Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі биыл бесінші түлектерін жаңа өмір белесіне шығарып салды. 25 мамыр – соңғы қоңырау салтанаты шарасына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Шолпан Қадырова оларға сәттілік тіледі.
Мектеп ұжымын, жас түлектер мен ата-аналарды оқу жылын сәтті түйіндеулерімен құттықтаған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы: – Соңғы қоңырау кеші – мектеп тарихына енетін қуанышты оқиға. Түлектер өздерінің алтын ұяларымен қоштасса, ал ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Білім – қоғам игілігі. Оның нәтижесі – мемлекет үшін маңызды. Елбасымыз Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп атап өтті. Елдің экономикалық өсуінің жаңа модельінің ортақ буыны – білім екенін айтты. Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі – мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болатыны жоспарланды, – деді. Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына орай өңірімізде білім саласын дамытуға айрықша назар аударылатынын мәлімдеді.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры Шолпан Қадырова да бір кездері өзі басшылық еткен қадірменді ұжымы мен оқушыларға жылы лебізін жеткізіп, әр кез оларды қолдап жүретін ата-аналарды да құттықтады.
Елбасы мектебінің биылғы оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталған Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Тимур Нұркешовтің айтуынша, биыл шәкірттердің жетеуі – халықаралық, 53-і – республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының, түрлі сайыстардың жеңімпазы атанған. – Біздің шәкірттеріміз білікті ұстаздардың еңбектерінің нәтижесінде биік асуларды бағындырды. Биылғы мектеп түлектерінің өзі алыс-жақын шетелдік университеттердің грантын иеленді. Олардың арасында бірден бірнеше университеттен шақырту алған оқушыларымыз бар, – деген Тимур Сейітқажыұлы үлкен өмірге жолдама алатын шәкірттеріне сәтті сапар тіледі. Белгілі болғанындай, мектеп түлектері алыс-жақын шетелдік университеттердің гранттарын иеленіпті. Мысалы, Алина Молдағалиева – шетелдік 11 жоғары оқу орнынан, Асланбек Қажиахметов пен Мәдина Мұратова – 4, Сұлтан Ярылгасимов – 2 университеттен бірден шақырту алған. Тағы бір елеулі жетістік – оқу жылында үздік білімімен дараланған Ержан Жамашев пен Дильназ Қуанова Стенфорд және Колумбия университеттерінің жазғы лагерьлерінде демалуға мүмкіндік алған.
Салтанатты шара барысында үстіміздегі оқу жылында мектептің мерейін үстем еткен ұстаздар мен оқушылар марапатталды. Робототехника бойынша республикалық олимпиада жеңімпазы, білім сайысының әлемдік кезеңінің Құрмет грамотасын иеленген, халықаралық олимпиаданың қатысушысы, халықаралық байқау жеңімпазы, өзіндік жобасының да негізін қалап үлгерген 10-сынып оқушысы Данияр Жарқынұлы «Жылдың үздік оқушысы» аталымымен марапатталса, «Алаш» шаңырағы «Жылдың үздік шаңырағы» аталды. Сонымен қатар «Үздік идея иесі», «NIS дәстүрлері», «Қайырымды жүрек» аталымдарының да иегерлері белгілі болды. Ал «Жастар жылы – жаңа леп, жаңа толқын» атты композициялық көрсетілімде шаңырақ оқушыларының әр саладағы жетістіктері айшықталды.
2018-2019 оқу жылын оралдық Елбасы мектебі 7-12 сынып аралығындағы 579 оқушымен тәмамдаса, соның 71-і – мектеп қабырғасынан түлеп ұшатын ұл-қыздар.
– Назарбаев мектебінде 7-сыныптан бастап оқып келемін. Осы жылдар ішінде бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыма, мені қолдап жүретін ата-анама алғысым шексіз. Әр шәкірттің бағындырған жеңісі – оқытушыларымыздың бойымызға сіңірген тәлім-тәрбиесінің жемісі. Қазіргі уақытта өзім биология-химия бағытын таңдадым. Медицина саласы бойынша оқуға түсіп, болашақта еліміздің денсаулық сақтау саласының білікті қызметкері атанғым келеді, – деді мектеп түлегі Жансая Метенова.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы», Орал