Home » Мақалалар » Кітап – жан азығы

Кітап – жан азығы

 Алматы қаласы, Бостандық ауданы
Нурлыбаева Айдана Болатовна
Мүсілім Базарбаев атындағы
№138 гимназия
бастауыш сынып мұғалімі

      Қазақ халқы ежелден дәстүрін дәріптеп, салтын кейінгі ұрпаққа сақтап, мұра ретінде қалдырып отырған. Оның барлығы бізге халық ауыз әдебиетінен белгілі. Тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ақтарып, көп жағдайдың куәсі боларымыз да хақ. Сол себепті жазу,сызу өнері өз кезегінде пайда болғаннан кейін, өскелең ұрпаққа өнеге көрсетіп, кітап жазып қалдырған ғұламаларымыз жетерлік. Ал оны оқып, түсініп кәдесіне жарата алатын жастарымыз да бар. Ол балаға оқушы кезінен қалыптасатын әдеттің бірі.

Қазіргі таңда былдырлаған тілімен баурап алатын, бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1 сынып оқушыларын білім нәрімен сусындатып жүрмін. Оларға кітап туралы кең мағынасында түсіндіру қиынға соққанымен, оның пайдалы және білім алудағы ең басты құрал екендігін түсіндіре аламын. Адам кітап оқу арқылы мынадай жетістіктерге жете алады;

  • Жан-жақты ойлай алады
  • Білімін шыңдайды
  • Көркем әдебиет оқыған адамның, қиялы ұшқыр, арманы асқақ болады
  • Сөздік қоры молайып, түрлі ортада өзінің білімін ортаға салуға қорықпайды
  • Өзіне деген сенімділігі артады

    Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Адамзат кітапқа өзінің қасиетті сезімі мен жан жылуын сеніп тапсырған.

Конфуций: «Ойланбай оқу – бекер еңбек, оқымай ойлау – қауіпті»

Римдік философ Сенека: «Қорғанды оқудан ізде, сонда сен өмірдің барлық қайғы-қасіретінен құтыласың» дегенді айтады.

Толстой айтады: «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей». Кітап – құндылық. Ол адамды көбірек ойға жетелейді. Албырт сезімімізді тежеуге, ішкі ойлау күшімізді арттыруға себеп болады.

Белгілі ақын Аманхан: «Кітап та адамды тәрбиелейді. Бірақ ол көпжылдық жеміс сияқты. Жемісін бірден бермейді. Алдымен жан-жүрегіңе әсер етіп, сана-сезіміңе ықпал етеді де, бірте-бірте ойыңа да, бойыңа да сіңіп, ақыры уақыт өте жемісін береді. Білімді әрі білікті азамат ретінде эволюциялық жолмен қалыптастырады» дегені бар-ды.

Осындай ежелден бері кітапқа деген құрметтің жоғары екенін көруге болады. «Білім – таусылмайтын кен», — деп дана халқымыз бекер айтпаса керек-ті. Кітап оқу адамды  – білімділікке баулиды. Ал білімсіздік – адамның опа бермес дұшпаны. Көп қателік білімсіздіктен туатыны даусыз. Білімді адамға өмірде қашанда жол ашық болады. Ел де білімді адамды құрметтейді. Өйткені білімді адам əрқашан елге пайдасын тигізеді.

Оқушыны кітап оқуға қалай баулимыз?

Шәкіртіңіздің биіктерді бағындырып, сізді қуантып жүргенін қаласаңыз білімнің мәйегі саналатын кітап оқуға баулығаныңыз жөн. Жоғарыда айтып өткеніміздей кітап оқудың адам бойына дарытатын жақсы қасиеттері мен өзіндік пайдасы бар.

Бала қай жасында кітап оқуды бастауы керек? Балаға туылған күннен бастап кітап оқу маңызды. Балаларға дауыстап оқыңыз, ән айтыңыз, кітаптардағы суреттерді көрсетіңіз. Бала үшін кітап ата-анасын еске түсіртетін болады. Ең жақын жандары болып табылатын ата-аналары үшін кітаптың маңызды екенін көрген бала, кітапты жақсы көре бастайды, мұқият тыңдап, сіз оқыған кітаптардан ләззат ала бастайды.

Балаларға кітапты қаншалықты жиі, әрі ұзақ оқу керек

  • Қаншалықты жиі және ұзақ оқуыңыз балаңыздың сабырлығы мен шыдамдылығына байланысты. Кітап оқуға баулудың алғашқы кезінде балаңыз кітап оқуға қызығушылық білдіре қоймайды, сондықтан бірнеше минут отыруы мүмкін, бірақ кітап оқуды әдетке айналдырсаңыз, баланың кітап тыңдауға құлшынысы оянып, ұзағырақ отыруы мүмкін. Сондай-ақ, сіздің үнемі кітап оқуды ұсынуыңыз, бастамаларыңыз бен әртістік қабілеттеріңіз балаға кітап оқудың қызық екенін сезіндіруі мүмкін.
  • Сіз неғұрлым көп оқитын болсаңыз, соғұрлым кітап оқу баланың да күнделікті ісіне, әдетіне айналады. Мамандардың кеңесіне сүйенсек, мектепке дейінгі жастағы балаларға күндіз немесе кешке, ал бастауыш мектеп оқушыларына ұйықтар алдында, түнде ертегі оқығаныңыз дұрыс.

    Кітап – адамның зияткерлік дамуының негізгі құрамдас бөлігі. Атақты адамдардың кітап оқу туралы айтқан ойлары мен көзқарастары қаншама! Сол себепті біз кітап оқуды үрдіс ретінде қарап қана қоймай, білім мен тәрбиенің қайнар көзі екенін білеміз.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.