Досмагамбетова Орынай Жолдыбаевна
Атырау облысы,
Жылыой ауданы,
Құлсары қаласы,
«Өркен» бөбекжай бақшасының
II-санатты тәрбиешісі
Білім беру саласы: Таным, Әлеумет, Шығармашылық.
Бөлімі: Жаратылыстану, Қоршаған орта, Аппликация.
Тақырыбы: Фермадағы құстар .
Мақсаты: Балаларға ферма құстарын таныстыру, олардың тіршілігі мен пайдасын айтып, білімдерін, танымын жетілдіру. Фермаға бару арқылы құстарға қамқорлық жасауды үйрету.
Ресурстар: Слайд, жұмыртқалар түрлері, квиллинг қағаздары, түрлі-түсті табиғи қауырсындар, суретті карточкалар, шыны ыдыстар, тұз, су.
Билингвальдық компонент: Қауырсын-перья-bird feathers, жұмыртқа-яйцо-eggs.
Мотивациялық-қозғаушылық кезең:
Шаттық шеңбері
Жылы-жылы жүзбенен
Маңдайымнан сипайын,
Жылы-жылы жүзбенен
Жүрегімді сыйлайын.
Ыстық алақаныммен
Қолыңды бер қысайын,
Амандасып өзіңмен
Құшақтасып алайын.
Сәлеметсіздер ме, қонақтар!
Балалар кәнекей ортаға жиналып, шаттық шеңберге тұра қояйық.
Тәрбиеші: -Жарайсыңдар өте тамаша!
— Балалар, сіздерге мен мына үстелге суреттер дайындап қойдым. Әр бала суреттерді алып, құрастыру арқылы топқа бөлінеміз.
Ұйымдастырушылық-ізденістік кезең:
— Қанекей, суреттерімізді құрастырайық. Ал, қане қандай суреттер шықты екен? (балалар үстелге отырып, суретті құрастырады).
Балалар: -Біздің топ әтеш құрастырды (Әтешті үш тілде қалай атауын).
— Біздің топ балапан құрастырды (Балапан туралы тақпақтарын айтады).
— Біздің топтан тауық құрастырды (Тауық туралы қысқаша мағлұмат айтып кетеді).
Тәрбиеші: Тауық, әтеш, үйрек, қаз, балапан –бір сөзбен не деп атаймыз?
Балалар жауабы: үй құстары
Иә, балалар, дұрыс айтасыңдар, олар үй құстары.
— Өте тамаша, қандай керемет. Ал балалар бәріміз бейнетаспаға назар аударайықшы.
Слайд көрсетіледі (Ауданымыздағы құс фабрикасына барып қайттық).
Балалар біз бейнетаспадан: — Не көрдік? Не байқадық ?
-Тауық, жұмыртқа (Балалардың жауаптары).
Балалар зерттеу жұмысын жүргізетін адамдарды кімдер деп айтамыз?
— Ғалымдар.
— Ал олар қайда жұмыс жасайды екен ?
— Зертханада.
— Қанекей, балалар бізде зертханаға барып, кішкентай ғалым болып көрейікші .
Ғажайып сәт: Ішке түлкі кіреді. Қойнында себет толы жұмыртқа .
— Балалар мен тауықтың жұмыртқасын тауып алдым. Көрейінші, бұдан не шығады?
— Әлде балапан шығарып, оны өсіріп алсам ба екен? Әлде бәрін жеп, қарнымды тойдырсам ба екен?
— Жоқ, түлкі сен одан да жұмыртқаларды біздерге бер, бірігіп зерттеулер жүргізейік. Сенде үйрен!
Тәрбиеші түлкінің себетін алып, жұмыртқаны зерттеуге көшеді.
1-ші зерттеу. Жұмыртқа ақуызбен саруызды ажырату (Жұмыртқаны ыдысқа жару арқылы балаларға ақуызды, сарыуызды, жұмыртқа қабығын көрсетіп, түсіндірме жұмысын жүргізеді).
2-ші зерттеу. Піскен жұмыртқамен шикі жұмыртқаны ажырату ( Піскен және піспеген жұмыртқаны айналдыру арқылы балалармен жұмыс).
3-ші зерттеу жұмыртқа суда бата ма? Батпай ма? (Алдымен су толтырылған ыдысқа жұмыртқаны салып көрсету арқылы, ол жұмыртқанын суға бататынын көрсетеді, содан кейін ыдысқа тұз салып, араластырғаннан кейін жұмыртқаны қайта салып, батпайтынын балаларға көрсетеді).
Түлкі: — Осылай жұмыртқаны айырады екен ғой, бірақ, мен өкініп тұрмын, әттең бәрін жаңа жеп алғанымда ғой, шіркін. Мен енді үйіме кетейін.
Тәрбиеші: — Олай деме, түлкіжан сен көп жұмыс жасап үйрендің (Түлкі шығып кетеді).
— Балалар біздер жұмыртқаға зерттеулер жүргізу арқылы көптеген құпиялар аштық. Өте қызық болды, солай ма, балалар?
Балалар зерттеп болсақ, енді аппликация жасауға көшейік. Тауықтың, әтештің, балапанның аппликациясын жасайық, қанекей.
(1-ші топ әтештің қанаттарын квиллинг әдісі бойынша желімдейді).
(2-ші топ балапанға сары мамық қауырсынын желімдейді).
(3-ші топ тауықтың қауырсындарын желімдейді).
Сергіту сәті: Тауық тары жинапты.
Оны ешкімге қимапты.
Бөтегесін толтырып,
Қамбасына құймапты,
Қыста тауық тақылдап,
Тары іздеп жүр тоқылдап (Қимылмен көрсетеді).
Рефлексиялық-жинақтаушы кезең:
— Балалар бүгін біз қайда бардық? Нелерді көрдік? Нені құрастырдық? Нені білдік?
Балалар жауабы: -Біз фабрикаға бардық.
— Фабрикадан тауық пен жұмыртқаны көрдік.
— Жұмыртқадан балапан пайда болады.
— Тауықтан қауырсын аламыз.
— Қауырсыннан көрпе, жастық жасайды.
— Тауық тарымен қоректенеді.
— Жұмыртқада дәрумендер көп болады.
— Балапандарға қамқор болу керек.
— Жарайсыңдар, балалар осының барлығын бір сөзбен қалай айтуға болады?
-Үй құстары. Үй құстарының адам өміріне пайдасы зор.
— Өте тамаша ат салысып, керемет қатыстыңыздар, балалар!
(смайликпен балаларды мадақтау).