«Білімің болсадағы ұшан- теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» деп Шал ақын айтып кеткендей, білу бөлек, ал білгеніңмен бөлісу тіптен бөлек екенін ұғынудың өзі өнер шығар. «Білім айнасының да» өзіндік мақсаты тәрбие мен білімді, жан- жақтылықты қатар алып жүретін ұстаздар қарасын бұқара халықпен етене жақын таныстыру. Еңбек жолындағы табандылықтарына алғыс білдіру. Дәл қазіргі, аумалы- төкпелі заманда еңсемізді тіктеп, көңілімізді жамандықтан ада етіп, ойымызды өнер- біліммен сусындату әркімнің жеке міндеті болмақ.
Осы орайда, Қарағанды қаласы, Мағжан Жұмабаев атындағы №39 гимназиясы, география пәнінің мұғалімі Зекенова Бағлан Ырымғалиқызының балаларына берген білімі мен еңбек жолы жайында ақпаратпен құлағдар етуді жөн көрдім.
Еңбек жолы 1993 жылы Егіндібұлақ ауданы, Балқантау ауылы, №33 мектептен бастау алып, одан соң, Теміртау қаласында 6 жыл қызмет атқарған.
Қарағанды қаласы, Білім басқармасы, “география және тарих» пәндерініңәдіскері Шолпан Шаймерденқызы: «Бағлан Ырымғалиқызы білікті ұстаз. Еңбегін жоғары бағалаймын. Әркез біліктілігін арттыру мақсатында ізденіс үстінде жүреді»,- деп ойымен бөлісті.
Десе де, 25 жылдық жұмыс өтілі бар ұстаздың әлі де болса ізденісі, жаңашылдыққа деген ұмтылысы көз қуантады. Көрген- білгенін, ойға түйгенін, білімнің інжу- маржандарын оқушыларының өң бойына дарытып, жемісін көріп отырғаны да соның нәтижесі болмақ.
2019-2020 оқу жылында қалалық, мектепішілік «Ұлы дала мұрагерлері» форумына «Альтернативті энергия көздері» тақырыбындағы жобасын 10-сынып оқушылары Айтуған Нұрдәулет, Серикбаева Диана көрмеде қорғады. 2019-2020 оқу жылында ҚарМУ «Жас географ-2019» олимпиадасында 10- сынып оқушысы Жайлаубеков Дамир II орын иеленді. Әрине, барлық жетістік пен жемісті күндерді тізе берсек, кімнің де болсын қоржыны бос емес екенін білеміз.
Сондай- ақ, зеректік, алғырлығымен көзге түсіп, бірнеше олимпиадалардың жеңіпаздары атанған Бажибаев Азат, Елубаева Мадина, Елемесов Асан, Килибаева Әсемгүл тағы да басқа оқушыларын ерекше атап өтті.
Осы орайда, «Ұлы дала мұрагерлері» форумы жайлы ерекше тоқталғым келеді. Өз көзіме оттай басылған «Альтернативті энергия көздері» атты жобаның жетекшісі мен оқушылары жайлы мәліметтер іздеп, Бағлан Ырымғалиқызын жолықтырдым. Жобаға бір жыл бойы дайындық жүріп, табанды еңбекті қажет еткен. Ғылыми орталықтармен байланыса отырып жасалған жұмысқа Бағлан Ырымғалиқызы мен қатар ғылыми жетекші- Қарағанды Политехникалық университеттің аға оқытушы Рахым Қыдырғали да өз көмегін көрсеткенін мәлімдеді. Жоба оқушылардың өз қолымен жасалып, барлық құрал-жабдықтар күнделікті тұрмыста қолданып жүрген заттар және арнайы тапсырыспен алынған. Мәселен, үй картон қағазбен безендірілсе, оның электр қуаты күн батареясымен қуаттанады. Ал жел станциясы бұлтты күндері немесе қыс мезгілінде күн энергиясына қосымша энергия көзі болып табылады. Ауыр көлік қарапайым ұялы телефондар сияқты күн, жел станциялары өндірген қуатпен қуатталып жүреді. Шалғай ауылдардағы энергетика мәселесін жою да бастапқы мақсаттары. Заман талабына сай жасалынған жүйе көптің көзіне түсіп, жоғары бағаланды.
Оқушыларына берген білімі де елеусіз қалмай, 2018-2019 оқу жылында XV халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып «Альтернативті энергия көздері» атты тақырыптағы мақаласы Прага қаласында шыққан жинаққа енді.
2018 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті Педагогы» төс белгісін еншіледі.
2019-2020 оқу жылында Ziatker.kz –ҚР Білім және Ғылым парталында «Канада» тақырыбында авторлық материалын жариялағаны үшін Құрмет грамотасы, алғыс хат, сертификат берілді.
Осы жылы өткен ҚР ОҚ ШҒА 50-ші ғылыми- практикалық конференциясы шеңберінде өткен 2-ші деңгейлі аймақтық байқаудағы ең жақсы ғылыми-зерттеу жұмысы үшін оқушылары Айтуған Нұрдәулет, Нұртаев Марғұлан, Серикбаева Диана және жетекшісі Зекенова Бағлан Ырымғалиқызы мадақтамаға ие болды.
Әрине, еңбек жолына шолудың бұл да бір жартысынан азы. «Оқушылар- менің ертеңім. Олардың әр жетістігі мен үшін қуаныш. Кейде, өз білім деңгейімді балаларға қарап-ақ пайымдаймын»,- деп ой түйген Бағлан Ырымғалиқызына өмірлік ұстазы жайлы сауал да жолададық. «Білесіз бе, «Анам» деп марқайа да мақтана да айта аламын. Анам- Жайнагуль Сейтказиевна 45 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Бізді әркез білімге баулып, еңбекке дағдыландырды. Кітапқа деген сүйіспеншілігімзді арттырды».
Абай Құнанбайұлының сөзімен: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім- ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі. Шала мейір, шала байқайды». Бағлан Ырымғалиқызына жемісті күндер, алғыр шәкірттер мен биік белестер тіледік.
Tagged with: білім-теңіз