Жарылхасынова Гүлжазира
Қызылорда облысының
Дене шынықтыру және спорт басқармасының Жалаңтөс Баһадүр
Сейітқұлұлы атындағы олимпиадалық резервтің
облыстық мамандандырылған
мектеп-интернат-колледжінің тәрбиешісі
Мақсаты: Оқушылардың діни сауаттылықтарын арттыру, ислам дінінің құндылықтарын насихаттай отырып, Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің шығармалары негізінде имани тәлім-тәрбие беру. Оқушыларды адалдыққа, қайрымдылыққа, мейрімділікке, ізгілікке тәрбиелеу. Оқушыда өзіндік пікір қалыптастыру, оны жеткізе білу, сөздік қорын дамыту, байланыстырып сөйлеуге үйрету.
Көрнекілігі: Слайд, бейнероликтер, кітаптар.
Сабақтың барысы:
- Ұйымдастыру кезеңі
- Кіріспе.
- Негізгі бөлім.
- Қорытынды.
Кіріспе. Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар қауымы, оқушылар бүгінгі ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер! Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбы жалпы адамзат баласы үшін қай кезеңде де өзінің маңыздылығын жоймайтын имандылық төңірегінде болмақ. Жалпы, қазақ халқының өзіне ғана тән қазақи болмысын, тілі мен дінін, мәдениетін сақтау әрбір қазақ азаматының басты міндеті. Сондықтан бүгінгі сабағымыздың да мақсаты осы тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын жасайтын сіздердей шәкірттерімізге имани бағыт бағдар беру, діни сауаттылықты арттыру, бойларыңызға кішкентайда болса иманның нұрын ұялату. Кеңестік дәуірдің 70 жыл бойғы атеистік (құдайды жоққа шығару) бағыттағы саясаты, одан қалды тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазіргі қоғамның жаһандану заманына бет бұруы, батысқа еліктеудің салдарынан қазіргі жастарымыздың бойындағы имани қасиеттердің жоғалуы алаңдатады. Бұл тұтастай бір ұлттың жоғалуына немесе қоғамның азғындалуына әкелетіні сөзсіз.
Жалпы кіріспе ретінде «имани тәрбие» деген сөзге анықтама беріп кетейін. Араб тілінен аударғанда иман «илану, сену» яғни, Алла Тағаланың, Мұхаммед Пайғамбарымыздың айтқандарының барлығын сеніммен қабылдау, Құран кітапты мойындау. Тәрбие «көктету, өсіру, жетілдіру» деген мағына, яғни «жүрекке сенімді ұялату» деген мағына береді екен. Имандылық ғылыми тілмен айтсақ адам бойындағы барлық ізгі, жақсы қасиеттердің жиынтығы, яғни оның адам бойында көріну деңгейі. Ол әдетте әр адамда әртүрлі деңгейде болатыны анық.
Келесі бейнероликті тамашалап алайық. «Жақсылық жасау әрбір адамның қолынан келеді!»
Негізгі бөлім. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни көзқарастары.
Қазіргі заманда намаз оқып, мешітке барған жастарды көрсек қорқатындай дәрежеге жеттік. Оның да өзіндік себептері бар. Өйткені қазір діни ағымдар да, уағыз айтушылар да көп. Кімді тыңдап, кімді пір тұтатынымызды білмей қалдық. Жастардың арасында түрлі террористік ұйымдарға, түк қатысы жоқ Сириядағы азаматтық соғысқа кетіп жатқандар аз емес. Мұның бәрі ненің әсері? Әрине, біздің жастарымыздың діни сауатсыздығының нәтижесі. Біз ата-бабаларымыздан қалған таза сап алтындай Ислам дінін тани білуіміз қажет. Оны танудың бір ақ жолы ол – Абай шығармашылығы, яғни діни көзқарастары, қара сөздері, өлеңдері. Абай 19 ғасырдағы, оған дейінгі қазақ халқының ислам дінін қалай ұстанғандығын соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетіп берген.
Осы сабаққа дайындық барысында мен өздеріңізге Абайдың діни көзқарастары туралы қара сөздерін, өлеңдерін жинақтап келуді үй тапсырмаға берген болатынмын. Кезек берейік.
1-оқушы. Ерасыл: Абай иманның ішкі және сыртқы иман деп екіге бөліп қарастырады.
Сыртқы ғибадатқа- ораза, намаз, зекет, қажылық
Ішкі ғибадатқа- Алланы, адамды, әділетті сүю.
Мұны Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңінде айтқан.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Рас сөз ешуақытта жалған болмас
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жолы деп әділетті»
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тақиық біл
Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл
Руза (ораза парсы т.), намаз, зекет, хаж— талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс
Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті,
Қылғаныңмен тартымды бермес жеміс. (1902)
Мұғалім: Яғни Алланы, адамзатты, әділетті осы 3-еуін сүймейінше соңғы 4 еуі (ораза, намаз, садақа, қажылық) жеміс бермейді дейді.
Бұл өлеңінде Алланы жаныңнан да тәтті сүю керектігін айтады. Абай адам баласына адам баласының бәрі дос екендігін, яғни ұлтқа, нәсілге, руға бөлінбей адамзаттың бәрін сүю керектігін айтады. Рушылдыққа бөліну әлі де қатты сақталған оны күнделікті тірлікте көріп жүрміз. (руға бөліну, одан қалды аймаққа бөліну).
Біріңді қазақ, бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос- дейді Абай атамыз. Әр қазақ менің жалғызым дегендей қазақтың бәрі бір-біріне жанашыр болу керек. Сіздерде үйден жырақта жүрсіңдер. Бір жердің тамағын ішіп, бір жерде жатасыңдар, сондықтан бір-біріне бауырмал болыңдар. Аллаға, ата-анаға, бауырға, Отанға деген махаббаттарың шексіз болсын.
1-оқушы. Нұрдос: Абай: «Иманды сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек», «Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз»—дейді. Иманға тек пайдакүнемдік мақсатпен немесе елге жақсы көріну ниетімен келуді құптамайды. Ол адам өмірінің мәні сеніммен тікелей байланысты екенін алға тартады. Адамның барлық қайғы мен тауқымет, азаптарын сол иман мен оның жалғандығымен түсіндіреді.
Қанат Ислам видеоролик.
Мұғалім: Енді Абайдың немере інісі Шәкәрімнің діни көзқарастарына тоқталайық.
2-оқушы. Саламат: Адам неге иманын тез дүниеге айырбастай салады? Себебі иман оның ішіне енбеген, сыртында жүрген, аузында ғана жүрген. Ал иман ішіне енсе, адам ол иманын өлсе де сатпайды. Өйткені ол сол ішкі жан дүниесіндегі байлығын, қасиетін бәрінен де жоғары санап, оны арзан іс-әрекеттерге оңай айырбастай салмаса керек. Иман ең алдымен адамды қиянатсыздыққа әкеледі. Қиянатты жау деп білу шынайы имандылықтың белгісі. Шәкәрім үшін – адамшылықты құрайтын ең басты қасиеті. Қиянатсыздық — адамшылық өлшемі. Адамға білімнен де қажет нәрсе — осы қиянатсыздық.
Мұғалім: Имансыз берілген білімнің өзі адамға жау болып шығуы мүмкін. Имансыз адам қиянатшыл, оны Шәкәрім залым деп атаған. Шәкәрім имансыз берілген білімнің қауіпті екенін де айтып өтеді. Мысалы:
3-оқушы. Бек
Шын залымға берме ғылым,
Ол алар да оқ қылар.
Қаруым дер, кісі атып жер,
Ол ғылымды айла етер.
Қарғысына сен қаларсың,
Елді алдап ол алар.
Ақылы жоқ, малы көптің
Бірталайын жылатар,- деген екен.
Мұғалім: Абай атамыздың балаға алдымен мұсылманша хат танырлықтай ғана білім беріп, мұсылман қыл, содан кейін білім үйрет дегенінде де үлкен ой жатыр. Әл-Фарабидің өзі «Тәрбиесіз берілген білім адамға жау» дегенде адамшылық ғылымы туралы айтқан. Ұлы философ адамда ең бірінші адами қасиеттері болуы керек екенін айтқан.
1-оқушы. Енді Мәшһүр Жүсіп атамыз иманның үш діңгегі бар деген:
- Алланы жақсы көру.
- Алладан қорқу.
- Алладан үміттену.
2-оқушы. Ол иманды «Бес қымбат» деген өлеңінде былайша сипаттайды.
«Ең әуел керек нәрсе иман» — деген,
«Ақырет істеріне инан!» — деген!
«Құдай кешірер!» — дегенмен, іс бітпейді,
«Иман шартын білмесе, есен» — деген.
3-оқушы. Данияр
«Екінші керек нәрсе- ғақыл» — деген,
«Ғақылсызда таупық жағы тақыр!» — деген
Аз іске ашуланып, дінін бұзар
Иманын кәпірлікке сатар деген.
4-оқушы. Димаш
Үшінші қымбат нәрсе – сабыр деген
Сабырлысы мұратын табар — деген
Әр істе сабырсыздың тәубе — зорлық,
Сабырсыздық басқа пәле салар — деген.
Бұл өлеңнен түсінгенім адам баласының бойында иманы мықты болу үшін ең бірінші иман, ақыл, сабыр, шүкір, әдеп болу керек. Осы қасиеттерді біріктіргенде ғана иманды адам қалыптасады.
Қорытынды. «Мен қазақпын» Қуандық Рахымның бейнеклипі.
Қорыта келе айтарым, біз ең бастысы рухы биік, иманы мықты қазақ екенімізді ұмытпайық. Абай да, Шәкәрім де, Мәшһүр Жүсіп те иманның адам бойындағы ең құнды байлығы, қазынасы екендігін насихаттап кеткен. Жаңа Қанат Ислам ағаларың айтқандай ең маңыздысы адам боп қалу. Алла тағала өмірге келгенде әрқайсымызды бірнәрсеге бейім етіп жаратады. Бейімсіз бала болмайды. Бүгінгі тақырып бір 45 минутта шешілетін мәселе емес, бірақ бойларыңа кішкене де болса имани тәрбие, діни мағлұматтар төңірегінде ақпараттар бере алдым деп ойлаймын. Иманымыз мықты, рухани бай азамат боп қалыптасайық. Ең бастысы қазақ боп қалайық! Осымен бүгінгі ашық сабағымды аяқтаймын. Уақыт бөліп қатысқандарыңызға үлкен рахмет. Қош сау болыңыздар.