Home » Мақалалар » Қазақтың Қанышы

Қазақтың Қанышы

Мухтар Асел
Қ. Сәтбаев атындағы
Binom school мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Қазақтың Қанышы,

Аннотация. Аталған мақалада ғылымда аты өшпестей боп сақталған Қ.И.Сәтбаевтың ұрпақ жадында жатталған ерен еңбегі мен әдебиетке қосқан үлесі баяндалған. Атап айтсақ, Кенесарының хаты, «Едіге батыр» жыры, қазақтың әйгілі 25 әні соның нақты дәлелі болмақ. Мақалада осы бір естеліктер айтылып, әдебиетке қосқан үлесі нақтыланған. Бұл жарияланымның ең бір өзекті тұсы болып табылмақ. Ал Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты туындысы  — бір төбе. Шығармада ғалымның жүріп өткен жолы мен өмірі баян етілген. Сонымен қатар жарияланымда ғалымның өр тұлғасы мен еңбегіне қатысты талдаулар жасалынған. Нәтиежесінде, ғалымның әдебиетке қосқан еңбегі зерттеуші тарапынан жоғары бағаланып, мысалдар келтірілген. Қорытындыласақ, мақаланың оқырманға берері мол екеніне күмәніміз жоқ.

Кілт сөздер: әдебиет, ғылым, семинария, ғұмырнамалық роман, «Заман – Қоғам – Адам», тарихи мәліметтер

Әдебиеттің әдемі әлемі ғасырлар бойы халқымыздың ұлық қасиеттерін өз бойына сіңіріп, еліміздің жарқын болашағына қызмет еткен. Бір бойына тарих пен салт-дәстүрімізді, ән мен күйді, жыр мен жаңалықты қатар ұйыстырған асыл әдебиетіміздің жарық таңына үлес қосқан жандар да аз болмады. Әсіресе, ХХ ғасыр қазақ әдебиеті мен өнері дарынды тұлғалардан кенде болған жоқ. Әдебиеттану тақырыбына түрен салған ұлт көсемі            А. Байтұрсыновтан бастау  алып,  бүгінгі күнге дейін жүздеген әдебиетші ғалымдар ұлттық әдебиетіміздің теориялық негізінің қалыптасып дамуына өз қал-қадерлерінше үлес қосты.

Әдебиет пен өнердің басқа ғылымдардан ерекшелігі ол белгілі бір топқа, белгілі бір мамандық иелеріне ғана қызмет жасамайды. Әдебиет пен өнер — жалпы халықтың ортақ қазынасы.

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңменен жер қойнына кірер денең,» — деп ұлы Абай айтқандай, әдебиет пен өнер шырылдап туған шарана сәбиден бастап еңкейген қартқа дейін қызмет етеді.

Солардың бірі әрі бірегейі қазақ ғылымын әлемдік деңгейге көтерген инженер-геолог, академик-ғалым, Ұлттық Академиямыздың тұңғыш президенті, әрі ұйымдастырушысы — Имантайұлы Сәтбаев.

Қ.И.Сәтбаев ауыз әдебиетінің жетік білгірі екені, оның шешендік қабілеті, әншілігі, өз ұлтының салт-дәстүрінің білгірі әрі соны қастерлей білетіндігі жөнінде сонау ХХ ғасырдың басында-ақ орыс ғалымдары мен қазақтың өнер шеберлері мойындап қойған. Академик-ғалым, геолог           М. Усов, А.В.Затаевич, В.Г.Ерзакович, Е.В.Лизунова, Ә. Қашаубаев жазбалары — соның дәлелі. Қаныштың әнге, өнерге, әдебиетке құштарлығының оянуына жерлес ақын-сазгерлер Жаяу Мұса, Майра, Иса, Әмірелер әсер етсе, оның азаматтық, зиялылық тұлғасының қалыптасуына Алаш көсемдерінің ықпалы, солардың тәлімі айрықша болғандығында жатыр.

Семейдің мұғалімдер семинариясында оқып жүрген жас Қаныштың дәріс тыңдаған ұстаздары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейханов, Ә.Сәтбаев, ерлі-зайыпты Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар сияқты Алаш арыстары білімге құштар жас жігіттің дүниетанымының жаңаша қалыптасуына зор ықпал етті. Яғни Қаныш пен Мұхтар, Жүсіпбек пен Әлкей Алаш арыстары баптаған «жас бөлтіріктер» еді. Өкінішке қарай кейінгі жылға дейін біз оны айта алмай келдік. Сол Алаштың соңғы тұяқтары, жас бөрілері Мұхтар мен Қаныштың ХХ ғасырда қазақ әдебиеті мен ғылымын қандай деңгейге көтергені әрбір көзі ашық адамға айдан анық белгілі болып отыр.

Сол семинарияда жүріп Шығыс Европа классиктерімен жете танысқан, олардың өміршең туындыларымен сусындаған Қаныштың әдебиетке деген құштарлығы бұрынғыдан да арта түсті. Бала кезінен ұлтының ауыз әдебиетімен ауызданып, соның кәусарына қанып өскен Қаныш жетілген үстіне жетіле түсті. Семинарияда өткізілетін түрлі әдеби кештерге белсене қатысты. Ұлы Абай өлеңдерін нақышына келтіре оқып, музыкалық аспаптарда ойнап, ән де шырқаған еді. Оның үстіне қасында қазақ прозасының болашақ екі алыбы Жүсіпбек пен Мұхтар бірге оқып жүргенде Қаныштың сөз өнеріне деген құштарлығы артпауы мүмкін емес еді. Кейін Қ.Сәтбаев жер асты байлығына барлау жасай жүріп, сөз өнерін барлауға да, ауыз әдебиетінің кейбір нұсқаларын жазып алып, талдау жасап, зерттеу жүргізуге де уақыт тапқанын көреміз.

Ғалым 1926 жылы М.Әуезовтің қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы пьеса жазып жүргенін естіп, хат арқылы оған өзінде бар көптеген тарихи мәліметтерді жазып жібереді. Ел ішінде айтылып жүретін хатқа түспеген тарихи жырларды, аңыздарды хатқа түсіреді. Жер қойнындағы кен барлау жұмысын бұрынғы тарихпен байланыстырып, ежелгі қазба орындарын, жер астындағы қирап кеткен, көмілген мекендердің археологиялық жағдайы туралы мақалалар да жазады. Сонымен қатар 1927 жылы «Едіге батыр» дастанына алғысөз жазып, жариялағаны — бәрімізге мәлім. Ал қазақтың мың әнін жинастырған әйгілі этнограф-музыкант, ғалым А.Затаевичке қазақтың 25 әнін өз орындауында жаздырғаны ұлт әдебиеті үшін жасалған істердің ең озығы болып табылмақ. Домбыраны тамаша шертіп, әдемі дауысымен «Бүркітбай» және «Кәмила» әндерін жиі айтып отыратынын замандастары тамсана еске алатын. Ұлттық рухы асқақ адамның арманы биік, көңілі көркем, ойы терең болатынына Қ. Сәтбаевтың өр тұлғасы мәңгілік мысал, үздік үлгі болмақ.

Қ. Сәтбаевтың ғылымға, атап айтсақ әдебиетке қосқан үлесі қаламгерлердің де шабыт шарықтатуына себеп болды. Әсіресе   Медеу Сәрсекенің «Қазақтың Қанышы» атты ғұмырнамалық роман-эссесі. Ғалымның халық сүйген қасиеттері мен ғылымға қосқан үлесін темірқазық етіп ұстанған жазушы сол қиынның қиынымен беттесе отырып, замана көлденең тартатын мың сан құбылыстың тағдыр қалыптастырғыш тілін зерделеу арқылы «Заман – Қоғам – Адам» проблемасын тұжырымдамалық өреде көрсетіп бере алған. Яғни, заман мен қоғамның ең бір шиеленіске толы ширыққан кезеңінде ұдайы ұлы тұлғалардың сын тезіне түсіп отыратыны және ондай шақта ұлы тұлғалардың тегеурінді әрекет-қарымы керісінше қоғамдық, қажет болса заманалық құбылыстарға ықпал ететіні шеберлікпен суреттелген. Түптеп келгенде, романның өзінде ғана емес, иісі қазақ прозасына шырай беретін философиялық толымды идеясын осылай парақтауға болады.

Романда Қаныш Сәтбаев бейнесі қазақ халқының ХХ ғасырда басынан өткерген барша жетістігі мен жеңісінің, қиындығы мен қасіретінің куәгері ретінде ғана суреттеліп қоймайды, сол күрделі кезеңнің бел ортасында жүрген қаһарманы тұрғысында сомдалған. Яғни, Қаныш сынды ұлы тұлғаның ғұмыр шежіресі арқылы тұтас бір тарихи кезеңнің әлеуметтік-саяси, мәдени-рухани болмысы ашылып көрсетілген. Автор тек суреткер ретінде ғана емес, инженер-металлург ретінде де Қ.Сәтбаевтың кәсіби және ғылыми өмір жолын саралай суреттеуге келгенде қаламгерлік қарымдылығына қоса, тақырыпты кәнігі біліктілікпен игерген тереңдік танытып отырады. Ғұмырнамалық романды шынайы көркемдік биікке көтере алған себептердің бірі осы екені шәк келтірмейді.

«Менің халқым менен де биік». Бұл — ғалымның ел есінде сақталып қана қоймай, ерекше рух пен шабыт сыйлаған қанатты сөзі. Ғылымға, әдебиетке деген махаббаты ғалымның ғұмыр жолын биікке шығарып, халқына адал жандардың қатарынан етті. Жоғарыда мысал еткен сөзі де өз кезегінде қазақ деген алып халықтың атын ғаламға паш етті. Тұлғасына мәдениет пен тектіліктің, тәрбие мен танымның тұнық сырын біріктірген ғалымның аты алдағы уақыттада дәріптеліп, ғылымға қосқан үлесі ұлықталса деген ниет бар. Сонда ғана қазақтың Қанышына ұқсағысы келетін жандар дүниеге келіп, ғылымға үлкен өзгерістер әкелуі бек мүмкін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.