Аманкулова Шолпан Мадиевна, Ахметкулова Багдаш Нурланкуловна, Макулбекова Анар Есенкуловна.
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі
Мақалада пән мұғалімдерінің Lesson Study негізінде жүргізілген, 12 сыныптарда сауалнама сұрақтарын құрастыру дағдыларын жетілдіруге бағытталған бірлескен зерттеу жұмыстарының әдістемелік талдауы берілген.
Данная статья содержит анализ исследования Lesson Study, в котором учителя-предметники рассматривают методы развития навыков формулирования анкетных вопросов у учащихся 12-х классов
This article contains an analysis of the result of the Lesson Study, in which subject teachers examine methods for developing 12-grade students’ survey making question skills.
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде «Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады». Осы қажеттілікті қамтамасыз етудің бір жолы оқушылардың зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру мен жетілдіру. Осыған орай жоғары ойлау дағдылары мен зерттеушілік қабілеттері қалыптасқан жоғары сынып оқушылары арасында кездесетін мәселеге тоқталуды жөн көрдік.
Зерттеу нысаны ретінде 12 сыныптар таңдалды. Бұл сыныпта оқушылардың мәселені сын тұрғысынан бағалауы, негізгі ойды дамытуы мен логикалық ойлауы, АКТ-мен жұмыс істеуі, жоспарлауы, ізденіс пен зерттеу жұмыстарын жүргізе алуы және т.б. дағдыларын игерген және зерттеушілік пен жоғары ойлау дағдылары жетілген. Сондықтан да, 12 сынып оқушыларының оқу-танымдық әрекеттерінде ғылыми-зерттеушілік, шығармашылық немесе практикалық сипаттағы әрекеттеріне бағытталған курстық жұмыстар мен социологиялық зерттеулерді жүргізеді.
Біз құрған зерттеу тобына екі пән бойынша сабақ беретін үш мұғалім (Аманқулова Ш.М., Мақұлбекова А.Е., Ахметкулова Б.Н.) тартылды. Жоғары сыныпта сабақ беретін әріптестер, НЗМ жүйесінде 12-ші сынып оқушыларының «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» мен информатика пәндерінен оқу бағдарламасы аясында өзекті және заманауи мәселелер бойынша жүргізген курстық жұмыстарды орындау барысында, әлеуметтік сауалнама сұрақтарын құрастыруда біраз қиналатынын, кейде тым қарабайыр немесе қарастырылып отырған мәселеге қатысты емес сұрақтар қоятынын анықтадық. Осы проблема үш мұғалімнің практикасында үнемі жиі кездесетіні белгілі болды. Себебі, сыртқы жиынтық бағалаудың 1 компоненті болып табылатын курстық жұмыстарының нәтижелері халықаралық сынақта бағаланатынын ескерсек, оқушылардың сандық зерттеу әдістерін жақсы меңгеруі мен сауалнама сұрақтарын дұрыс құрастыра алуы зерттеу жұмысының нәтижесіне тікелей әсер ететіндігі белгілі.
Әлеуметтік сауалнама – нақты ақпарат жинау үшін жүргізілетін қарым-қатынас нұсқасы. Мұнда әлеуметтік сауалнама алушы (интервьюер) өзінің қарсыласына (респондентіне) сұрақтар қояды, содан кейін оларды қандай да бір міндеттерді орындау үшін өңдейді. Осыған байланысты, біз осы бағытта сабақты зерттеу жұмысын жүргізуді өзімізге мақсат етіп қойдық. Осылайша сабақты қай қырынан зерттеу керектігі туралы ортақ пікір қалыптасқаннан кейін ой бөлісіп, топ ережесі мен топ нормаларын, және кездесу кестесін белгілеп, оқушыларға қатысты зерттеу тақырыбы мен қадағаланатын сабақтың нақты тақырыптарын анықтадық. Зерттеу сабағын қалай жоспарлау мен жиналатын дерек түрлері де нақтыланды.
Анықталған мәселелер бойынша, сауалнамада проблемалық сұрақтарды қарастыру мақсатымен сұрақтарды тереңдетіп қоюға, дұрыс қолдануға, түсіндіріп беруге, нәтижелерін бағалауға, білімдерін қолдануға, олардың ақиқаттығын анықтауға және сауалнама сұрақтарын дұрыс құрастыра алу талаптарына бағытталған Lesson Studi зерттеу тақырыбын «Бағалау критерийлеріне сәйкес сауалнама сұрақтарын құрастыру арқылы пәндік білімдерін жетілдіруге бола ма?» деп алдық.
Сабақтағы іс-әрекетті зерттеуді ІІІ тоқсаннан бастадық. Осы уақыттан бастаған себебіміз, 12-сынып оқушылары барлығы дерлік курстық зерттеу жұмысының теориялық бөлімінен практикалық кезеңіне өтіп, әлеуметтік сауалнамалар мен сұхбаттар алып жатқан кезге сәйкес келуі еді. Кейбір оқушылар зерттеу қорытындысы бөлімінде, кейбірі практика нәтижесінде алынған деректерді өңдеу кезеңіне келген еді. Осы уақыт оқушылардың сандық зерттеу әдістерін қалай меңгергендері мен сауалнама сұрақтарын қалай құрастырғандары туралы нақты шынайы дәлелдері мен нәтижелерін көре алатынымызда болды.
Алдымен зерттеу жұмысының жоспары құрылды. Тізбектелген сабақтар топтамасының жұмыс кестесі жасалды. Жұмыс барысында туындайтын мәселелерге байланысты оқушылардан онлайн сауалнама алынды.
Тізбектелген сабақтар топтамасының кестесі, 2019-2020 оқу жылы
мұғалімнің аты-жөні | сабақтың тақырыбы | сыныбы | өткізілетін күні |
Мақұлбекова А. | Зерттеу және анализ | 12 | 23.01.20 |
Ахметкулова Б.Н. | «Қазақстанның геосаяси мүдделері» | 12 | 27.01.20 |
Аманкулова Ш.М. | «Қазақстанның геосаяси мүдделері» | 12 | 28.01.20 |
Сабақ жоспарын құрастырмастан бұрын, төмендегі сұрақтар бойынша оқушылардан онлайн сауалнама алынды. Сауалнамаға 40 оқушы қатысты.
№ | сұрақтар | жауаптары | ||
1 | Сауалнама не үшін қажет?
| проблеманы анықтау үшін 5 | зерттеу үшін 35 | білмеймін — |
2 | Зерттеу жұмысымен шұғылданасыз ба? | Ия 40 | Жоқ- | — |
3 | Зерттеу барысында сауалнама қолданасыз ба? | Ия 38 | Жоқ 2 | — |
4 | Сауалнама нәтижиесі сіздің зерттеуіңізге көмектесті ме? | Ия 38 | Жоқ 0 | 2 |
5 | Сауалнама сұрағын құрастыра аласыз ба? | Ия 15 | Жоқ 0 | Қиналамын 25 |
Сауалнама нәтижесі бойынша, оқушылардың көпшілігі сауалнама құрастыру талаптары бойынша және зерттеу тақырыбының мазмұнын ашатын сұрақтарды құрастыруда біраз қиналатыны анықталды.
Әріптесіміз Анар 1-сабақ жоспарында зерттеу жұмысына байланысты 12 сынып оқушыларынан сыни тұрғыдан ойлау дағдысына байланысты, өмірмен байланысы бар тапсырмаларды қарастыру ұсынысы жасалынды, осы ұсыныстар ескеріліп сауалнама алынды. Анар информатика сабағында жобалық жұмыс бойынша «Зерттеу және анализ» тақырыбында сабақ жүргізді. Сабақ сыртқы жиынтық емтиханының 3-компоненті болып табылатын жобалық жұмыс өмірмен байланысты проблемаларды зерттеп, шешуге бағытталды. Мысалы: қазіргі уақытта (ағымдағы жүйе) «Жеңіс» дүкені интернет пен қосымшасыз өз өнімдерін онлайн режимінде сатады. «Жеңіс» дүкенінде өнімдер туралы мәліметтер базасы жоқ, бірақ олар тауарлардың тізімін тек дәптерге тізіп жазып отырады. Оқушылар қандай да бір ұйым немесе жеке кәсіпкерлерді өзінің пайдаланушысы/тұтынушысы ретінде алып, сол ұйымның ағымындағы жүйесін зерттеп, балама IT өнімдерін ұсынады. Сабақтағы оқу мақсаты: ағымдағы жүйенің ерекшеліктерін талдау үшін сұхбат, сауалнама сұрақтарын жазу. Оқушылар таңдалған жобалық жұмыс тақырыбы бойынша ағымдағы жүйенің ерекшеліктерін, артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтау үшін сауалнама сұрақтарын қойып үйрену керек. Үйге берілген тапсырма – «Пайдаланушы кім және оның ұйымы не істейді/жасайды?», «пайдаланушы/мүдделі тараптар олардың ұйымдағы рөлі қандай?»-деген сұрақтарға мәлімет іздеу және жазу керек болған. Мұғалім оқушыларға сыртқы жиынтық емтиханының 3 компонеті жобалық есептің маңыздылығын еске салды. Сондай-ақ, жобалық жұмыстың бөлімдеріне шолу жасады. Оқушыларды сабақтың тақырыбы және мақсатымен таныстырды. Сыныпты 4 топқа бөліп, әр топ “Сұхбат және сауалнама талаптары қандай болу керек?” — деген сұраққа интернет ресурстары арқылы жауап іздеді. Өздерінің жауаптарын постерге бейнелейді. Кейін, постерлерді бір-бірімен салыстырып, толықтырады. Толықтырылған бағалау критерилерін Google Classroom-ге жүктейді. Жүктелген критерийлерді пайдаланып әркім өз бетінше сұхбат құрастырады.
Бағалау кезінде оқушылар тұтынушы/пайдаланушы және орындаушы болып рөлдік ойын ойнады. Кейбір оқушылар ағымдағы жүйені толық білмегендіктен, сұрақтарға жауап беруге қиналды. Оқушылар кейбір сұрақтардың құрылымы күрделі болғандығын айтты. Мысалы: оқушылар келесідей сұрақ қойған: Қазақстан азаматтарының экономикалық жағдайына қандай еңбек қатынастары әсер етуі мүмкін/етеді? Ойын барысында оқушылар бұл сұрақтың ағымдағы жүйенің ерекшеліктерін ашуға қаншалықты қажет және тақырыптан ауытқуға қаншалықты әсер ететіндігін талқылады. Керісінше, кейбір сұрақтар жеңіл болып көрінді. Мысалы: Сізде қандай тауар категориялары бар? Бұл сұрақтың ағымдағы жүйеде қолданылатын мәліметтерді толық ашуға мүмкіндік бермейтіндігін айтып, қызу талқыға айналдырды. Рөлдік ойын кезінде бағалау критерийлерін алып өзара бағалау жүргізді.
Нәтижелерді пайдаланып, диаграмма тұрғызғанда келесідей көрініс пайда болды.
Диаграммадан «Проблема шешімін табуға болатын сұрақтар қамтылған» критерийі бойынша оқушылардың жоғары деңгейде сұрақ құрастыра алмағандығын көрсетті. Оқушылардың басым бөлігі орташа және төмен деңгейдегі сұрақтар қойған. Рефлексия кезінде оқушылар жоғары деңгейдегі сұрақтарды құрастыра алмауының себебін тұтынушы/пайдаланушымен әлі сұхбаттаспағандығымен түсіндірді.
«Қолданушының қажеттіліктері қарастырылған» критерийі бойынша оқушылар (6 оқушы) жоғары деңгейде, қолданушының қажеттіліктерін анықтауға болатын сұрақтар құрастыра алған. Қалған 3 оқушының құрастырылған сұрақтарының құрылымы нақты емес екенін көрсеткен. Түсініксіз, төмен деңгейдегі сұрақтар қарастырылмаған.
«Қолданушы мен пайдаланушының сипаттамалары көрсетілген» критерийі бойынша оқушылар төмен деңгейдегі сұрақтар құрастырмаған. Оқушылардың басым бөлігі (7 оқушы) орташа деңгейдегі және жоғары деңгейде (тек 2 оқушы) сұрақтар қойған. Бұл оқушылардың қолданушы мен пайдаланушы туралы ақпаратпен танысқандығын, үй жұмысын орындағандығын көрсетеді.
«Ағымдағы жүйеде қолданылатын мәліметтерді ашуға бағытталған» критерийі бойынша оқушылар орта және басым бөлігі төмен деңгейдегі сұрақтар құрастырған. Сұрақтардың көбі жалпылама, нақты жүйедегі ақпаратты ашуға мүмкіндік бермеді. Рефлексия барысында оқушылар ағымдағы жүйемен толық таныс болмағандықтан, жалпы сұрақтар қойдық деп жауап берді.
«Жаңа жүйеде қолданылатын мәліметтер қамтылған» критерийі бойынша 2-төмен, 4-орташа, 3-жоғары деңгейдегі сұрақтар құрастырылды. Рефлексия кезінде оқушылар төмен және орташа деңгейдегі сұрақтардың болуын жаңа жүйедегі талаптармен толық таныспағандығымен түсіндірді.
Рефлексия кезінде оқушылар тұтынушы/пайдаланушы және орындаушы болған рөлдік ойынның маңызын түсініп, пайдалы болғандығын айтты. Кейбір оқушылар құрылымы дұрыс емес, мақсатқа бағытталмаған, этикалық нормаға сай емес сұрақтарды өзгертті. Рефлексия кезінде оқу мақсаттарын қайта шолу жасады. Оқушыларға оқу мақсаттары бойынша сұрақ қойылды, кері байланыс алынды.
Біз осы жобалық жұмыстың маңызды бөлігі болып табылатын сауалнама құрастыруда оқушылардың білімдері әлі де жеткіліксіз екендігін түсіндік. Келесі сабақта сауалнама сұрақтарын құрастыруға арналған критерийлерді қайта қарастыру, сауалнама құрастыру жолдарын көрсету керек – деген шешімге келдім.
Әріптесіміз Бағдаштың сабақ жоспарын да бірлесе отырып құрдық. Бұл сабақтың әдеттегі сабақтан айырмашылығы болды. Яғни, бұл сабақтың оқушылардың сауалнаманы құрастыру дағдысын жетілдіруге бағытталғаны. «Қазақстанның геосаяси мүдделері» тақырыбындағы сабақ жоспары, оқу мақсатына байланысты бағалау критерийлері Анардың сабағында жетілдіруге қажетті пункттер бойынша толықтырылды. Сабақтың оқу мақсаты: Қазақстанның дүние жүзіндегі геосаяси мүдделерін талдау. Оқу мақсатына байланысты бағалау критерийлері мен зерттеу сұрағы нақтыланды.
Бағалау критерийлері: Қазақстанның сыртқы саясатындағы прогресін халықаралық ұйымдармен байланыстыра отырып анықтау және сауалнама сұрақтарын құрастырау. Зерттеу сұрағы: «Сауалнама сұрақтары арқылы Қазақстанның геосаяси мүдделерін анықтауға болады ма?». Сауалнама сұрақтарының негізінде Қазақстанның сыртқы саясаттағы прогресіне халықаралық ұйымдардың ұстанымы бойынша зерттеу жұмысын жүргізу. Оларға қатысты өз идеяларын ұсыну және жетістіктері мен кемшіліктерін көрсету. Оқушыларға тақырыптық ресурстар таратылып, мәтін мазмұнымен мұқият танысу және оқу мақсатына сай сауалнама сұрақтарын құрастыру тапсырылды.
Оқушылар алдыңғы сабақта берілген тапсырмалар негізінде Қазақстанның саяси прогресіне талдау мен бағалау жасап, халықаралық ұйымдардағы жұмысына зерттеу жүргізген болатын. Зерттеу барысында сандық зерттеу әдісінің зерттеу жұмысының мазмұнын толық ашуға қажет екендігі анықталды. Осыған сәйкес зерттеу жұмысының тиімділігі мен шынайылығын анықтау үшін сауалнама сұрақтарын құрастыру тапсырылды. Берілген зерттеу жұмысы бойынша сауалнаманы құрастыру дағдысының нәтижесін анықтау үшін, төмендегідей критерийлері берілді.
Критерийлері:
- Зерттеу барысында сандық зерттеу әдісін (сауалнама) қолдануы.
- Сауалнамада 6 сұрақтың болуы (4 жабық, 2 ашық).
- Сауалнама сұрақтарының оқу мақсатын ашуға бағытталуы.
- Сауалнама сұрақтарының түсінікті нақты болуы.
- Cауалнама зерттеу сұрағының қажеттілігін анықтай алуы.
- Сауалнама нәтижесі «Қазақстанның геосаяси мүдделері туралы менің білім деңгейім қандай дәрежеде?» деген сұраққа жауап беруі.
Оқушылар 4 топқа бөлініп, сандық зерттеу жұмысын жүргізді. Сауалнама сұрақтарын құрастыруға оқушыларға 35 минут уақыт берілді. 1-топ оқушылары сауалнаманы 25 минутта құрастырып, сауалнаманы алуды уақытынан бұрын бастауға рұқсат сұрады. Бірақ басқа топтардың сауалнама құрастыру үдерісінде екендігі ескертіліп, сауалнама сұрақтарын тағы бір рет пысықтап, өзара сауалнамадан өтіп, тексерістен өткізу қажеттілігі ескертілді. Тапсырманы 2, 4 топ оқушылары 35 минутта, ал 3-топ 40 минутта жұмысын аяқтады. Бірінші 40 минуттық сабақ аяқталғаннан кейін де оқушылар арасында, сауалнама сұрақтары айналасында үзіліс уақытында қызу талқылаулар жүріп жатты. Екінші сабақта онлайн сауалнамадан өтуге рұқсат етілді. Сауалнамадан өтуге 15 мин, нәтижесін өңдеу мен талдауға 20 мин уақыт бөлінді. Қалған 5 минутты сабақты қорытындылауға, кездескен қиындықтарды талдауға және жаңа сабақтан алған білімдерімізді талдауға бағыттадық. Ауызша кері байланыс барысында оқушылар бүгінгі тақырыпты жақсы түсінгендерін және осы әдісті жиі қолдану қажет деген пікірлерді айтты. Тіпті 3 оқушы сауалнама құрастыруды енді түсіндім деген ойымен де бөлісті. Сабақ аяқталғаннан кейін барлық топтың сауалнама сұрақтарының өңдеуін талдап зерттедік. Талдау барысында төмендегі мәселелерді анықтадық. 25 минутта жұмысын жылдам аяқтаған 1-топ мүшелерінің құрастырған сауалнама сұрақтарының құрылымы мен мазмұны толыққанды еместігі байқалды. 2,4 топтың мүшелері берілген уақытты ұтымды пайдаланып, сауалнама сұрақтарын құрылымға сай құрастыра алғандары көрінді. Ал 3-топтың сауалнама сұрақтарының құрылымы мен стилінің, мазмұнының оқу мақсаты мен критерийлерге, талапқа сай екендігі бірден анықталды. Дегенмен де сауалнама нәтижелерінің шынайылығын анықтау үшін, оқушылардың кері байланысындағы пікірлерімен салыстыра отырып талдауды шештік. Мұнымен қатар, 1-топтың сауалнама сұрақтарының сапасының төмен деңгейде болуын, алдында берілген ресурстармен толыққанды мұқият таныспағаннан және білімін толықтыру кезеңін дұрыс пайдаланбағандықтан деген болжам жасадық. Мұнымен қатар, бұл топтың сауалнамасынан өткен оқушылардың кері байланысындағы бағалауын да көргіміз келді. Нәтижесінде, берілген кері байланыстарда 2,4 топтың сұрақтарын «жақсы құрастырылған» деген пікір айтылса, ал 1-топтың жұмысына берілген кері байланыста кейбір сұрақтар түсініксіз және тым қарабайыр деген пікірлер кездесті. Ал тайм-менеджментті дұрыс пайдаланбаған 3-топтың сауалнамасына нақты түсінікті, академиялық тілде анық құрастырылған және өз біліміміздің деңгейін көрдік деген кері байланыс алдық. Нәтижесінде, сабақ жоспарын құрастырудағы топ мұғалімдерінің бір кемшілігін анықтадық. Сауалнама сұрақтарын құрастырудағы уақыттың дұрыс берілмегені, яғни бастапқыда 40 минут бергенімізде 2, 4 топтың да жұмыстары жоғары сапалы болуы мүмкін еді.
Бұл зерттеуіміздің сапасының толыққандылығын тексеру үшін әріптесіміз Шолпанмен бірге өзіміздің 3-сабағымыздың бірлескен жоспарын дайындадық. Жоспарда алдыңғы құрастырылған сабақтағы сауалнамалардың сапасын алдыңғы сыныптағы кері байланыспен салыстырмалы түрде талдау жасау үшін, осы параллельдің 12 «В» сынып оқушыларынан да сауалнма сұрақтарына жауап алуды ұйғардық. Алдында 12 «А» сыныбына берілген мәтіндік ресурстармен танысуға 20 минут уақыт бердік. Мақсатымыз, алдыңғы сыныптан алынған зерттеу қорытындысын осы сыныптан алынатын сауалнама мазмұны бойынша берілген кері байланыс арасындағы ұқсастық пен айырмашылықты анықтау.
Шолпан оқушыларға жаңа тақырыпты таныстырғаннан кейін ресурс мәтіндерін таратты. Оларға 20 минутта мәтін мазмұнымен танысып, одан кейін сілтеме бойынша 4 топтың сауалнамасынан өтуді тапсырды. Оқушылар 20-22 минут аралығында барлық сұрақтарға жауап берді. 12 «В» сыныбынды сауалнамадан өту уақытының ұзағырақ болу себебі, алдыңғы сыныпта әр топ 3 сауалнамадан өтсе, бұл сынып 4 сауалнамадан өтті, себебі 12 «А» сыныбында топтар өздері құрастырған сауалнамадан өтпеді. Бұл жерде 2 ашық сұраққа жауап беру олардың біраз уақыттарын алды. Әр топтың сауалнамасынан өткеннен кейін оқушы бағалау парағындағы критерийлер бойынша өздерінің кері байланысын беріп отырды. 24 оқушыдан кері байланыс алынды. Алдыңғы сыныптың кері байланысы мен ұстаздардаң бағалауының нәтижелерін салыстыруда мына жайттарды анықтадық. Жалпы сауалнамадан өткен 45 оқушының жауап жиынтығынан төмендегідей нәтиже диаграммасы шықты.
Анықтау барысында кері байланыс қорытындысы 1-топтың сауалнамасы бойынша айтылған пікір екінші топта да расталды. 2 және 4 топ бойынша сапасы жағынан ұқсас нәтиже берді. Төмендегі диаграммадан айырмашылықтың төмен дәрежеде екендігі көрінеді.
3-топтың сауалнамасына нақты түсінікті, академиялық тілде анық құрастырылған және өз біліміміздің деңгейін көрдік деген кері байланыс расталды.
Бұдан шығатын қорытынды:
- Сауалнама сұрақтарын құрастырмас бұрын әдебиеттерге шолу жасау және осы тақырыпқа қатысты негізгі білім деңгейін кеңейту қажет.
- Төменгі сыныптардан бастап сауалнама сұрақтарын құрастыру әдістерімен оқушыларды дағдыландырып, жоғары сыныпқа осы дағдыны басқа зерттеушілік дағдылар жиынтығымен өрбіту керектігіне нақты көзіміз жетті.
- Сауалнаманы дұрыс құрастыруға дағдыландыру арқылы сол саладағы білімін толықтыруға үлкен мүмкіндіктер бар екенін анықтадық.
- Сұрақ қоюды маңызды дағдылардың бірі ретінде, оқушылардың оқуына қолдау көрсету үшін, дұрыс сұрақ қоюды оқытудың тиімді құралы ретінде үнемі жетілдіру .
Сондықтан бұл зерттеуімізде әлеуметтік зерттеуде оқушыларды белгілі бір алгоритммен жүйелі түрде жұмыс жасауға үйрету және дағдыландыру қажеттілігі айқындалып, оқушылардың зерттеу жұмысына байланысты дағдылары мен оған қажетті білімдерін қалыптастыруда өзімізге қажетті әдістемелер қоржынын толықтырдық.
Білім берудің әдістемелік деңгейін жетілдіру, оқушылардың жүйелі түрде білімін қалыптастырудың белгілі бір алгоритмі арқылы ізденістік, оқушының өзіне бағытталған тәсілдердің қажеттігі назарға алынды. Осы тұрғыдан алғанда оқушының зерттеушілік қабілетін сатылы түрде және ілгерілік дамытушы принициптерге негізделуін анық көре алдық.
Қолданылған әдебиеттер:
- Мұғалімге арналған нұсқаулық, үшінші (базалық) деңгей, үшінші басылым. 2014 ж.
- https://maksimdovzhenko.ru/kak-pravilno-sostavit-anketnyj-opros.html
- http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1000001118