Издибаева Гульнара Байзаковна
Қызылорда облысының дене шынықтыру
және спорт басқармасының Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы
атындағы олимпиадалық резервтің облыстық
мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің тәрбиешісі
Жүргізуші: Желбірейді бейбітшілік алауы,
Орындалып жас ұрпақтың қалауы.
Жауынгердің жүрегі боп жанып тұр,
Мәңгілік от – ескерткіші алауы.
Жеңіс күні салтанат тойланады,
Анамыз ғой жұмыр жер толғанады.
Жеңіс туы мәңгілік желбіресін,
Ерлік, дәстүр жаңғыртып кең даланы!
— Қайырлы күн құрметті оқушылар! «Жас ұрпақ» балалар мен жасөспірімдер ұйымының Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырып отырған «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» атты интелектуалды сайысымызға қош келдіңіздер!
Сайыстың мақсаты: Жас ұрпақты ардагер аталарымыздың ерліктері мен әжелеріміздің еңбектерін үлгі-өнеге тұту және оларды құрметтеу, жас ұрпақты Отанды сүюге, туған елін қорғай білуге тәрбиелеу.
Енді сіздерді бүгінгі интелектуалды сайысымыздың ережесімен таныстырып өтейін. Сайыс 3 турдан тұрады.
І тур: «Ер есімі-ел есінде». Бұл турда әр команда 3 сұраққа жауап береді. Әр дұрыс жауап 5 ұпаймен бағаланады.
ІІ тур: «Отты жылдар шежіресі». Әр команда мүшесіне жеке тест сұрақтары беріледі. Тест мәтіні бірдей, әр бала жеке жауап беру арқылы өз командасының ұпайын толықтыра алады. Әр дұрыс жауап 1 ұпаймен бағаланады.
ІІІ тур: «Сен бұл жайлы не білесің?» суретпен жұмыс. Бұл турда команда экранда көрсетілген ұяшықты таңдау арқылы берілген суретке байланысты мәлімет жинақтап, ұсынады. Берілген мәліметтің нақтылығы мен дұрыстығы 5 ұпаймен бағаланады.
ІҮ тур: «Ерлікке тағзым» тақырыбында эссе жазу. Бұл турда мектеп командаларға 7 минут уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде 10-15 сөйлемнен тұратын эссе жазу керек.
Сіздердің білімдеріңізді сараптайтын сарапшы апайларыңызбен таныстырып өтейін.
І. Сұрақтар. 1 топтың сұрақтары:
- Талғат Бигелдинов кім? (Екі мәрте Совет Одағының батыры, авиация полковнигі, Ұлы Отан соғысының ардагері)
- Гитлердің КСРО-ға шапқыншылық жоспары қалай аталады? (Барбаросса)
- Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен қазақ халқының қаҺарман ұлдары кімдер? (Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Р.Қошқарбаев, С. Нұрмағамбетов).
2 топтың сұрақтары:
- Ұлы Отан соғысының ардагері, жерлесіміз, 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан кім? (Болтай Тасыбаев)
- Қазақ халқынан шыққан, Совет Одағының батыры атағын алған батыр қыздар (Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова)
- «Россия ұлан – байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва!» деген сөздерді қай жауынгер айтты? (Саяси басшы (политрук) А.Клочков)
3 топтың сұрақтары:
- «Қанмен жазылған кітап», «Біздің генерал», «Москва үшін шайқас», «Айтылмаған ақиқат», т.б шығармаларының авторы? (Бауыржан Момышұлы).
- Ұлы соғысында батыр атағын алған қалаларды ата. (Брест қамалы, Москва, Ленинград (Санк-Петербург), Сталинград (қазір Волгоград), Киев, Одесса, Севастополь, Керчь, Минск, Тула, Смоленск).
- Ұлы Отан соғысына қатысқан, жауынгер жазушыларды ата. (Ә. Нұршайықов, Ә.Шәріпов, Қ.Қайсенов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин).
4 топтың сұрақтары:
- «Қазақ солдаты» романының авторы кім? (Ғабит Мүсірепов)
- Халқымыздың біртуар қаһарман ұлы, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы биыл нешеде? (Бауыржан Момышұлы 100-ге толады және батырдың 100 жылдық мерейтойы «Юнеско» көлемінде аталып өтпек).
- Атақты қазақ партизаны кім? (Қасым Қайсенов)
- топтың сұрақтары:
1.Ұлы Отан соғысында Москва түбіндегі шайқаста ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгері кім? (Төлеген Тоқтаров )
- Бауыржан Момышұлы қай жылы, қай жерде дүниеге келген? (1910 жылы 24 желтоқсанда, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында)
- Майдан тылында жауынгерлерге ән салған қазақ бұлбұлы? (Роза Бағланова )
ІІ тур: тест «Отты жылдар шежіресі»
- Әуе шайқасында жеке өзі жаудың 37 самолетін жойған қазақстандық ұшқыш, истребитель кім?
а) Сергей Луганский
б) Нүркен Әбдіров
в) Леонид Беда
- Әлия Молдағұлова Ұлы Отан соғысына кім болып қатысты?
а ) әскери дәрігер. б) Пулеметші. в) Мерген.
- Қазақстандық оқушылар Ұлы Отан соғысы кезінде еңбек етіп тапқан 4 миллион сом ақшаларын қандай қорға аударды?
а ) «Қорғаныс».
б) «Қазақстан пионері»
в) «Жеңіс»
- Қарағандылық ұшқыш Нүркен Әбдіров қандай ерлік жасады?
а) Жаудың 800 автомашинасын жойды.
б) Ұшағын жау танкілері шоғырына құлатты.
в) Неміс траншеясына бірінші болып кірді.
- «Боздақтар» әнінің әні мен сөзін жазған кімдер?
а) М.Әлімбаев, Н.Тілендиев.
б) М.Әміреев, Б.Нұржанов.
в) Н.Тілендиев,Ш.Қалдаяқов
- Ұлы Отан соғысы қашан басталды?
а) 1941ж 22 маусым. б) 1941ж 22 мамыр. в) 1941ж 22 тамыз
- Соғыс жылдарында күріштен мол өнім алған атақты күрішші кім?
а) Ы.Жақаев.
б) Ш.Берсиев.
в) Ж.Қуанышбаев.
- М.Мәметова қай қала үшін шайқаста ұмытылмас ерлігін жасады?
а) Невель. б) Гомель. в) Москва.
- Брест қамалына қай жылы «батыр қамал» атағы берілді?
а) 1980 ж
б) 1945 ж
в) 1965 ж
10) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қазақстандықтар саны қанша?
а) 603 мың. б) 1 миллион. в) 750 мың.
ІІІ тур: «Сен, бұл жайлы не білесің?» турында ұпай саны көп команда ұяшықты бірінші таудауға мүмкіншілік алады. Суретте көрсетілген ескерткіштердің атауын және қай қалада орналасқанын айтуларың керек.
1 сурет — Мәскеу қаласындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған «Мәңгілік алау».
2 сурет — Сталинград (қазіргі Волгоград) қаласындағы «Мамаев қорғаны» кешені.
3 сурет — Берлин қаласындағы «Трептов» паркіндегі фашизммен күресте қаза болған совет солдатына арналған ескерткіш.
4 сурет — Қызылорда қаласындағы Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш.
5 сурет — Алматы қаласындағы “Панфилов” паркіндегі 28 панфиловшыларға арналған ескерткіш.
ІҮ тур: «Ерлікке тағзым» тақырыбында командалар эссе жазып шығады.
Қорытынды: Сайыс соңында командалардың ұпай сандары есептеліп, орындар белгіленеді.