Елордамыздағы Халықаралық мектептің оқушылары сценарист, балалар жазушысы, «Алтын Қалам – 2014» тәуелсіз әдеби байқау жеңімпазы, айтулы «Алтын Тобылғы – 2017» әдеби сыйлығының «Жылдың үздік балалар әдебиеті» номинациясы лауреаты, «Әмина Тұран номадтар елінде» атты алғашқы отандық балалар-жасөспірімдер фэнтези-романының, сондай-ақ, «Алматы кітап баспасының» патриоттық сериядағы «Менің Қазақстаным» атты екі кітаптың авторы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы Зауре Төрехановамен және журналист, республикалық «Айтшы, әжетай» журналының бас редакторы Сандуғаш Нұрқановамен кездесті.
Балалармен кездесуге асыға жеткен қос бірдей мейманымыз екі сағат көлемінде қызықты әңгімелер айтып, заманауи ертегілерден сыр шертті. Кездесуге оқушылармен қатар, директордың бастауыш мектеп оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагог-кітапханашылар, бастауыш сынып мұғалімдері де қатысты.
Цифрлық технологиямен қатар бәсекелесіп келе жатқан газет-журналдар, кітаптар мен өзге де әдебиеттер қоғам сұранысынан тыс қалған емес. Оның бір дәлелі, елордадан шығатын «Айтшы, әжетай» балалар журналы. Журналдың негізгі тақырыптық бағыты-тәрбиелік және әдеби-танымдық, ал аудиториясы – бастауыш сынып оқушылары болып табылады. Журналдық бас редакторы Сандуғаш Нұрқанова кездесу барысында оқушыларға журнал жөнінде толымды ақпарат беріп, оқушыларға бірнеше нөмірін сыйға тартты.
«Балалар барлығымыздың әжелеріміз, аталарымыз бар ғой?», -деп әңгімесін бастаған қонақ ұрпақ тәрбиесінде үлкендердің өнегесі маңызды екенін атап өтті. Балаларға журналда басылған жұмбақтар топтасынан жұмбақ жасырып, олармен бірге анаграмма шешті. Сөзжұмбақ пен анаграммаға ерекше қызығушылық танытқан оқушылар, бірінші боп шешуге тырысты.
Ал балалар жазушысы Зауре Төреханова оқушыларға Нелли мен Молли туралы «Нағыз дос» ертегісін оқып берді. Тілі жеңіл, сюжеті барынша тартымды ерекше ертегіні балалар зейін қойып тыңдады.
Кездесу соңында директордың бастауыш мектеп оқу ісі жөніндегі орынбасары Алия Мадхалыкова қонақтарымызға балалардың өз қолдарымен жасалған сыйлықтары мен алғыс хаттар табыстады. Мұндай жиындардың балаларға берері мол екенін, әр оқушының өз заманындағы балалар жазушысын біліп өсуі қажеттігін тілге тиек еткен Алия Мадхалыкова, қонақтарға өз алғысын білдірді.
Біз де өз тарапымыздан Зауре Төреханова мен Сандуғаш Нұрқановаға алғыс айта отырып, еңбектеріне шығармашылық шабыт тілейміз. Жарқын жүздесу мен шуақты кездесудің ұйымдастырушылары Халықаралық мектептің аға педагог-кітапханашысы Альбина Габдуллина мен педагог-кітапханашы Алия Рустимова екендігін айта кеткеніміз жөн.
Сандуғаш Кожина
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері»
дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы