Home » Жаңалықтар » 12-мамырда ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы болады

12-мамырда ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы болады

12-мамыр, сағат 18:30 ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы болады. ҚР Білім және ғылым министрлігі алғаш рет ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күнін жариялады. Бұл шара заманауи мектептердің жай-күйін танып-біліп, ондағы шәкірттердің қалай біліп алып жатқандарына бейжай қарамайтын қазақстандық әр отбасыны айналып өтпеуі қажет-ақ.

Ата-аналардың көбісінің мектеп жиналыстарына қатыспайтыны жасырын емес. Бұл, өз кезегінде, ата-аналардың балаларының болашағына немқұрайлы қарауына әкеп соқтырып жатады. Сол себепті де ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы күніне барынша мән-мағына беріп, бұл күні барлық ата-ана жаппай мектептерге келіп, балаларының сыныптарын аралап, олардың қалай сабақ өтіп жатқандарын өз көздерімен көріп, сынып жетекшілерімен, мұғалімдерімен, мектеп басшылығымен сөйлесіп, пікірлесулеріне жағдай жасауға тырысып отырмыз.

Бүгінде қазақстандық білім жүйесінде көптеген өзгеріс бар. Еліміздің барлық қаласы мен ауылдарында бір мезгілде өткізілетін шара барысында осы мәселелер туралы сөз болады. Осыған орай балалардың сапалы білім алып, олардың бәсекеге қабілетті, болашақтары жарқын болулары үшін жаңартылған мазмұн енгізіліп, еліміздің мұғалімдері педагогтардың біліктіліктерін арттыру бағдарламасы аясында жаппай оқытылып жатыр.

Былтырдан бастап 1-сыныпта оқушылардың оқудағы жетістіктерін шектеусіз бағалау жүйесі енгізілді. Алдағы 1-қыркүйек – жаңа оқу жылынан бастап жаңартылған бағдарлама бойынша 1, 2, 5, 7-сынып шәкірттері оқитын болады.

Биыл балалар ҰБТ-ны жаңа формат бойынша тапсырады. Сондай-ақ қала мектептері мен ауыл мектептерінің білім сапасының ажырауын болдырмау үшін ҚР БҒМ ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. «Баршаға тегін кәсіптік білім» бағдарламасы бастау алды.

Ата-аналар жиналысында мектеп әкімшілігі Қамқоршылар кеңесінің жұмысын, кеңестің құқығы мен міндеттерін, қағидасы мен қызмет тетігін талқыламақ. Осы және басқа да маңызды сұрақтарға жауапты ата-аналар жиналысынан білулеріңізге болады.

Құрметті ата-аналар, бұл күні сіздер өз еріктеріңізбен мектеп кітапханаларына көмек қолын созуларыңызға да болады. Оқуға пайдалы деген кітаптарыңызды өздеріңізбен бірге әкеліп, мектеп кітапханаларына өткізсеңіздер, бұл да бір жарқын іс болары сөзсіз. Өйткені, бұл жерде сіз бен біздің балаларымыздың білімі мен болашағы тұрғанын ұмытпайық.

Ал біздің болашағымыз – балалар!

 ҚР БҒМ Баспасөз қызметі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.