Республикалық «Білім айнасы» жобаларының негізін қалаушы Қуантай Амантайұлы білім саласының салалық БАҚ болғандықтан қала мен ауыл оқу орындарының және білім деңгейінің қаншалықты жақын не алшақ екенін бақылау мақсатында Ақмола облысы, Целиноград ауданы Білім бөлімінің басшысы Қанат Есембекұлымен кездесті. Аймақтық білім сапасына байланысты білім ордаларының қызметкерлерімен кездесіп, өнер, білім, тәрбие мәселелері жайында ақпаратпен қамту басты жоспарларының бірі болғандықтан оқу орындарына кіруге рұқсат алды.
Аудандық Білім бөліміне әдістемелік көмек көрсетіп, нормативтік құжаттар мен бағдарламаларды нұсқаушы ретінде таратып отырған әдіскерлермен кездесіп, мектептер мен балабақшаларға қандай көмектер жасағандары жайында танысты. Ауданның тыныс тіршілігінен құлағдар еткен әдіскерлер жұмыстарын адал, жаңартылған бағдарламаның жаңалығын жарыса айтты.
Мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны «Жұлдыз» балабақшасына келгенімізде тәрбиешілердің ашық сабақтарына дөп түстік. Балабақша тәрбиешісі Людмила Григорьевна бүлдіршіндерді логикалық интеллектуалды ойындармен қызықтырып қана қоймай, шапшаң қимыл мен ойлау қабілеттерінің дамуына жәрдем жасауда. Тәрбие орталығының меңгерушісі Ольга Анатольевна балабақшаның ішін аралап таныстырып, ата-аналармен бірлесіп жасаған жұмыстарын көрсетті. Сонымен қатар, Қуантай Амантайұлы 60 жылдық тарихы бар Целиноград ауданы білім бөлімі, Ақмол ауылының 5 орта мектебінің басшысы Алла Айдарбековна және әдістеме бірлестігінің жетекшілерімен қызу әңгіме жүргізіп, атқарылып жатқан жұмыстар аясымен жіті танысты.
Бастауыш әдістеме бірлестігінің жетекшісі Сабира Балтабайқызы бастауыш сынып жетекшілерінің ықпалымен, айына 1 мәрте жарық көретін «Балбұлақ» журналының презентациясын көрсетіп, жарияланатын материалдар легін жіпке тізіп берді. Түйін сөзді ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уордтың «Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады» деген ойымен аяқтады. Әрине, тәрбие тал бесіктен бастау алғанмен, негізгі қайнар көзі балабақша мен мектеп ошағы екені бесенеден белгілі. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе- білім ғана.
Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
“BILIM AINASY”
Нұр-Сұлтан қаласы