Home » Ашық сабақтар » Баланың тілін дамытудағы дидактикалық ойындардың маңызы

Баланың тілін дамытудағы дидактикалық ойындардың маңызы

Павлодар облысы «Ақсу қаласының
№2 бөбектер бақшасы» МКҚК
мектепалды тобының тәрбиешісі
Смакова Ботагөз Мусиновна

Әдістемелік-дидактикалық материал
Жоспар:
І. Кіріспе. Дидактикалық ойын – баланың ойын, тілін және қимыл әрекетін дамытудағы басты құрал.
ІІ. Негізгі бөлім.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі дидактикалық ойынға қойылатын талаптар мен әдіс-тәсілдері.
Монтессории технологиясы және оның тиімділігі.
ІІІ. Қорытынды.
І. Кіріспе. Дидактикалық ойын – баланың ойын, тілін және қимыл әрекетін дамытудағы басты құрал.
Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жас  ерекшелігіне қарай білім дағдыларын қалыптастыру, логикалық ойлау қабілеті мен ой-өрісін, есте сақтау, қисынды ойлауын, қиялын, іс-әрекетін дамыту және жүйелеу жұмыстары жүзеге асырылады. Кез-келген білікті, тәжірибелі педагог-тәрбиеші өзіне сеніп тапсырылған тәрбиеленушісінің мінез-құлқын ғана емес, ішкі жан-дүниесі мен мүмкіндіктерін де жақсы сезіне білсе, еңбегінің де жемісті болары сөзсіз. Демек, ол педагог қана емес, психолог та болуы шарт. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде әр топ оқу іс-әрекеттер өткізілетін, ұйықтайтын және түрлі ойын түрлерімен жабдықталған аймақтарға бөлінген. Осындай қолайлы жағдайда балалардың күндік бос уақытының тиімді әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету тәрбиешінің жауапкершілігіне жүктеледі.
Мен Павлодар облысы Ақсу қаласы №2 бөбектер бақшасында бірнеше жылдан бері қызмет етіп келемін. Биыл мектепалды тобында тәрбиешімін. Мектепалды топқа білім беру министрлігінің қазіргі жаңа талабы бойынша негізінен 4-5 жастағы сәбилер келеді. Олардың арасында 10-ға дейін санап, қандай да бір пішіндерді орындауға икемді, кейбір сандар мен әріптердің жазылуынан аз да болса, түсінігі бар қабілетті балалар да болады. Мұндай талантты балалар жанында отырған балаларды сабаққа қызықтыра отырып, тапсырмалардың көңілді әрі сәтті орындалуына оң ықпалын тигізеді. Мектепке дейінгі шақ – бала өміріндегі маңызды кезең, педагог П.Бадалян «осы уақытта сәби арнайы үйрету мен тәрбие көрмесе, кейін ол өте қиынға түсіп, тіпті кеш болуы да мүмкін» дейді. Жалпы, 3-6 жастағы балалардың қоршаған ортаны тануға деген қызығушылығы мен талпынысы ерекше. Осы шақта олардың айналасындағы адамдарға қатысты өзіндік ішкі позициясы, өз «мені» қалыптасып үлгереді. Сол себепті, мен олардың осы әдемі қасиеттері мен дағдыларын күнделікті ұйымдастырылатын оқу-ісінде мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына сәйкес, түрлі дидактикалық ойындар өткізу арқылы толықтай пайдалануға тырысамын.
Қазіргі таңда балабақшаларда тілі кеш дамыған, сөздік қоры аз балаларды да кездестіруге болады. Бұл мәселе көбіне, баланың туғанда зақым алуынан, сензитивтік кезеңде тіл дамуына дұрыс мән берілмеуінен, ата-аналардың жұмысбастылығынан, балалардың заманауи технологияларға жақын болып, сөйлеу мен қарым-қатынастың шектеулінен орын алады. Осы ретте балабақшаның ата-аналармен жұмысты жандандырып, логопед маманның қатысуымен баланың тілін дамытатын орта тудыруы өте маңызды. Балалардың тілін дамытуда әртүрлі ойындарды, қызықты тапсырмаларды, күрделі емес жаттығуларды пайдалануға болады. В.А.Сухомлинский «Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес» дейді. Әр ойында педагог-тәрбиеші балаларға кемінде 2-3 жаңа сөзді меңгерту керек. Ол баланың әр айтылған сөзінің анық, дұрыс болуын қадағалап, қатесі болса түзетіп отырады, байланыстырып сөйлеуге үйретуде сурет көрсетіп әңгімелесу, ойыншықтармен дидактикалық ойын өткізу, диалог түрінде сөйлесе білуге баулиды. Балалар жалығып кетпеуі үшін педагог-тәрбиеші оқу іс-әрекетінде ойындарды үнемі түрлендіріп отырады. Ойындар бірнеше түрге бөлінеді: ұлттық, сюжетті, рөлді, шығармашылық, қимылды, дидактикалық.
ІІ. Негізгі бөлім. 1.Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі дидактикалық ойынға қойылатын талаптар мен әдіс-тәсілдер.
Балаларды жұмысқа белсенді араластырып, мақсат-міндеттеріме қол жеткізу үшін дидактикалық ойындар ұйымдастыруда мына ерекшеліктерге мән беремін:
дидактикалық ойынға дайындалу;
дидактикалық ойынды өткізу;
д/ойынды қорытындылауды кезеңдер бойынша жоспарлау.
Дидактикалық ойындарды ұйымдастыруға төмендегідей талаптар қойылады:
балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мазмұнын анықтау;
өткізілу уақытын ыңғайлы кезге жоспарлау;
ойынды өткізу орындарды таңдау, яғни кедергісіз ойнауға жағдай жасау;
ойынға қатысатын балалардың нақты санын анықтап алу;
ойынға қажет дидактикалық материалдарды алдын ала дайындап қою;
тәрбиешінің ішкі дайындығы (ойын барысын, ойындағы өз рөлін білуі, әдісін меңгеруі);
балаларды дайындау.
Дидактикалық ойынды өткізгенде мынадай талаптар орындалуы керек: алдымен, бүлдіршіндерді ойынның шартымен, мазмұнымен таныстыру, дидактикалық ойында қажетті заттарды атап өту, материалдарға шамалы тоқталу – әр баланың ойынға дайындық деңгейін және қаншалықты білімі барын анықтау маңызды; педагог ойын шартын дұрыс орындалуын бақылап отырады; тәрбиеші ойынның нәтижесін шығарғанда тәрбиеленушілердің білім деңгейіне назар аударады. Ойын барысында педагог балаларға көмектесіп отырады, олар сұрақ қойса, оған жауап беріп, білімі жоғары баланы білімі жеткіліксіз баламен бірге отырғызып, өзара мәлімет алмасуына жағдай жасайды, өздеріне ойынды талдатуға мүмкіндік береді.
Ойын аяқталған соң, тәрбиеші ойынды қорытындылап, жеңіске тек белсенді, дұрыс жауап берген бүлдіршіндер ғана қол жеткізе алғандығын түсіндіреді; ынталандыру мақсатында бәріне мақтау айтып, ынталандырғыш белгілер табыстайды. Сонымен қатар, балалардан «Бүгінгі ойын кімге ұнады?», «Несімен ұнады?» деген сауалдар қойып, жеңіске жету үшін ойын ережесін толықтай сақтау керектігін ескертеді. Ойынды қорытындылау арқылы тәрбиеші тәрбиеленушілердің жетістігімен қоса өз жетістігін, кемшілігін анықтай алады, болашақта дидактикалық ойында орын алған қателіктерді болдырмауға тырысады.
Өз жұмыс тәжірибемде геометриялық пішіндерге арналған «Үй құрылысының ретін көрсет», «Таныс пішіндер доминосы» т.б. ойындарын ойнатып, геометриялық пішіндер жайлы білімдерін кеңейтіп, оларды атауға, ажыратуға, салыстыруға жаттықтыруға ұмтыламын. Ал өлшемдер туралы «Сипаттамасы бойынша тап»,  «Көп және біреу» сияқты дидактикалық ойындарды қолдану арқылы өлшемдердің қасиеттерін қабылдауға үйретемін. Кеңістіктер туралы дидактикалық ойындардан «Кеңістік»,  «Биік-аласа» сияқты ойындар өте тиімді әрі балаларға ұнайды. Сандық құрамды ажыратуға арналған ойындардың ішінде «Карточкаға қандай сан жазылған?», «Дыбыс арқылы санды тап» ойындарын қолданамын. Жоғарыда аталған дидактикалық ойындарды ұйымдастырылған оқу қызметтерінде қолдана отырып, бала тілінің дамуына, білімдерін молайтуға қол жеткізуге ұмтыламын. Балаларға жастары өскен сайын дәл осы дидактикалық ойындарды күрделіленендіріп, қолдануға да болады. Ойын баланың жанына жақын болғасын, олар ойында шаршамайды, жалықпайды және ұйымдастырылған оқу қызметін сабақ ретінде қабылдамай, қызығушылығы артып, ынтасы тұрақтанып, оқу мотиві жоғарылай түседі.
Монтессории технологиясы және оның тиімділігі.
Жас ерекшелігіне қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі жұмыс тәжірибемде мен
Монтиссории, Триз және басқа да технологияларды тұрақты қолданып келемін. Бұл педагогикалық әдіс-тәсілдердің аталуы өзгеше болғанымен, барлығы бір ғана мақсатты көздейді. Ол – баланың жас ерекшелігін ескере отырып, ой еркіндігін сақтай отырып, ойын арқылы білім мен тәрбие негіздерін қалыптастыру. Мәселен, Монтиссории технологиясы балаға өздігінен козғалу, әрекет жасау, даму мүмкіндігін беру арқылы жүзеге асса, Триз технологиясы ұжымдық ойындар, сабақтар және қызықты әдіс-тәсілдер жүйесі болуымен ерекшеленеді. Триз технологиясы – мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс жасауға бірден-бір ыңғайлы жүйе ретінде маңызды. Ол тәрбиешіге де, балаға да жас шамасына қарамай меңгеретін шығармашылық құралы. Бір құралды пайдаланатын тәрбиеші де, бала да бір-бірін қиындықсыз түсіне алады. Сондықтан да, мен өз оқу іс-әрекеттерімде, еркін шығармашылықта да бұл әдісті жиі қолданамын. Бұған белгілі ғалым Альберт Эйнштейннің: «Өзіңді қызықтыратын іспен айналысқаннан артық, еш нәрсе жоқ» деген қағидасы жақсы негіз болады. Мысалы, «Ғажайып калейдоскоптың» көмегімен сюжетті картиналарды жандандырып, пейзажды картина арқылы балалармен әңгіме құрастырамыз немесе мен бір зат есімді (етістік, есімдік) атасам, балалар осы сөзге қарама-қайшы сөзді атайды (ренжіш-қуаныш, ақ-қара, биік-аласа, оң-теріс, т.б.).
Балабақша кезеңінде балалардың жеке тұлға ретінде жан-жақты дамуына айтарлықтай әсер ететін: «Тәй-тәй», «дамыту», «ақпараттық», «Монтиссории» инновациялық технологиялары бар. Солардың ішінде Монтиссории — «Мен көремін және естимін, әрекет етемін және жасаймын, сондықтан оны есте сақтаймын және үйренемін» заңдылығын ұстанатын бірегей педагогикалық технология.
М.Монтессори педагогикасы немесе Монтессори жүйесі ХХ ғасырдың бірінші жартысында итальяндық педагог, ғалым әрі ойшыл Мария Монтессори тарапынан ұсынылған тәрбиелеу жүйесі. Мария Монтессори (1870-1952) 31 тамызда Италияда дүниеге келген, сол елдегі  медицина докторы дәрежесін алған алғашқы әйел. Бұл жүйені 100 жыл бұрын М.Монтессори ойлап тапқандықтан, соның атымен аталған. Өз ісінің бастапқы негізінде ол жүйке-психикалық дамуы бұзылған балаларды емдеумен айналысады. Мұндай балалармен жұмыс істеудегі тәжірибесі «зияты дамымаған балалар» емдеуге қарағанда педагогикалық тұрғыдағы әсер етуді көбірек қажетсінетіні туралы маңызды тұжырымды құруға мүмкіндік берді. Зияты дамымаған балалармен жұмыс тәжірбиесі М.Монтессоридің көңілін қалыпты балаларды тәрбиелеу проблемасына аударады, оның жүйесінде Ж.Ж.Руссо, Ә.Сеген және т.б. белгілі философ, педагог және дәрігерлердің тәрбиелеу қағидалары дами түседі. Бүгінгі күні Монтессори педагогикалық атаққа екінші рет ие болуда. Қазіргі кезде Монтессори жүйесін 146 мемлекетте әр түрлі балалар мекемелерінде: балалар үйі, мектептер, балабақшалар, балалар оңалту орталықтарында қолданады. М.Монтессори: «Бала дүниеге келгеннен бастап, өзін-өзі дамытуға және жеке адам ретінде қалыптасуға қабілетті деп таныған. Оның  ішкі жан дүниесінде ерекше күш бар, ал үлкендердің міндеті сол энергияның жұмсалуына жағдай жасау» деген екен.
Монтессори педагогикасы кабинеті бірнеше аймақтарға бөлінген және бұл аймақтар баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын «дайындалған орта» болып есептеледі. 3 және 6 жас аралығындағы балалардың өзін-өзі дамытуы үшін аймақтарда орналасқан жаттығулардың маңызы зор: күнделікті өмір жаттығулары, сенсорлық даму, математика, тіл дамыту, жазу және оқуды үйрену, шығармашылық даму, космостық тәрбие беру.
М. Монтессори жүйесін үш басты қағида құрайды:
1. Әр баланың жеке ерекшеліктерін ескерту;
2. Даму еркіндігімен қамтамасыз ету;
3. Баланың әрі қарайғы интеллектуалды дамуының негізі ретінде сенсорлық және дене тәрбиесінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдану.
Бұл әдіс бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар зейінін, шығармашылық және логикалық ойлау қабілетін, есте сақтауды, сөйлеуді, елестетуді, қимылды дамытады. Монтессори бөлмесінде «Барлығымен еркін айналыс, бірақ басқаларға кедергі жасама» деген ереже сақталады. Монтессори ұстаз баланың өз бетімен жұмыс жасауын қадағалайды.  Монтессори әдісі үш негізгі бөлімнен тұрады: бала, қоршаған орта, ұстаз. Бүгінде осы әдіспен жұмыс жасайтын балабақшалар көптеп ашылып жатыр. Балабақшадағы ұстаздар міндетті түрде дайындық курсынан өтеді. «Өзін-өзі қалыптастыру» әрбір баланың міндеті болса, педагогтардың рөлі сәулет инженерін көз алдымызға елестетеді.
Біз балалардың шығармашылығын, қиялы мен дербестігін ынталандыру барысында дағдылар мен білімдерін қалыптастыратын жоспарлар, материалдар, құралдар мен тәжірибелердің әрбір кезеңде әр бала үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз керек. Мен осы әдістеме бойынша жүргізген жұмыстарымның жақсы  нәтижесін көріп келемін. Балалардың білуге, үйренуге деген талпыныстары, өз-өзіне қызмет етуі, өзара достық қарым-қатынастары жақсара түсті. Олар бір ойыншыққа таласпай бір-бірін күте білуді, өз ойларын ашық айтуды, т.б үйренді.
Монтессори өз әдісін «өмірдің көмегі» деп атаған. М. Монтессори жүйесінің мақсаты – балалардың табиғи мінезін, қабілетін, тәрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркімен тәуелсіздік рухында тәрбиелеу. Ең басты принципі: әрбір бала жеке жоспар бойынша арнайы дайындалған ортада жеке өз бетінше дамиды, жетіледі, ал негізгі ұраны: «Мен өзім жасауыма көмектес». Ал ересек адамның атқаратын қызметі: әрбір балаға жеке даму жолын тауып беріп, олардың табиғи қабілеттерін ашу.
М.Монтессории жүйесінің негізгі құрамдас бөлігі: ересектер дамитын орта, дидактикалық құралдар. М. Монтессори әдістемесінің маңыздылығы:
Балалардың жас ерекшеліктері әр түрлі, өз қалауларымен жұмыс жасайды. Бұл жастың қабілетін ашуға, үлкеннің кішіге мейірім, қамқорлығын сезінуге мүмкіндік береді. Еркін жұмыс жасау барысында жетістігін өзі көріп, қатесін де өзі жөндеуі ішкі дүниесін тәртіпке баулып, жеке адамгершілік қасиеттерін дамытады. Пайдаланған заттардың ең басында қалай тұрғанын бақылаған бала жұмыс аяғында тап солай жинастырып, тазартып қояды. Бұл әдіс негізінен таным процестерін, есте сақтау, ойлау, қабылдау, зейін сияқты қабілеттерге бағытталған. Баланың психологиялық дамуына, саусақ бұлшық еттерінің дамуына жақсы әсер етеді.  Баланың саусақ бұлшық еттері дамыған кезде баланың тілі дамиды. Құрастырмалық ойындар баланың логикалық ойлауын жақсы дамытады. Танымдық және шығармашылық қабілеттері дамиды. Балалардың қимыл үйлесімділігіне жақсы әсер ету үшін тұрмыстағы пайдаланатын заттармен жаттықтыру жұмыстары жүргізіледі. Көру, есту, сипап сезіну арқылы заттарды бағдарлауға бейімдеу әдісі кеңінен қолданылады. Түйме, шашбау, ілгек, сырма сияқты заттарды пайдалану арқылы балаларды өздігінен киінуге тәрбиелейді. Күріш, дәнек, өзге де бұршақ тектес тағамдардың арасынан жасырылған заттарды іздету арқылы сезімталдық қабілеттері жетіледі.
ІІІ. Қорытынды. М.Монтессори әдістемесімен тәрбиеленген баланың оқуға деген ынтасы, жұмыста ықылас көрсету қабілеті артады, балада дербестік пайда болады,  қарым-қатынастардың жақсы әдеттерін және ішкі тәртіпті меңгереді. Балалар өжеттілікке, шапшаңдыққа, ептілікке, тапқырлыққа тәрбиеленеді. Педагог-тәрбиеші баланың  дамуына  бағытталған  заттық-кеңістік  орта қалыптастырады. Ата-анамен  байланысты нығайтады. Қорыта келгенде, баланың тілін дамыту үшін екі күш керек. Олар: ата-ана және педагог-тәрбиеші.
   Ата-ана өз баласының ерекшеліктерін көріп, оны дұрыс бағалай әрі бағыттай білсе және біліммен, тәрбиемен ұштастырып отырса, пайдалы болатыны сөзсіз. Баланың өздігінен еркін дамуына, шығармашылық қабілетінің дамуына ықпал етеді. Педагог-тәрбиешілердің жаңа технологияны меңгеру арқылы кәсіби құзіреттіліктері қалыптасады. Мектепалды тобының ата-аналары жоғарыда аталған қолдау-талаптарды орындап, тобымызда өтетін түрлі іс-шараларға, мерекелік ертеңгіліктерге балалардың киімдерін дайындауға белсене атсалысады. Олар балалармен бірге «Әкем, анам және мен» сайысына қатысып, балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына үлкен үлес қосуда.
Қолданылған әдебиеттер тізімі :

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 қаулысымен бекітілген, 2016 жылғы 13 мамырдағы №292 қаулы өзгертулерімен  Қазақстан Республикасы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, Астана,2016ж.
  2. Мухина В. С. Возрастная психология: феноменология развития, детство, отрочество. Academia 1999, 145 бет
  3. «Бала мен балабақша» республикалық педагогикалық журналы, 2014 жыл №11 саны, 3 бет
  4. Егенисова А. Мектепалды даярлық топ балаларының ойын арқылы тілін дамыту. Бастауыш мектеп. №5.2008
  5. Баймұратова Б, Тұрыскелдина М. Мектепке дейінгі тәрбие бағдарламаларын оқыту және тәрбиелеу. Алматы.1992.
  6. Кайбудаева Г, Жаздықбаева М. Әлімбекова С. Ойын технологиясы. Түркістан.
  7. Егізбаева А.Қ., Нұрпейісова Г.Қ. «Дидактикалық ойындардың тәрбиелік мәні».
  8. Нұрмағамбетова Әлия Әуезқызы. Мария Монтессоридің әдістемесінің мектеп жасына дейінгі мекемелерде қолданудың маңыздылығы.
  9. Интернет ресурстарының материалдары.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.