Жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте 8 сынып оқушыларының әлеуметтік жобалар конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияға 22 оқушыдан құрылған 8 топ пен 8 супервайзер қатысты, — деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.
Конференцияны ұйымдастыру мен өткізуге кураторлар бірлестігі, CAS координатор, пікірталас бойынша қосымша білім беру педагогы атсалысты. Сонымен қатар, шараны техникалық (ақпараттық) қамтамасыздандырумен Халықаралық мектептің аға инженері Асылбек Баяшев айналысып, компьютерлік жабдықтау бойынша инженер Абай Балташев оқушылардың жобаны жүзеге асыру мен зерттеу барысынан арнайы бейнеролик ұсынды.
Әлеуметтік жоба – IB MYP бағдарламасы бойынша оқытудың маңызды кезеңі. Ол білім алушыларға әлеуметтік маңызы бар мәселені немесе концепцияны өздігінен таңдап, негізгі мектепте алған білімдері мен жинақтаған дағдылары нәтижесінде оны шешуге, жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жобаны дербес немесе командамен орындап, кез-келген тілде қорғауға және таныстыруға болады.
Халықаралық мектептің оқушылары өзара 8 командаға бөлініп, 8 әлеуметтік мәселені қалың көрермен алдына шығарды. Әлеуметтік жобалар конференциясы төрт топты қамтитын 2 сессияға бөліну арқылы сараланды.
8 сынып оқушылары Алихан Нишанбаев, Амина Шакратова өз жобаларында бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі көпбалалы отбасылардың жайын көтерді. Алғашқы топтың «Көпбалалы отбасыларға көмек» тақырыбындағы жобасы мақсат-міндеттері мен жоспарлануы тұрғысынан мазмұнды болды.
Әлеуметтік жобаларына қарттар мен жастардың мәселесін арқау еткен екінші топ көрермендердің назарына «Қазіргі қоғамдағы жастар мен қарттардың арасындағы қарым-қатынас» тақырыбын ұсынды. Елина Ержан, Аяулым Адильбекова, Сұлтан Темиртасов таңдалған тақырып аясында өзіндік зерттеу жұмыстарын жүргізіп, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізген.
– «Қарты бар елдің қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Шынымен де көпті көрген қариялар тұрғанда жас жеткіншектер үлгісіз қалмайды. Олардың әрбір ақыл-кеңесінің астарында үлкен бір мән жатады. Алайда оларға да жалындап тұрған жастардың көмегі, ізеттілігі қажет», — дейді оқушылар.
Әлеуметтік ғана емес, қоғамдық, экологиялық маңызы бар кезекті тақырып аясында үшінші топ оқушылары Әли Әділ, Мұстафа Дарханұлы, Алихан Аманбек табиғатты құтқаруға бел буды. Олардың «Қоқысты сұрыптау» тақырыбындағы әлеуметтік жобасы – «Экологиялық пайдалы әдет табиғатты құтқарады» ұстанымымен үндесе түсті. Оқушылар қоқыстардың, экологияға, қоршаған ортаға тигізілетін зиянның азаюы үшін зерттеу жүргізіп, нәтижелерін ортаға салды.
Қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің мәдениетпен, экологиямен, сондай-ақ, спортпен де тығыз байланыста екендігі сөзсіз. Мұның бір дәлелі, төртінші топтың «Ұшу – баскетболистің табиғи күйі» тақырыбындағы әлеуметтік жобасы. Жоба авторлары Ильяс Есеналы, Абылай Болат, Ислам Ахметжанов рухани-адамгершілік негізінде баскетболды сабақтастықта дамытып, салауатты өмір сүру дағдылары арқылы дене мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды. Олар әлеуметтік жобалары аясында елордадағы бірқатар мектеп оқушыларымен баскетболдан жолдастық кездесу өткізіп, мектептегі бұл спорт түрінің дамуына үлес қосады.
«Дұрыс таңдау жасау қоғамның, тіпті барша әлемнің дұрыс дамуына ықпал етеді» деген қағидатты ұстанған бесінші топ оқушылары адамзатты пластикалық стакандардан бас тартуға шақырды. Аружан Сауытбай, Сагида Сагнаева, Анель Толеген өз әлеуметтік жобаларын «Сенің таңдауың әлемге ықпал етеді» атауымен көрермен назарына ұсынды. Оқушылар зерттеу барысында мектеп қауымдастығының пластикалық стакандарды пайдалану жиілігіне санақ жүргізіп, олардан бас тарту арқылы біраз қаражатты үнемдеуге болатынын жеткізді. Ал үнемделген қаражатты қайырымдылыққа жұмсап, игі бастамалар мен шараларға бағыттауға болатындығын да тілге тиек етті. Олар өз ойларын статистикалық мәліметтер негізінде қорытындылады.
Алтыншы топ өкілдері Наргиз Достанбекова, Айғаным Риахан, Аружан Даулетова қазіргі таңда полиэтилен пакеттердің орнын экопакеттердің ауыстырғанын жөн деп санайды. Бұл мақсатта олар әлеуметтік жобалар конференциясында «Экопакеттер – кейінгі ұрпақтың болашағы» тақырыбындағы жұмыстарын таныстырды. Оқушылар азық-түлік өнімдерін сақтаған кезде экопакеттер токсиндер бөлмейтінін айтты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кез-келген қабықша түріндегі немесе бір реттік ыдыс ретіндегі пластик денсаулық үшін зиянды заттар бөлетінін дәлелдеген болатын. Сондай-ақ, балалар экопакеттерді қолдан қолдан жасау туралы шеберлік сабағын өткізді.
— Экопакеттерді қымбаттырақ бағаға алғанымыз дұрыс, есесіне адам оның экология үшін пайдалы және денсаулық үшін зиянсыз екенін білеміз», — дейді жоба авторлары.
«Шылымқорлық – алдын алуға болатын, әлемдегі барлық аурулардың басты себепкері болып отыр», – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының директоры Х.Малер. Бұл пікірдің дұрыстығы мен маңыздылығы жетінші топтың оқушылары Нурсауле Есбол мен Алибек Абудың жобасында айқындала түседі. Оқушылар «Өмірімізді темекі түтінінен тазарту» тақырыбындағы әлеуметтік жобаларында темекінің адам өміріне зиян екендігін айтып, бірқатар дәйектемелер келтірді. Олардың айтуынша, темекі тұтынудың және темекі түтінінің әсері өлімнің, әртүрлі аурулардың және мүгедектіктің басты себебі болып табылады.
Сегізінші топ оқушылары жобаларының таныстырылымын «Қайырымдылық – қастерлі ұғым. Жақсылыққа қайырымдылықпен жауап беру әр жанның болмысына біткен ізгі амал. Айналамыздығы мұқтаждарға мейірімділік пен ізгілік, достыққа адалдық таныту – адамгершіліктің белгісі», — деп бастады. Конференцияға «Өзіңнен баста» тақырыбындағы жобаларын ұсынған Камилла Баратова, Жансулу Енсебаева мен Адина Ботабаева қайырымдылық жасаудың маңыздылығын сөз етті. Оқушылар қайырымдылық жасау жастарды тазалыққа шақырумен, жастарға қазыналы қарттарымызды аялап, құрметтеуге шақырумен, қарттарға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасаумен, жастардың бойындағы адамгершілік қасиеттерді, мейірімділікті, қамқорлықты, кішіпейілділікті дамытумен, қарттардың үйіне тазалық жұмыстарын жүргізумен, ауласын тазалап, көгалдандырумен, қарттарға қол ұшын созумен, құрметтеумен көрінетінін де атап өтті.
Әлеуметтік жобалар конференциясына 30-ға жуық ата-ана мен барлық 7-8 сынып оқушылары, мектеп әкімшілігінің өкілдері шақыртылды.
Жобалардың таныстырылымы барысында оқушылардың әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар мәселелерді нақты анықтай алғандықтары, жобаны зерттеуге қажет біліммен, дағдымен қаруланғандықтары, әлеуметтік іс-әрекеттің жүйелі жоспарланғандығы, топтық жұмыс негізінде ұйымдастырушылық, зерттеушілік қабілеттерінің жоғары болғандығы, тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, жеткен нәтижелеріне өзіндік баға бергендіктері байқалды.
Халықаралық Бакалавриат ұйымы ұсынған «Әлеуметтік жоба» оқушыларға қоғамдағы өз құқықтары мен міндеттерін, жауапкершіліктерін түсіндіруге бағытталады. Әлеуметтік жоба балаларға қоғамдағы әртүрлі қауымдастықтардың қажеттіліктерін анықтап, әлеуметтік қызмет аясында туындаған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Халықаралық мектеп оқушылары бұл күрделі сатыны абыроймен еңсеріп, өзектілігі мен маңызы жоғары сегіз мәселені шешудің жолдарын ұсынды. Таңдалған әрбір тақырып пен көтерілген мәселе қоғам үшін көкейтесті, адамзат үшін күрделі болып табылады. Әлеуметтік жобалар конференциясында қорғалған жұмыстардың әрқайсысын жоғары бағалап, үздік деп есептейміз.
Сандуғаш Асанқызы Кожина
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы