Home » Жаңалықтар » Абай мұрасының педагогтер үшін тағылымдық бағыт -бағдары

Абай мұрасының педагогтер үшін тағылымдық бағыт -бағдары

Ильясова Акмарал Шатиковна
«Өрлеу» БАҰО АҚФ СҚО ПҚ БАИ
Петропавл қаласы, СҚО

Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы классик ақыны, ағартушы демократы, ұлтымыздың рухани мақтанышы. Абайдың мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен шығармалары бүкіл әлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз.

Абай мұрасының болашақ ұрпақты тәрбиелеуде тигізер пайдасы зор. Ұлы Абайдың 175-жылдығына орай ақын жырларын оқу челленджі жалғасудың арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» тағылымы мол мақаласынан да Абай мұрасының мәдени-рухани және танымдық-тәрбиелік мәні қазіргі кезеңде де маңызы мен құндылықтарын жоғалтпағаны анық аңғарылады.

Ақын білімді деген ұғымға өзінше ерекше мән береді. Мектептен алған білімін адамгершілікпен ұштастыра білмейтіндерді Абай адамсымақтардың ең үлкен наданы, арамы екенін айтқан. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған. «Адамның білімі, өнері – адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Жаңартылған білім беру бағдарламалары ерекшеліктерінің бірі-оқушылардың бойында кең ауқымды дағдыларды дамыту. Пәнішілік интеграция, пәнаралық байланыс негізінде, саралап оқытуды тиімді ұйымдастырудың арқасында бастауыш сыныптан бастап «Әдебиеттік оқу» сабақтарында оқушылар тәрбиелік маңызы зор шығармалармен танысыады, Абайдың адамгершілік туралы этикалық ойлары, пікірлері әрқашан қуат беріп, шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады.

Абай шығармалары мектептердің оқу бағдарламаларына еніп, оқулықтардан тұрақты орын алды. Жастардың еңбек етіп, ғылым мен білімге ден қоюы, алда тұрған мақсаттарына жету жолында табандылық көрсетуі қажетті сияқты асыл қасиеттерді уағыздау-Абайдың бүкіл ақындық қызметінің негізгі де үзілмейтін идеялық-тақырыптық желілерінің бірі.

Соңғы кездері курс аясында білім беру бағдарламасын іске асыру және әлеуетті арттыру үшін тыңдаушылардың біліктілігін арттыруда каскадты оқыту моделі қолданылады: курс барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер білімге беруге емес, тәжірибе мен рефлексияға негізделу керек. Мұғалімдердің өз білімдерін жүйелі көтеріп отырулары – олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне ықпал ететін негізгі фактор, ал тәжірибесімен алмасу-ең үздік әдістеме болып табылады. Осындай тәжірибеге, нәтижеге бағытталған қысқамерзімді курстардың бірі – «Абайтану» таңдау курсына арналған «Абай мұрасының рухани-адамгершілік және танымдық құндылықтарын өзектендіру» тақырыбында қазақ тілі мен мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған қысқамерзімді курс. 2020 жылдың ақпан айында «Өрлеу» БАҰО» СҚО ПҚ БАИ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ серіктестігі аясында өткізілген курстың мақсаты- Абай Құнанбайұлын қазақ әдебиетінің көшбасшысы ретіндегі құбылыстық сипатын, ақындық әлемін, өлең өнеріндегі қайталанбас өзгешелігін, ойшыл кемеңгерлігін танытуға бағытталған. Таңдау курстарын оқыту стандарттық оқуды қайталамайтын оқу әрекеті болып табылады. Сондықтан оның әдістемесі де өзіндік ерекшеліктерімен айшықталады. Мұнда оқушылар оқу материалын меңгеруді ғана емес, сол оқу материалдары бойыншаө өз бетінше оқу әрекеттеріне енуге, ізденімпаздық қабілеттеріне үйренуге бағытталады. Демек оқу материалдары өмірге керек ақпараттық, коммуникативтік, проблемаларды шешу сқитяы негізгі құзыреттерді қалыптастыру үшін қолданылады. Сол себептен ең тиімді оқыту-нақты әрекет арқылы оқыту, яғни белсенді оқыту болып есептеледі. Олай болса, педагогтерді жаңартылған мазмұн бойынша немесе қысқамерзімді біліктілік арттыру курстары барысында нақты тәжірибе негізінде оқыту олардың кәсіби құзіреттіліктерінің дамуына қолайлы жағдай жасаудың ең тиімді түрі деп санауға болады.

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары, Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту – қоғамдық ой-санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Абай – ұлы ұстаз-кемеңгер. Абай тақырыбы – мәңгілік тақырып.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.