Жоғары технологиялар әлемінің жас жұлдыздарының жетістіктері, информатика пәнінен 31-ші Халықаралық олимпиаданың қорытындысы белгілі болды. Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды. Бүгінгі күннің батырлары «Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ түлектері Сардарбеков Батыр алтын медальді, Закарин Данияр күміс медальді иеленсе, Өскемен қаласындағы дарынды ер балаларға арналған облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Байболов Темірлан мен Нұр-Сұлтан халықаралық «Spectrum» мектебінің түлегі Құрбанбаев Жан қола жүлделі болды. Олимпиадаға әлемнің 87 елінен 325 оқушы қатысты.
Ел қоржынына информатика пәнінен алғашқы екі алтын медальді қатысушылар 2007 жылы Хорватия, Загреб қаласында өткен халықаралық олимпиададан әкелген еді.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылдың 4-10 тамыз аралығында республиканың құрама командасы Әзірбайжан астанасы Баку қаласында өткен информатикадан 31-ші Халықаралық олимпиадаға қатысты. 2020 жылы Олимпиада Сингапурда өтеді.
ҚР БҒМ Баспасөз қызметі