Алматы қаласы
Білім басқармасы
«№17 ЖББ мектеп» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,
педагогика ғылымдарының магистрі
Амангельдықызы Мадина
«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі», – деп айтқан Мағжан Жұмабаев сөзі алаш елі үшін ұлағатты ұстаздың орны қай кезде де ерекше болғанын дәлелдейді. Кемеңгер ақынымыздың осы сөзін жандандырғандай күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңын бекіткен болатын. Бұл – мұғалім мерейін өсіретін, мәртебесін көтеретін, қадір-қасиетін арттыратын маңызды құжат екені сөзсіз.
Ұстаз – бұл жас ұрпақтың бойына адами, парасатты, ұлттық құндылықтарды дарытатын сәулеткер. Қай елдің болмасын өркендеуі, өркениетті елдердің қатарында болуы тікелей сол елдің білім беру жүйесіне байланысты. Ал, сол қоғам қажеттілігіне сай білімді, саналы жастарды тәрбиелеу – ұстаздардың еңбегінің жемісі. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ іспеттес. Ұстаз болу – мен үшін қиындығы да, қызығы да, әсіресе жауапкершілігі мол мамандық. Себебі менің мойныма мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген..
Бүгінгі күні дүниежүзінде орын алған жағдай ғылым мен білім мәселесі қай кезде де қажеттілігін жоймайтынын дәлелдеді. Қай заманда болсын, әріп үйретіп, қолға қалам ұстататын жанның қажеттілігі жойылмақ емес. Басымызға түскен осындай сынақ кезінде біздің № 17 ЖББ мектеп мұғалімдері оқытудың жаңа форматына өтіп, қашықтықтан оқушыларына білім беруде. Сабақ өту барысында мұғалімдер оқушы қызығушылығын арттыру үшін түрлі бейне-сабақтар түсіріп, тапсырмалардың орындалуын қадағалап, кері байланыс жүргізіп жатыр. Мұғалімдер қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін телесабақтарды, Whatsapp желісін, Kundelik.kz сайтын, білім беру платформаларының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Сондай-ақ, әріптестерім бейне-сабақтарын facebook.com сайтына жүктеп, озық тәжірибелерімен бөлісуде.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді әлемде орын алған қиын кезеңдегі жұмысы үшін алғысын айтты. Еткен еңбектің еленгені кімге болса да қуаныш, көңілге медет. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, біз, мұғалімдер қауымы, еліміздің болашағы үшін бізге жүктелген абыройлы міндетімізді орындап, білім сапасын арттыруда аянбай еңбек етеміз!