Кітаптың орны бөлек
https://farabi.university/?lang=ru
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми кітапханасында студенттік әдеби-танымдық оқырмандар клубы қайта жаңғырды. «FARAB» бірлестігі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деген тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді. Сонымен қатар, әдеби кездесулер өткізіп, Қазақстан жазушыларының шығармашылығын, әлем әдебиеті классиктерін насихаттайды. Президентіміздің әкесі де жазушы болғанын еске алсақ, кітап оқудың адамзат үшін ерекше пайдалы екенін, сондықтан да жас буынның кітаптан мол білім мен тәрбие алатынын, өзінің өмір жолындағы тәжірибелерін жас буынға үлгі еткенін байқаймыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Рухани жаңғыру орталығының директоры, жазушы Нұрғали Ораз: «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген осы бір аталы сөз қай ғасырда, қай заманда болсын өз құнын жойған емес. Бүкіл адамзат тарихында көне дәуірлерден сақталып келе жатқан, бізге жеткен асыл мұралар, ақыл-ой, ғылым-білім қазыналары кітап арқылы игілігімізге асуда. Осы ретте ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында оқырмандар клубының жандануы студент жастардың кітапхананың бай кітап қорындағы көркем әдебиетпен танысуларына берілген мол мүмкіндік», – деді.
Білім алушы студенттер арасында кітап сүйер орта қалыптастырып, жаппай кітап оқуға шақыру, кітаптың мәртебесін көтеру, жас ақындар мен әдебиет сыншыларына бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетеді. Қазақ әдебиетінен бастап әлем классикасына дейінгі шығармаларды оқып, жан-жақты талқылайды, түсінген-түйгендірімізбен бөлісіп отырады. Жастар бос уақытын пайдалы өткізіп, жаңа достар табады. Білім алушы студенттердің кітап оқу керек екенін білсе де, ол қалай әсер етеді, кітап оқу арқылы қандай жетістікке жетуге болады және кітапты қалай оқып бастау керек деген сұрақтарға осы әдеби-танымдық оқырмандар клубының берер бағыты мен кеңесі мол.
Оқу-білім дамумен тура пропорционал емес пе? Кез келген елдің кітап оқу, іздену коэффиценті қаншалықты жоғары болса, сәйкесінше сол елде ғылыми жаңалық көбірек ашылады, рухани-мәдени бейнесі қажет деңгейде қалыптасады. Адамның жүріс-тұрысы мен киім киісін, сөз саптауы мен ойлау қабілетін, сана-сезімі мен мәдениетін қалыптастыратын бірден-бір құрал, бұл – кітап десем, артық айтқандығым болмас.
Роза ЕРЕЖЕПҚЫЗЫ,
әл—Фараби атындағы ҚазҰУ
кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының
аға оқытушысы, философия докторы (PhD)