, уақтылы анықтап, оларға көмек көрсетуі керек [1].

Инклюзивті мектеп – бұл, ең алдымен, білім беру қызметінің әлеуметтік нәтижелері жүйесіне бағытталған білім беру ұйымы. Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты – оқушыларды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі оқушыларды әлеуметтендіру және бейімдеу.

Соның негізінде мынадай анықтама беруге болады: инклюзивті мәдениет – адамдардың бір-біріне деген адамгершілік, толерантты, қауіпсіз қарым-қатынасынан көрінетін, білім беру процесінің барлық қатысушыларының дамуы ынталандырылатын, ды ынтымақтастық идеялары ортақ болатын қоғамның даму деңгейі, мұнда әр адамның құндылығы жалпы жетістіктердің негізі болып табылады және барлығы қабылдайтын инклюзивті құндылықтар қалыптасады.

Инклюзивті мәдениетті қалыптастыру үдерісінің негізгі мақсаты, ең алдымен, ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды әлеуметтендіру және қоғамға интеграциялау болып табылады. Осы мәдениеттің көмегімен адамгершілік, толеранттылық, төзімділік, сыйластық сияқты адамгершілік ұғымдар сіңіріледі.Инклюзияның табыстылығы мен тиімділігінің маңызды факторларының бірі –білім беру қатынастары субъектілерінің жоғары деңгейде қалыптасқан инклюзивті мәдениеті.

Инклюзия барлық оқушыларды бірдей оқу бағдарламасына қосуды, сондай-ақ бір сыныпқа физикалық қосылуын білдіреді, яғни сапалы білімнің барлық оқушыға тең қол жетімділігі мен барлығына қолайлы оқу ортасының болуы, әрқайсысы өзін сол ортада жайлы сезінуі. Барлық балалар пәнді бірдей меңгере бермейді немесе қабілет деңгейлері бірдей болмайды.Саралап оқыту – «ойластырылған» процесс. Әрбір адамның бірегей саусақ ізі болатыны сияқты, әр баланың жеке оқу стилі болады [4].

Саралап оқытуды барлық оқушылардың оқу бағдарламасының бірдей мазмұнын қамтуына бағытталған нақты оқу деректерін пайдалану, бірақ кейбір оқу әрекеттерін оқушының қабілетіне, алдыңғы білімі мен негізгі дағдыларына қарай бейімдеу, осыған орай жекелеген оқушыға қолдау көрсету дәрежесін өзгерту арқылы тұрақты түрде жүзеге асыруға болады. Мен «қолдау көрсету дәрежесін өзгерту» дегенге ерекше назар аударғым келеді, өйткені бұл мұғалімдердің оқу жоспарын түбегейлі өзгерту арқылы емес, саралап оқытуды қолдану арқылы жүзеге асыра алатын негізгі тәсіл болып табылады.

Саралап оқыту мақсаттары

Саралап оқытудың мақсаттары әртүрлі:

1) әрбір оқушы үшін күрделі және қызықты тапсырмалар әзірлеу;

2) маңызды тақырыптар мен түсініктерге, процестер мен дағдыларға, сондай-ақ  білімді көрсетудің көптеген тәсілдеріне негізделген оқу қызметін әзірлеу;

3) мазмұнға, оқытуға және өнімдерге икемді тәсілдерді қамтамасыз ету;

4) оқушылардың дайындық деңгейін, оқу қажеттіліктерін, оқудағы қызығушылықтары мен қалауларын ескеру;

5) оқушылардың әртүрлі оқыту форматтарында жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

6) әрбір білім алушыға арналған стандарттар мен оқу жоспарының талаптарына сәйкес болу;

7) оқушылардың қажеттіліктерінебағдарланғанмұғалімбасқаратын сыныптарды қалыптастыру [2].

Балаларды дамытудың жеке траекториясы деген педагог ерекше білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, жеке қажеттіліктері, қабілеттері мен мүмкіндіктері бар балалар үшін әзірлейтін, мақсатты сараланған оқу жоспарын білдіреді.

Жеке білім беру бағытын оқудағы қиындықтардың орнын толтырудың дербес  жолы, содан кейін баланың жеке: интеллектуалдық, эмоционалдық, белсенділік, адамгершілік және рухани әлеуетін жүзеге асырудың өзіндік тәсілі ретінде қарастыруға болады.

Жеке білім беру бағыты (маршруты) мақсатты түрде жасалған сараланған оқыту бағдарламасы ретінде анықталады. Сондай-ақ оқушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері, жеке қабілеттері мен мүмкіндіктері ескеріледі.

Жеке білім беру маршруттары әзірленеді:

— мектепке дейінгі білім берудің негізгі жалпы білім беру бағдарламасын меңгермейтін балаларға;

— мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүгедек балаларға;

— дарынды балаларға.

Осылайша, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың базалық оқу жоспарын игермейтін балаларды немесе мүмкіндігі шектеулі балалар мен мүгедек балаларды дамытудың жеке білім беру траекториясын құру арқылы мектепте оқу кезінде барлығына бірдей бастапқы мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі.

Сонымен қорыта айтқанда, инклюзивті оқыту — оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Инклюзивті оқыту арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде дәстүрлі түрде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды,  қайта жақындатады. Инклюзивті бағыт арқылы мүмкіндігі шектеулі  балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелей аламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Об особенностях организации образовательного процесса в общеобразовательных школах Республики Казахстан в 2020-2021 учебном году: Инструктивно-методическое письмо. Астана: Национальная академия образования им. И. Алтынсарина, 2020.
  2. Буренина Е.Е. Развитие субъектности обучающихся как основа социальной эффективности инклюзивной школы. //Инклюзивное образование: преемственность инклюзивной культуры и практики: сборник материалов IV Международной научно- практической конференции / гл. ред. С.В. Алехина. – М.: МГППУ, 2017. – 512 с. – С.23-26.

3.Соловей Р. Инклюзивное образование: методологический гид для учреждений общего начального и среднего образования. – Кишинев, 2014. – 157 с.

4.Большой энциклопедический словарь. [Электронный ресурс] https://dic.academic.ru/dic.nsf/enc3p/171278 (Дата обращение: 25.01.2022).

Якубова Ф.Р. Инклюзивная культура – ключевой фактор успешности инклюзивного образования. //Наука и Школа №1, 2020. С.123-128. DOI: 10.31862/1819- 463X-2020-1-123-129 (Дата обращение: 25.01.2022).

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.