Home » Білім және өнер »  БҚО: ІХ облыстық Қадыр оқулары қорытындыланды

 БҚО: ІХ облыстық Қадыр оқулары қорытындыланды

Рухани  жаңғыру  бағдарламасы  аясында  «Өлең сөздің зергері- Қадыр ақын»  атты жалпы  білім  беретін мектептердің оқушылары  арасында  ІХ облыстық Қадыр оқуларын қашықтан өткізілді.

Облыстық «Қадыр оқулары» байқауына аудандық, қалалық және мамандандырылған облыстық мектептерден  49 оқушы қатысты. Сайыс  «Сөзім барда – өзім бар»,   «Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы…», «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» атты үш бөлімнен өтті.

Сайысқа қатысушылар «Сөзім барда – өзім бар» бөлімінде – ақынның  шығармаларын Zoom видеобайланысы арқылы нақышына келтіріп, жатқа оқыды.  Қазылар алқасы оқушылардың өнерін мәнерлеп оқу шеберлігі, дауыс ырғағы, жаттаған өлең санына қарай бағалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Бұл бөлім бойынша бас жүлдені Қаратөбе ауданы, Үшағаш негізгі орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Нұрайна Сыйлыбек иеленді.

«Болу үшін жаралғам туған жердің жырауы…» бөлімінде үміткерлер Қадыр Мырза Әлі сөздеріне жазылған 1 әнді орындап, http://www.youtube.com каналында орналастырылған сілтеме бойынша  әнді орындау ерекшелігі, дауыс ырғағы, әртістік қабілеті бағаланды.

Бас жүлдеге Орал қаласы, Ә.Молдағұлова таныдағы №38 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Урманова Сымбат лайық деп танылды.

«Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім» бөлімінде қатысушының ақындық шеберлігін тексеру мақсатында қатысушылар берілген тақырып бойынша  Қ.Мырзалиевке арнап өлең шығарып, Zoom видеобайланысы арқылы  мәнерлеп оқыды. Шығарманың мазмұны, сөз ұйқастары, тақырыпты аша білу қабілеті бағаланды.

Бас жүлдені Жаңақала ауданы, Айдархан ЖОББМ 11 сынып оқушысы Дильназ Дидарқызы жеңіп алды.

 

Құрметті жеңімпаздар мен Ұстаздар !

Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймыз! Оқушыларымыз өнерде  өз жолдарын тауып, жас ақындардың қаламдары ұштала берсін деп тілейміз! Аспанымыз ашық, арманымыз биік болып, қазақ поэзиясы киесін жоғалтпасын! Бұл жетістік ұстаздардың еңбегінің жемісі, оқушылардың білімділігінің арқасы деп білеміз. Оқушыларыңыз сіздердің сенімдеріңізді ақтап, болашақта еліміздің үлкен азаматтары болып өссін!

 

 

БҚО білім басқармасы баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.