Home » Мақалалар » Абай арманы ғасырлар тоғысында…

Абай арманы ғасырлар тоғысында…

Смагулова Майдагүл Файзоллақызы
Қарағанды облысы
Абай ауданы
Топар кенті
Б.Момышұлы атындағы тірек мектебі (РО) КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Әр адамның өз арманы болады. Арман адамды көп ойлануға, талаптануға, батыл әрекет жасауға, ерлікке итермелейді. Біреулер сәнді киімді, қымбат көлікті, зәулім сарайдай үйді армандайды, бай болсам дейді. Енді біреулер өзінің емес, жақындарының, елінің бақытын ойлайды.

Ал Абай нені армандады?  Өте ауқатты отбасында өмір сүрсе де, өз байлығын көбейтуді ойламады. Қазақ халқының басқалардан кейін қалмай, бірлікте, білімді, өнерлі болуын армандады. Қазақ жастарына сенім артты.

Абай осындай биік армандарына жете алды ма?  Қандай халықты бақытты деуге болады? Абай өз шығармаларында қазақ халқы өз бақытын білімнен, адал еңбектен, жақынына жасайтын жақсылығынан табатынын айтады. 25-қара сөзінде: «Балаларды оқытқан жақсы, бірақ… таза оқыса болады… оқыған балалар — ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Балаң бала болсын десең — оқыт, мал аяма!» -деп, елінің жарқын болашағын білімді қазақ жастары жасайтынын көрсетеді.  32-сөзінде: «…ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек… Және ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын!» — деп ескертеді дана Абай. Бұған қоса, тек өзің үшін ғана емес, «адамдықтың қарызы үшін еңбек қылуды» дұрыс санайды.

2017 жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы шықты. Онда елімізді дамыту бағыттары атап көрсетілді. Осы мақаланың «Білімнің салтанат құруы» атты бөлімінде тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыты ретінде білімге ерекше көңіл бөлінді. «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» — деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев.

Елбасымыздың бұл пікірінің түп тамыры көне замандардан келе жатқан «Оқыған озар, оқымаған тозар», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген халық ауыз әдебиетінің маржандарынан бастау алып, Абай Құнанбаевтың ойшылдық қағидаларымен жалғасын табады. «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады» деген ұлы ақын «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы — білім» екенін сонау ХІХ ғасырда түсінген.

Болашақ қазіргі жастардың қолында десек, ұстаз ретінде, ең алдымен, өз кәсіби білімімді жетілдіруге тиіспін. Ақпараттық технологияларды толық меңгеріп, білімімен мыңды жығатын жастарды оқытып шығару — мен үшін Абай атамыздың арманын орындағанмен бірдей.

Абайдың жанын көп ауыртқан мәселелердің бірі – қазақтардың ішіндегі алауыздық болатын. Абай 6-қара сөзінде «Өнер алды – бірлік, ырыс алды — тірлік» деген мақалдың мәнін ашып, талдайды. «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» деп, өз халқының бірлікті қате түсініп жүргенін көрсетеді.  Абай қазақ халқын малдарын емес, ақылдарын біріктіруге, кеңірек ойлауға, адамдық қасиеттерді жоғалтпауға шақырады. Ел ішінде бірлік болмаса, сырттан келгендерге оңай ұтылып қалу қаупі бар екенін ескертеді.

Қазіргі Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бірлік болу үшін бір-бірімізбен келісімде өмір сүруге үйренуге тиіспіз. Дана Абайдың:

«Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос» — деген сөздері тек қазақтар үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін ұран болып отыр. Және «Ұлтаралық бірлік — қоғамымыздағы татулық пен келісім» «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің құндылықтарының бірі ретінде көрініс тапты.

Мен Абай Құнанбаевты өзімнің рухани ұстазым деп танимын. Абайдың бар өмірі мен шығармашылығы – адам бойында имандылық пен руханилықты, тазалықты тәрбиелейтін өмір мектебі. Ақынның әр туындысын өмірлік мектептің бір оқу құралы десе де болады. Ол өзіне де, айналасындағыларға да өте талапшыл бола білді. Абай ештеңеге қарамастан, өз халқына, оның қайраты мен имандылығына деген сенімін жоғалтқан жоқ.

Қазіргі қазақ жастары Абай армандаған білім мен ғылымның сан саласын игеріп жатыр. Сол білім мен тәуелсіздік арқасында қазақ баласы ғарышқа аяқ басты. Түрлі Жер серіктері арқылы «айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша» хабар алу мүмкіндігіне ие болдық. Әлемдік ғаламтор желісінің ұшан-теңіз мүмкіндіктері де терең, жан-жақты білімнің нәтижесі екені даусыз.

Қазақстан халқы тәуелсіз мемлекет құрамында 130-дан аса ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті өмір  сүріп келеді. Еліміздің алдына қойылған міндеттерді бірге атқарып, басымызға түскен түрлі сынақтардан ақыл-ойымыздың, ісіміздің бірлігі арқасында сүрінбей өтудеміз.

Абай Құнанбаев шығармашылығы  адамды имандылық пен руханилыққа, тазалыққа жетелейді. Ол арқылы өз бойымызға осы қасиеттерді дарыта алсақ, ақын арманының орындалғаны деп білемін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.