Home » Жаңалықтар » Халықаралық мектептің оқушылары «Черноризец Храбр» ХХVIII Халықаралық болгар олимпиадасынан жүлделі оралды

Халықаралық мектептің оқушылары «Черноризец Храбр» ХХVIII Халықаралық болгар олимпиадасынан жүлделі оралды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің оқушылары «Интеллектуал – 2050» Халықаралық қоры мен «Математика және информатика» Болгар ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен «Черноризец Храбр» халықаралық болгар турниріне қатысып қайтты, — деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.

Білім беру ұйымдарының 2-10 сынып оқушылары қатысуға мүмкіндік алған халықаралық турнирдің басты мақсаты – республиканың олимпиадалық резервіне енгізуге болатын дарынды оқушыларды анықтау.

Олимпиаданың алғашқы кезеңі өткен жылдың 23 қарашасында өткізіліп, жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылар кезекті бәсекеге жолдама алды.  Екінші кезең 2020 жылдың 3-8 қаңтары аралығында Ақмола облысының Щучинск қаласында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында ұйымдастырылды. Әр білім ордасының намысын қорғауға аттанған дарабоздар бар білімдері мен қабілеттерін ортаға салып, жоғары ұпай жинауға талпынды. Білім бәйгесінде Нұр-Сұлтан, Түркістан, Шымкент, Балқаш қалаларынан келген жалпы саны 44 оқушы бақ сынасып, білім таластырды.

Мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктер әртүрлі тапсырмалар орындап, күрмеуі қиын есептердің шешімін табуда өзара сынға түсті. Аталмыш олимпиадаға Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің тоғыз оқушысы қатысып, білім биігінен көріне білді. Білім додасының нәтижелеріне сәйкес, Санжар Түктібай, Олжас Хамзин, Амира Аристанбаева жүлделі екінші орынды қанжығаларына байлап, күміс медальмен марапатталды. Сондай-ақ, Аяулым Абдрахманова, Ерсайын Жарасбаев, Әділет Жұмат үшінші орынды иеленіп, күміс медальды еншіледі. Жеңімпаздарға «Интеллектуал – 2050» Халықаралық қоры мен «Математика және информатика» Болгар ғылым академиясының атынан арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.

Бірақатар республикалық олимпиадалардың жеңімпазы, «Черноризец Храбр» халықаралық болгар турнирінің күміс жүлдегері, Халықаралық мектептің 5 «С» класс оқушысы Ерсайын Жарасбаев олимпиададан алған әсерімен бөлісті:

– Мен Халықаралық болгар олимпиадасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Бірақ, турнир барысында аздап қобалжыдым. Берілген 5 тапсырманы толықтай орындап шыққаныммен, жүлделі орынға ие боламын деп еш ойламадым. Нәтижелерді естіп, қуандым, — дейді Ерсайын.

Біз де өз тарапымыздан оқушыларымызды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Балалардың игі бастамаларына қолдау танытқан ата-аналар қауымына, сапар барысында жетекшілік еткен Халықаралық мектептің математика пәні мұғалімі Ләззат Ғабитке алғысымызды білдіреміз.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.