Home » Білім және тұлға » «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы..»

«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы..»

Тұрсынбек Ботагөз Төлендіқызы
Нұр-Сұлтан қаласы
№56 Ш.Құдайбердіұлы атындағы мектеп-лицейінің
Ағылшын тілі мұғалімі

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына пікір

«Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы..»

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Ұлы ақынның мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы комиссия құрылған. Дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазуынша, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізіледі. Абай атамыздың өлеңдерін екі тілде айту эстафетасы біздің мектепте қарқынды жүруде. Біз шетел тілі бірлестігі Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» атты өлеңін шетел және қазақ тілінде орындап, өлең айту челленджін жолдадық.  Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында оқушылар тарапынын қызығушылық тудырып жалғасын табуда.

Ақыл — жан қуаты

Абай шығармаларындағы ғылым мен білім тақырыбына талдау жасаған мемлекет басшысы ақын тұжырымдары қазір де өзектілігін жоймағанын жазады.«ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ол үшін, ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек. Сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, отандық білім беру ісінде әлі де олқы тұстар бар. Оны жетілдіру жолдарын сайлау алдындағы бағдарламамда және өткен жылғы тамыз конференциясында нақты атап көрсеттім. «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі».Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, Абайдың тіл үйрену туралы тұжырымдарына да ерекше тоқталған:Қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз».

Кемеңгер Абай

«Қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды  ұлт дегеніміз де – осы».

«Ел боламын десең бесігіңді түзе..»

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы дәл әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылған: «Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек». Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазуынша, бұл – Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты.«Елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы бағалаудың және жүктелген міндетке жауапкершілікпен қараудың маңызы зор. Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді. Расында, бұл – кез-келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс».

Абай салған дара жол «Толық адам» фомуласы

Мемлекет басшысы өз мақаласында Абайдың «Толық адам» формуласына кеңінен тоқталды. Бұл ұғымағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді, яғни, тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама.«Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез-келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін». Осы орайда мектебімізде Абайдың ұлағатты сөздерін психологиялық тұрғыдан қараастырып оқушылармен жас мамандар бірігіп жоба қорғаған болатын. Жоба барысында Дана Абайдың Ұлағатты сөздерін қазіргі таңдағы психологияда алар орыны айтылды, мысалдармен өмірменибайланыста көрініс тапты.

Абай –Мотиватор

«Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған» деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев.Мақалада мемлекет басшысы Абайды «өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы» деп сипаттайды: «Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады».

«ӘЛЕМ ТАНУЫ ТИІС АБАЙ»

Президент мақаласында қазақтың рухани және мәдени әлемін әлемге Абай арқылы таныту туралы         өзекті мәселе көтерілген. «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады». Тиісінше, ол арқылы қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін танытуға болады.«Мен көп жылғы дипломатиялық қызметімде басқа елдердің саясаткерлерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселелер туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал, рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», – деген сұрақ туындайды».

«Әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек»

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін Абайдың шығармаларын мұқият оқу керектігіне тоқталды. Өйткені, Абайдың қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Сондықтан да Қазақстан халқы Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіс. Мемлекет басшысы «әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқаны сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санайды:«Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет». 

Абай арманы – халық арманы

«Ұлылықтың тойы ұлт алдындағы ұлы міндеттің үдесінен шығудың жолын іздеуге ұмтылдыруға тиі». Мемлекет басшысы еліміздің әр азаматын осы тойдың алдында ел мен елдік жөнінде терең ойлануға шақырады:«Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді».«Біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос» дейтін Абай бірлік, тұтастық, ынтымақ ең алдымен қазақтың өзінің ішінде болуы керек, содан кейін барып біз сол арқылы адамзатты сүйетіндей биік дәрежедегі интеллектуалды халық болып қалыптасуымыз керек деген дүниені Президент өзінің мақаласында ерекше айтқан.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.