№64 Ж Аймауытов атындағы
мектеп— гимназиясының тарих пәні мұғалімі
Абдикулова Жанат Жанбырбаевна
- Алаш қайраткері Мыржақып Дулатұлының 1924 жылы Ташкент қаласында шығып тұрған «Ақ жол» газетінің №386 жарық көрген мақаласы.
Ұлт әскері -Кеңес қорғаны болсын!
Россиялық Одақтас мемлекеттердің әскерлік кеңесі Түркістан республикасында ұлт әскерін құру туралы қарар шығарып, Түркістан фронтының әскерлік төңкеріс кеңесі жанында ұлт әскерлік бөлімі ашылсын деп бұйрық жіберді.
Әскер бастықтарын даярлау үшін алдымен командирлер курсы ашылмақшы
(«Ақ жол» № 378.)
Сүйінші хабар!
Бірақ, бұған кім сүйінеді, һәм кім сүйінуге тиіс?
-Бұл хабарға алдымен саналы азамат, саңлаулы, ел адамдары ғана сүйінеді. Ұлт әскері ұлт қорғаны екені түсінетіндер ғана сүйінеді. Дұрысында бұған неше ғасыр бойы ұлы орыстың отаршылдығанан отыр. Қара жүзді хүкіметтің зұлымдығынан, дүние жихангерлерінің тепкісінен қорлық көрген езілген ұлттар, езілген ұлт азаматтары түгел сүйінуге керек еді. Біз қазір бұл хабар шығысымен қазақ-қырғыз бірі қалмай қуанышы қойнына симастай болады деп ойламаймыз. Өйткені, қазақ-қырғыз еңбекшілері бұрынғыға қарағанда көп ашынғаны, ұлт сезімі, тап сезімі күшейгені рас болса да, әлі надандықтан құтылып жетпеуі себепті. Көпшілікке ондай сана тегіс кіріп жеткен жоқ. Сондықтан, әскерлік мәселесін жүзеге асырмақ болғанда, күн ілгері соқырға таяқ ұстатқандай қылып жалпыға түсіндіру, әскер құру ережесін шеберлікпен қолдану қажет. Ұлт әскері құрылғанда халық баласын заңға құл болғандықтан ғана бермесін, ұлт әскерінің мәнісіне, пайдасына түсініп шын ықыласымен беретін болсын.
Закон бойынша бұрын патша хүкіметінің әскер бойынша орыстың қара шаруасы баласын берген. Бірақ, амалсыздан, қорыққаннан берген. Ол заманның солдаты, бастықтары біреуді «Ат!» десе ататын болған, «Шап!» десе шабатын болған. Бұл «Қол ағашы мықты болса, киіз қазақ жерге кіреді» дегеннің дәл өзі еді. Ол кезде законның ызғарынан, тәртіптің қаталдығынан, надандықтың салдарынан айтқанға көніп, айдағанға жүре берген. Қазір де хүкімет бар: Хүкіметтің заңы бар. Бұл заңға бағынбай болмайды деп, ұлт әскерлігінің керектігіне түсінісбестен жұрт баласын шарасыздан беретін болса, ол уақытта мұндай жолмен құрылған ұлт әскері – ұлт қорғаны, еңбекшіл тап күзетшісі бола алмайды. Еңбекшіл таптың езілген ұлттың мүддесін көздеп, әскер құруға ерік беріп отырған кеңес хүкіметінің заңын орындау міндет екені рас. Сөзсіз орындау керек. Бірақ, түсініп орындау керек.
Бұрын патша хүкіметі қазақ-қырғыз, өзбек секілді «бұратана» жұрттардан неге әскер алмады? Аяды ма? Я өзге бір себебі болды ма? Алдымен осыны білу керек. Қазір кеңес хүкіметі ұлт әскері құрылсын деп отыр. Мұның мәнісі не? Осыны айыру керек.
Патша хүкіметі бұрын қазақтан, қазақ сияқты шеткі жұрттардан солдат алмауының саяси астары бар еді. Мұндай жұрттар Россияға жаңада бағынған, шарасыздан бағынған, ұрысшылдық, обырлық саясатымызға риза емес деп. Егер бұл жұрттар әскерлік өнерге үйренсе, қолына қару-жарақ алса, жауынгер болып кетіп, өткен еркіншілігін көксеп, бізге бас изеп құлдық ұрмайтын болады; хәлі келсе сыбайлас, Россияға жау жұрттармен күш біріктіріп, шенгелімізден шығып кетеді, арбауымызға көнбейді, айдауымызға жүрмейді деп, патша хүкіметі әдейі солдат алмайтын болған. Бұл айтып отырғанымыз әншейін оймен жүру емес, анығы осылай екендігін көрсетелік.
1917 жыл февраль төңкерісінде патша хүкіметі құлағаннан кейін хүкімет істері қолға алынып тексерілген. Сонда әскерлік министрінің істері арасынан патша хүкіметінің әскерлік мәселесі туралы құпия қарары шығып, сол кезде жарияланған.
Патша хүкіметінің әскерлік туралы құпия қарары мынау:
«….Қазақ халқы Россияға 1730 жылдан бермен қарай бағына бастады; Бұл бағынулары 100 жылға созылды; Алғашқы кезде орыс елшілерін өлтіре жаздады. Тұтқын қылып ұстап тұрды. Онан кейін неше жылдай қазақтың сұлтандары, қара халқы Россияға неше рет қыр көрсетіп,