Home » Мақалалар » Бастауыш сыныпта оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытудың маңызы

Бастауыш сыныпта оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытудың маңызы

 

Сарварова Халида Рахманбердіқызы
М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі

Мектеп қабырғасында тәлім алып жатқан оқушылардың, соның ішінде бастауыш буында білім алып жатқан жас жеткіншектердің бойына ізгі қасиеттерді сіңіру  — мұғалімнің басты парызы. Десе де, бар білімнің іргетасы қаланатын бастауышта оқушылардың бойына зеттеушілік қабілетті қалыптастыру аса маңызды. Зерттеушілік айналадағы құбылыстарға ойлана қарап, оның қыр — сырын игеруіне көмектеседі.

М.А. Матова, З.Г. Гуровская  өздерінің  зерттеулерінде: «9-10 жасар балалардағы таным қабілеттерінің сипаттамасы да вербальды емес функцияның басым күштілігімен, қабылдау, ес және ойлаудың образдылығы мен эмоционалдылығымен, сөйлеудің локализациясының оң жарты шарлар типіне тән етуге қарағанда көру латерализациясының күштілігімен байланысты»  делінген  болатын. Осыған орай, оқушылардың зерттеушілік қабілетін арттырудың алғашқы қадамдарын өмірмен байланыстыра ұсынған жөн деп есептеймін.

Әр мектептің өз ерекшелігі болады. Біздің білім ошағы ақиық ақын М.Мақатаев атында болғандықтан оқушыларды кемі 30 өлеңді жатқа оқуға баулимыз. Бұл баланың жадының артуына ықпал етері хақ. Баланың өлеңді түсіне оқуына ықпал ете отырып,  оны зерттеушілікке баулу тіпті нәтижелі болар деген мақсатта ең алдымен, М.Мақатаев шығармашылығын зерттеуді бастадық. Ең алдымен, жаратылыстану мен дүниетануға бағыттап, мынадай тақырыпта ұсынылды:

  1. М.Мақатаев шығармаларынындағы табиғат құбылыстарының көрінісі;
  2. М.Мақатаев поэмаларындағы адам образы мен табиғат сипаты;
  3. М.Мақатаев өлеңдеріндегі салт-дәстүрлердің көрінісі;
  4. Ақын өлеңдеріндегі жер-су аттарының қолданысы мен шығарма идеясын ашуға ықпалы;
  5. Тау баласының тұлғасы (М.Мақатаев шығармашылығы бойынша).

Аталмыш тақырыптармен жұмыстану арқылы оқушылар табиғат пен ақын арасындағы тылсым байланысты ұғып, М.Мақатаевтың ақын шеберлігіне үңіледі. Берілген тақырыптар аясында 15-20 беттік зерттеу жұмысын жазып,  арнайы таныстырылым жасап қорғайды.  Нәтижесінде туған өлкенің табиғатын аялау, қорғау қажеттігін түсініп қана қоймай,  қоғам мен табиғат бір-бірімен тығыз байланысты екендігін, қоршаған орта мен адамның жеке дара тіршілік етуі мүмкін емес екендігін, табиғат байлықтарын тиімді пайдалану, табиғатқа сүйіспеншілікпен қарау секілді ізгі қасиеттерді бойына сіңірді.  Табиғатқа аялы көзқарасты қалыптастыру үшін осы бағытта туған өлкеге туристік саяхат жасау, оның табиғат ерекшеліктерімен, экологиялық жағдайымен танысу сынды жұмыстарымен де айнылысты.

М.Мақатаев шығармашылығын зерттеуді қазақ тілімен байланыстыра жүргізу  үшін төмендегідей тақырыптар ұсынылды:

  1. М.Мақатаев шығармаларындағы жалқы есімдердің қолданысы;
  2. М.Мақатаев туындыларындағы даналық сөздер, мақал-мәтелдер;

3.М.Мақатаев поэмаларындағы күрделі сөздердің ақын өлеңдерінің шұрайлылығын арттыруға ықпалы;

  1. М.Мақатаев шығармаларындағы теңеулердің қолданысы.

Аталмыш тақырыптармен зерттеу жүргізген оқушылар нені түсінеді? Мұқағали өлеңдері сан жылдардан бері  халықтың эстетикалық талғам-талабынан шығып, олардың рухани сұраныстарын қанағаттандырып келе жатқандығын түсінеді. Ақын өлеңдерінде көрікті ой да, дауыс ырғағы мен буын, бунақ әуезділігі де, дыбыс үндестігі де тұнып тұрғандығын  түсіне жатқа оқиды.  Мақатаевтың өлеңдерінен, оның әрбір  шумақтарынан ақынға тән шеберлік, оқырмандардың сезіміне әсер ету қарымы мен күшін байқайды.

       Көңіл қуантарлығы, «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали өлеңдеріне жіті үңілу арқылы сөз өнерінің құдіретін меңгерген, ана тілінде жетік сөйлейтін ұрпақтар қалыптасып келеді. Зерттеуге бағытталған аталмыш жұмыстарымыз  одан әрі де  жалғасын таппақ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.