Home » Жаңалықтар » Қашықтан оқуға барлық жағдай жасалуда

Қашықтан оқуға барлық жағдай жасалуда

Республикалық бюджет есебінен алынған компьютерлік құрылғылар оралдық оқушыларға таратылуда. Осы аптада қаладағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінің қашықтан оқитын оқушылары үшін 25 планшет берілді.

Мектеп директоры Төлеген Темешов планшеттер көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларына таратылғанын айтты. – Бұл жұмыстарды ұйымдастыруға қамқоршылық кеңес мүшелері мен «Ақжайық» – адалдық алаңы» кеңсесінің өкілдері атсалысты. Планшеттер оқушыларға сабаққа қолдануға дайын күйінде берілді, қашықтан оқыту үрдісі аяқталғаннан кейін олар мектепке қайтарылады. Оқу жылы басталғалы мұқтаж отбасыларға мектептен 25 компьютер уақытша берілді, 32 компьютер сатып алынды. Бүгінгі күні 20 шақты бала ғана сабақты ұялы телефонмен оқуда. Қалғандары түгелдей дерлік компьютерлік құрылғылармен қамтылып отыр, – деді мектеп басшысы. Жаңа оқу жылын №1 орта мектеп 1270 (1-11-сыныптар) баламен бастаған. Қазіргі уақытта 1-4-сынып оқушылары ата-аналардың өтініштері негізде мектепте штаттық режимде оқытылуда.

– Осы мектепте біздің үш баламыз 4, 7, 10-сыныптарда оқиды. Екеуі қашықтан оқуда, кішісі мектепке келіп сабақ оқып жүр. Мектебімізге бөлініп жатқан компьютерлік құрылғылар ата-аналардың тұрмыс жағдайына қарай үлестірілуде. Біз ата-аналар комитеті тарапынан осы жұмыстардың басы-қасында жүрміз. Мектеп әкімшілігі тарапынан балалардың қашықтан сапалы білім алуына барынша жағдай жасалуда. Ешқандай қиындық туындап жатқан жоқ, – деді ата-ана Аманжол Абужалитов.

БҚО білім басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, өңірге республикалық бюджет есебінен алу жоспарланған компьютерлік құрылғылардың алғашқы легі жеткізілген. Олар қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында осал топ санатындағы отбасылардың балаларына уақытша пайдалануға берілген. Бұл жолғы облысқа жеткізілген 735 планшет облыс орталығы мен қос аудандағы оқушыларға таратылған. Техникалардың қалған бөлігі де облысқа жеткізіліп, қайтарымды негізде қашықтан оқитын балаларға үлестіріледі деп жоспарлануда.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.