ХХІ ғасыр заманынында, оқушыларға әлемдік деңгейде білім беру, оқу мен оқытуда жаңа әдістерді тиімді қолдану, ұстаздардың жаңа инновациялық технологияларды меңгеруі – елімізге өрісі кең, шығармашыл, алған білімін өмірде қолдана білетін, білімді, жаңаша көзқарасы қалыптасқан, мәдениетті тұлғаларды тәрбиелеу – бүгінгі таңда білім қызметкерлерінің алдына қойылып отырған үлкен мақсаттарының бірі. Мейлі ол тарихы терең білім ошағы болсын заман талабына сай өзгеруі тиіс. Бірақ қабырғасы сонау 1944 жылы қаланған киелі шаңырақтың заманауи өзгерістермен ілесіп, жастарды еліміздің тәрбиелі, білімді, еңбекқор етіп тәрбиелеуі білікті мамандардың ерең еңбектерінің нәтижесі деп білеміз. Осы орайда мектептің білікті басшысы Оңғарбаева Жанна Бүркітбайқызымен сұхбаттасқан едік.
Жанна Бүркітбайқызы, мектептеріңізге биыл 75 жыл. Білім ошағының ашылуы мен тарихы туралы айтып берсеңіз. Ескі жылдарда ұжымды кімдер басқарды?
Дмитрий Михайлович Карбышев атындағы № 16 орта мектебі 1944 жылы ашылған. Ең алғашқы жылдары мектеп теміржол мектебі деп аталды. Бұл ретте әр жылдарда білім ошағын басқарған мектеп директорларын атап кетпеске болмайды. Ең алғашқы басшы 1944 жылы Омаров болса, Шеменева Зоя Дмитриевна 1967-1979 ж.ж., Очкаляс Татьяна Антоновна 1979-1988 ж.ж., Брыкалова Инна Тимофеевна 1988-1996 ж.ж., Дмитриев Николай Филлипович 1996-1997 ж.ж., Бейсенова Гульжан Толепбаевна 1997-2006 ж.ж., Шардарбекова Канат Диасовна 2006-2008 ж.ж., Корганбаев Талгат Нуртасович 2008-2010 ж.ж. басқарған білікті директорлар. Осы жылдардан бастап мектеп қаншама белестерден өтіп, қиындық пен қуанышты бастан кешірді! Ұлы Отан соғысы жылдары ашылған білім ұясынан мыңдаған түлектер білім алып, түлеп ұшты. Бүгінгі таңда еліміздің түрлі салаларында өз үлестерін қосып, еңбек етуде.
Уақыт бір орнында тұрмайды. Биыл мектебімізге 75 жыл толып отыр. Мектеп ұжымы барлық қазақстандық мектептермен бірге білім саласында болып жатқан реформаларды қолдай отырып, мойынындағы жауапкершілікті сезініп, көптеген жаңалықтарды оқыту үрдісінде енгізіп келеді.
-Тарихы терең білім ордасының бүгінгі бейнесі қандай? Орта мектеп мұғалімдерінің жетістіктері туралы айтып берсеңіз…
Мұғалімдер ел көшінен қалмау қажет екенін түсінді. Себебі, қай салада болсын, жұмыс нәтижесі сапамен өлшенетіні белгілі.Дегенмен де, қалыптасқан ескі дәстүрлі оқытудың ықпалында көптеген жылдар бойы еңбек еткен ұстаздарға өзгеру оңай болған жоқ
Білім алушылардың қажеттілігі мен сұранысын жүзеге асырып, білім беруде ұстаздарға кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, өздеріне сын тұрғысынан қарап, жаңашыл, білікті маман ретінде қалыптасуда жаңа білім қажет болды.
Бүгінгі таңда мектебімізде 127 мұғалім еңбек етуде. Оның ішінде жоғары санатты 17, соның ішінде 6 зерттеуші ұстаз, бірінші санатты 44 мұғалім, оның ішінде 10сарапшы ұстаз, екінші санатты 34 мұғалім, оның ішінде 6 модератор ұстаз білім беруде.
Соңғы бес жылды алып қарасақ біздің мектептің ұстаздары да ҚР мұғалімдерінің біліктілігін арттыру бойынша деңгейлік бағдарламар аясында «НЗМ» жанындағы Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетімен бірлесіп әзірлеген деңгейлік бағдарламалар курстарын, ҚР «Өрлеу» БАҰО» филиалының біліктілігін арттыру курстарын 11 мұғалім, орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарын 79 мұғалім, үш тілде оқыту курстарын 6 мұғалім, инклюзивті білім беруді дамыту курстарынан 5 мұғалім өз білімдерін жетілдірді. «Тәжірибедегі рефлексия және мектептегі мұғалім көшбасшылығы» тренерлік курстарынан 7 мұғалім білімдерін арттырып, оқу мен оқыту барысында теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану жолдарын ықшам сабақтар беру арқылы, ұстаздарға кәсіби кеңестер беріп, құзырлықтарын шындауда.
Осы жаңа білім алудың нәтижесінде сабақ жоспарлау да үлкен өзгерістерге ұшырады. Ал деңгейлік курстан өткен мұғалімдер өз сабақтарында бағдарламаның жеті модулін тиімді қолданып, оқу мен оқытуда оқушыларға жаңа дағдыларды игертіп келеді.
— Жаңартылған білім беру мазмұнына да ұстаз, оқушы, ата-ана қалыптаса бастады. Бұл жаңашылдық мектебіңізде қаншалықты жүзеге асырылуда?
Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алушылардың оқу сапасын арттыру, оқушылардың өзін-өзі дұрыс бағалай білу және не үшін бағаланып жатқанын білу мақсатында критериалды бағалау жүйесін қолданудамыз. Оқушылар енді өз іс –әрекеттерін жоспарлап және талдау жасауға, ал мұғалім әр оқушының жеке қабілеттерін ескере отырып, оқытудың траекториясын құруға мүмкіндіктер берді.
Бағалаудың жаңа технологиясын оқу процесінде тиімді енгізу, мұғалімдердің жаңа оқыту әдістерін өз жұмыстарында қолдану технологиясымен таныстыру мақсатында мектеп координаторы, директордың ғылыми–әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жолдасованың басқаруымен мұғалімдерге әдістемелік көмек пен қолдау үнемі көрсетіліп отырады
Пән мұғалімдері мен жас мамандарға жаңартылған білім беру мазмұны
бойынша «Қалыптастырушы бағалаудың маңыздылығы», «Жиынтық бағалауды жоспарлау және ұйымдастыру», «Сабақ барысында жиынтық және қалыптастырушы бағалауды жүргізу жолдары» мәселелері бойынша оқыту семинарлары өткізілді. Сондай-ақ жаңартылған білім мазмұны жағдайында бастауыш сыныптарда пәндерді оқыту барысында – БЖБ /бөлім бойынша жиынтық бағалау жүргізу/, ТЖБ /тоқсандық жиынтық бағалау/ жүргізілуі, балл қою мониторингі, тапсырмалар бойынша кері байланыс беру, рубрика толтыру/ жүргізу бойынша сабақтарға қатысып, кездесетін проблемаларды шешуде жас мамандарға үнемі қолдау көрсетіледі. Әрине, модерация үдерісін дұрыс ұйымдастыру және рәсімдеу мәселесі де назарда.
Әдістемелік бірлестіктердің айлықтары барысында оқыту семинарлары, шебер сынып, ашық сабақтар, шығармашылық есептер, сыныптан тыс іс-шаралар оқушылардың бойында көшбасшылық дағдыларын дамытып, оқушылардың іс –әрекетін, өз-өздерін бағалай білуі, топта жұмыс істей білу, ең бастысы, мұғалім мен оқушы арасындағы орнатылған ыңтымақтастықты деңгейлік сабақтарда көруге мүмкіндік берді. Бұл, әрине, сабақтарда сыни тұрғыдан ойлау технологиясы мен оқытудың 7 модулін қолдану арқылы жеткен жетістіктер деп білеміз.
Осы арада айта кету керек жеке оқушыны тек кітап деңгейінде ғана мәліметті жеткізіп, қорытуға үйретіп, оның жеке шығармашылық қабілеттерін, қасиеттерін қаншалықты бағалағанбыз… Ал қазіргі жаңа әдіс –тәсілдер сабақтарды жоспарлауда өзгеше сипат берді. Себебі, қалыптасқан ескі дәстүрлі сабақтарда басты назарда мұғалім болса, бүгінгі жаңа сабақтарда басты назарда білім алушы болды — ең бастысы, оқушының білім алуға деген көзқарасының өзгеруі, өзін-өзі бағалап қана қоймай, өзіне сын көзбен қарап, функционалдық салауаттылығын арттыру қажеттілігін түсінгені, яғни жаңа білім алуда жаңа әдістердің тиімділігі деп ойлаймыз.
Бағалаудың жаңа жүйесі мен оның ерекшеліктері мен қажеттілігі жайлы мектеп ұжымы ата –аналар қауымдастығы алдында толық, ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыр.
Оқу процесін оңтайландыру — 2018-2020 жылдарға арналған цифрлық экономика үшін адами капиталды дамыту жөніндегі жол картасын іске асырып, «Күнделік KZ» жүйесі бойынша мектеп ұстаздары жаңа жүйемен жұмыстарын жүргізcе, ата-аналар электронды журналдар арқылы балаларының үлгерімін бақылап отыруға мүмкіндік алды.
—Үш тілде білім беру үдерісі қалай жүргізілуде?
«Үш тілде оқытуды енгізу аясында ағылшын тілінде біліктілікті арттыру» курстары бойынша жаратылыстану-математика пәндерін — физика – А.З.Жақсылықова, химия – Шведова Е.В., Ж.А.Жолдасова, Д.А.Елемесова, биология – Б.Балжігіт , информатика –Г.Анарбаева өз пәндерін ағылшын тілінде оқытуда. 8-А қазақ сыныбында «Химия ағылшын тілінде» элективті курсы 1 сағатпен оқу процесіне енгізілді.
Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында берілген тапсырмалар келесі бағытта іске асырылып отыр:оқу жоспарының вариативті бөлімінен 7 сыныптарда «Өлкетану», 8 сыныптарда «Туған өлкенің тарихы» таңдау курстары енгізілді.
Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан оқу бағдарламасына сәйкес тарих, география пәндерін оқуда 7, 8 сынып оқушылары туған өлкеміздің киелі жерлері мен мәдени географиялық орындарына экскурсия, саяхаттар жасап, танысуда.
-Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында мектеп аясындағы оқушалардың үйірмелермен қамтылғаны қанша? Және де бұл үйірмелердің нәтижесі қандай?
Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін, бойларына қажетті дағдыларды қалыптастыруға білім мен кәсіпті, өнерді кітап сөзімен қабылдамай, «көзімен көріп, қолымен ұстап», яғни өмірлік дағдыларды, адалдықты, еңбекқорлықты, жауапкершілікті қалыптастыруға сыныптан тыс іс-шаралар мен үйірмелердің маңызын атап кету қажет. Мектепте өнер, қолөнер, вокал, спорттық, қуыршақ, туристік, экологиялық, техникалық бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді.
Үйірмелермен жалпы қамтылған оқушылар саны — 1246, яғни, 85% құраса, оның ішінде: мектепшілік үйірмелерге –994 оқушы, яғни 68 %, ал мектептен тыс үйірмелерге –670 оқушы, яғни 45,7% құрап отыр. ҮіҮйірмеге қатысатын оқушыларымыз жыл сайын облыстық, республикалық, хахалықаралық байқаулар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. |
Сонымен қатар, техникалық-шығармашылық орталығына -46 оқушы, «Көркем өнер» мектебіне 24 оқушы , «Глинка» музыка мектебіне, түрлі аула клубтары мен курстарға 239 оқушы қамтылған. |
Қалалық №3,4,5 спорт мектептерінде 74 оқушы , «Тараз-Арена» спорт кешеніне 5 оқушы, «Дельфин» су бассейнінде 49 оқушы, «Локоматив» спорт кешенінде 55 оқушы, «Атлетик» спортклубында — 5 оқушы, «Жастар» стадионында 7 оқушы , басқа да футбол секцияларында -17 оқушы, Бокс сарайы секцияларында 3 оқушы қамтылып, спортпен айналысады. |
Білім жолы тынымсыз еңбекті, шығармашылықты, жоғары кәсіби деңгейді талап етеді. Сондықтан мұғалімдер де үнемі даму үстінде болу шарт. Білім беріп, тәрбиелеп отырған шәкірттерінің сұраныстарын қанағаттандыру үшін еңбек етуді жалғастырамыз.
Сұхбаттасқан Жансая Құрманғалиқызы,
«Білім айнасы», Жамбыл облысы, Тараз қаласы