Серикова Зауреш Сансызбаевна
Қарағанды обл., Абай ауданы,
КММ Б. Момышұлы атындағы ТМ ( РО)
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында патриоттық тәрбие беру
( сабақтар негізінде)
Адамзат тіршілігіндегі жаһандық өзгерістер тәрбие мәселелерін қайта қарастыруды талап етеді. Тәрбие үрдісі қоғамның маңызы бар ресурстарының біріне айналуда. Отбасы, мектеп арасындағы сабақтастық бүгінгі білім беру мен тәрбие жүйесінің интеграциялық байланысын, шынайы үйлесімділігін, тәрбие мәдениетін жетілдіруді қажет етеді.
Бүкілармиялық кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев патриоттық тәрбиені нығайтуға байланысты өз пікірін айтқан еді. Ол: «Өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажет. Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген болатын. Қазіргі білім және тәрбие үрдісінде патриоттық тәрбие беру маңызды.
Ұлттың болашағы, әлем кеңістігіндегі орны патриоттық тәрбие мүмкіндіктерімен өлшенеді. Кез келген мемлекет саналы ұрпағымен мақтана алады.
Халқымыз елін, жерін қадірлеуді ұрпақ санасына ерте кезден сіңірген. Патриот ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік қағидаларын қалыптастырған.
Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақты елін, жерін сүюге тәрбиеледі. Өздерінің айтыс өлеңдерін, мақал-мәтелдерін, салт-дәстүрлерін, батырлар жырлары мен ертегілерін осы арнаға бұрды.
Ұрпағын патриоттыққа тәрбиелеген халқымыздың тәжірибесі орасан зор. Ол халқымыздың батырлар жырында, эпостық әңгімелерінде, поэзия жанрында, ауыз әдебиетінде көрініс тапты. Ғасырлар бойы бала тәрбиесінде пайдаланды. Сөйтіп, бірнеше ұрпақ осы сабақтастық пен үйлесімділікті жалғастырды.
Дала өркениетінде өмір сүрген қазақ халқы әуел бастан ұрпағын ұлттық рухта тәрбиелеген. «Арым-жанымның садағасы, жаным-арымның садағасы»-деп ары мен ұятын жоғары қойған қазақ халқының негізгі кредосы патриоттық тәрбиені сіңіру болып табылады.
Патриоттық тәрбиенің негіздері мектептің пәндері арқылы қалыптасады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні патриоттық тәрбиенің негізі болып табылады. Ұлттық құндылықтарды, тарихи болмысты, адамгершілік қағидаттарын дәріптейтін адамзаттың баға жетпес қазынасы.
«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың мақсаты — келешек жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие беруде қазақ әдебиеті пәнінің алатын орны ерекше. Өйткені жалпы тәрбиелеу үдерісі біріншіден, отбасынан бастау алып, екіншіден мектеп арқылы жалғасын табады.
Отанды сүю, еліне деген сүйіспеншілікті дамыту қазақ ауыз әдебиеті арқылы жүзеге асады. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырларындағы батырлардың образы ерлікті, батырлықты дәріптейді.
Ерте заманда елім деп еміреніп, егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып, өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі біткенше алысқан, Махамбетше айтқанда «Қара қазан, сары баланың қамы үшін соғысқан» батырларымыз аз болмады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Исатай, Махамбет, тағы басқа батырларымыздың ерен ерліктерін ерекше айтуға болады. Батырлар туралы жырды оқушыларға оқыту арқылы олардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға болады.
Мысалы, 5-сыныптың қазақ әдебиетін алсақ, ежелден қалыптасқан қазақтың отансүйгіштігін, ұлтжандылығын айқын көрсететін шығармалар ұсынылған, оған қазақтың мақал-мәтелдері дәлел бола алады. Туған жер, отан туралы мақал-мәтелдер: «Отан үшін отқа түс — күймейсің», «Отанды сүю отбасынан басталады», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Ел іші – алтын бесік». «Туған жердің топырағы да ыстық», «Басқа елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол»- деп туған жердің қадірін мақал-мәтелдер арқылы жеткізуге тырысқан.
Қазақ әдебиеті пәні оқушылардың ішкі дүниесін, рухани-адамгершілік келбетін қалыптастыруға бағытталған, бұл пәннің ерекше мүмкіндіктері бар. Өйткені оның мазмұнында ұлттық құндылықтар жарасымды үйлесім тауып жатады. 7-сынып оқулығында лиро-эпостық жырлар, қазақтың би-шешендерінің сөздері, жыраулар поэзиясы оқушыға ұлттық таным, патриоттық тәрбие берсе, ежелгі дәуір әдебиеті бөлімінде Түрік қағанаты заманында қолбасшы болған Күлтегіннің, «Оғыз Қаған» дастанында Оғыз батырдың түркі елін жаудан қорғаудағы ерлік істері, әскери жорықтары, даналығы оқушылардың патриоттық сезімнің қалыптасуына оң әсер береді.
Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасында бас кейіпкер, қазақтың біртуар батыры Баян інісі Ноянның өз елінің жауы қалмақ қызымен кетіп қалғаны үшін туған інісін өлімге қиюы арқылы батырдың отансүйгіштігін көрсетіп, әр оқушының жүрегінде елге, жерге деген сезімдерін ұялатады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәніндегі тақырыптар оқушының патриоттық тәрбиесін дамытады. 6 сыныптың оқу бағдарламасында «Қазақстан картасы бойынша елімізді аралайық» тақырыбында еліміздің георафиялық орналасу жағдайы, көркем табиғаты, жер асты минералды байлығы, ұлан-байтақ даласы суреттелген. Оқушыларға топтық жұмыстар беру арқылы еліміздің географиялық жағдайын түсіндіреді, талдайды, аргументтер келтіреді. Осындай мәтіндер Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дағдысын дамытады.
Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында патриоттық тәрбиені қалыптастыру барысында әртүрлі әдістерді қолдануға болады. Оқушылардың патриоттық тәрбиесін қалыптастыруда пәнаралық байланыс маңызды рөл атқарады. «Менің отаным — Қазақстан», «Менің сүйікті өлкем» және т.б., лексикалық тақырыптарды оқуда әлемнің физикалық картасын қолдану, атлас, көрнекі құралдар, плакаттар, таныстырулар (презентациялар), видеофильмдер, онлайн мектеп платформасы оқушылардың тақырыпты толық әрі жүйелі меңгеруіне білім салаларымен байланыстыра алуына көмектеседі. Мұны ақпараттық сауаттылыққа жатқызуға болады. Осындай тақырыптар оқушылардың интеграциялық пәндерден білім алуына жағдай жасайды. Еліміздің географиялық, экологиялық проблемаларын зерделеу, оларды қазақ тілімен байланыстыру, шешу жолдарын іздестіру, ақпараттарды талдау, электронды ресурстарды пайдалану мүмкіндігі артады. Еліміздің географиялық мүмкіндіктерін зерделеуге үйренеді.
Сонымен қатар қазақ тілі сабағында «INSERT немесе түртіп алу» стратегиясын қолдануға болады. Оқушы белгілі бір ақпаратты тыңдай отыра есте сақтау қабілетін дамытады, мәтінді тыңдауға дағдыланады. Бұл стратегияны қолданғанда мәтінді бірнеше рет тыңдатуға болады. «Мен Қазақстанның болашағымын» мәтінін талдайтын болсақ, жастар еліміздің дамуы мен өркендеуіне қандай үлес қоса алады? Қазақстанның патриоты ретінде, болашақта оның даму стратегиясын ұсынады. Қазақстанның экономикалық, саяси, мәдени дамуына үлес қосатын мүмкіндіктерді электронды ресурстар арқылы дәлелдейді.
Оқушылар арасында еркін, ашық шығармашылық қарым-қатынас орнатылады. Сабақта оқушыларды топқа бөліп, патриоттық тәрбиеге байланысты проблемалы сұрақтар құрастырып, соларға тез жауап алу мақсатында «Миға шабуыл», «Дисскусиялық карта» әдістерін қолдануға болады.
Тірек сөздер стратегиясы – мұғалім патриоттық тәрбиеге байланысты тірек сөздер береді. Оқушылар тірек сөздердің ретін бұзбай әңгіме немесе мәтін құрастырады. Мәтіннің сауатты, дұрыс құрылуына мұғалім назар аударады. Мәтін құрастыру кезінде оқушылардың логикалық ойлауы жүзеге асады. Мәтін мазмұны патриоттық тәрбиеге байланысты болуы қажет.
Патриоттық тәрбие мазмұны қазақ тілі мен әдебиетінде жалғаса береді. Мысалы, «Батыр туса — ел ырысы» тақырыбында Ұлы Отан соғысына қатысқан батырлардың ерлігі баяндалады. Фильм көрсету арқылы оқушылардың патриоттық сезімдерін қалыптастыруға болады. Ұлы Отан соғысындағы майдан сол уақыттың шынайы көрнісін бейнелейді. Отанды қорғау, елін жаудан сақтау сияқты қасиеттерді көруге болады. Ұлы Отан соғысындағы батырлардың ерлігі жас ұрпаққа үлгі болып қалмақ. Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр жазушы Ә.Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу маңызды. Ол соғыс кезіңде батырлардың ерліктерін дәріптеп, көптеген еңбектер жазған жазушы. «Ақиқат пен аңыз» романы соның дәлелі. Бұл шығармада Ұлы Отан соғысының даңқты каһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасы мүсінделеді. Бауыржан Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан бастап күні бүгінге дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында қызғылықты баяндайды. Автор патриоттық сезімді Бауыржан Момышұлының өр тұлғасы мен керемет ерлігі арқылы дәріптеуге тырысады. Осы мәтінге байланысты «Бес маңызды сұрақ» әдісін қолдануға болады. Мәтінге байланысты сұрақтар қояды. Мәтінді мұқият тыңдап, маңызды бөліктерге бөлуге болады. Мәтіннің негізгі идеясы, мазмұны және бүгінгі өмірмен байланысы айтылады.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі мен әдебиеті сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр ұстаздың өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.
Пайдаланған әдебиеттер
- Есенова Қ. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында патриоттвық сезімге тәрбиелеу https://infolesson.kz/statya-aza-tili-men-debiet-sabatarinda-patriotti-sezimge-trbieleu-3369984.html
- Орта білім беру ұйымдарында қазақ тілі» және «қазақ әдебиеті» пәндерін оқыту