Алматы қаласы, Әуезов ауданы
Қабылканова Мөлдір Бақытқанқызы
№13 мектеп-гимназия
Бастауыш сынып мұғалімі
Бала — біздің болашағымыз. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл бар. Сол себепті оқушының білімді, парасатты, адамгершілігі мол болуына ұстаздың үлесі зор болары сөзсіз. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынов: — Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім. Осы ойда қаншама мағына жатқанын байқайсыз.
Мен қазіргі таңда бастауыш сыныптарға білім берудемін. Келешегіміздің кемелденіп, еліміздің ертеңіне, ұлтына қызмет ететін өренді тәрбиелеу біздің басты міндетіміз болып табылады. Ұстаздар қауымы тек білім берумен ғана шектелмейді, оның тәрбиесіне де жауап береді. Сол себепті балалармен тығыз байланыс орнатып, олардың жанарындағы жалынды оқуға тырысамын. Әрқайсысының болашағынан зор үміт күтетінімді айтып, әрқашан жігерлендіріп отырамын. Қазіргі таңда жаһандану заманы, күннен-күнге жаңалықтар саны артып, әлем өзгеру үстінде. Сол себепті заман талабына сай білім беріп, олардың болашағына бағдар беру басты мақсатым. Балалармен сабақ барысында, көптеген тәсілдерді қолданамын.
- Оларды әрдайым жігерлендіремін
- Оқу үлгерімін, мектептің ережелерін түсіндіріп отырамын
- Әр сабақ барысында сергіту сәтін ұйымдастырамын
- Ата-анамен байланыс тығыз орнатамын
Шығыс ғалымдары мынадай пікір айтқан:
Егерде балаңызды тәрбиелеу үшін, оны бала бойыңа біткеннен баста. Өсе келе онымен санасуды үйрен. Оны отансүйгіштікке, адамгершілікке және адами қасиеттердің барлығын үйретуге тырыс. Оны ұстаз алдына барамын дегенше, өзің жөн көрсете біл. Оны әрі қарай дамытып, биіктерді бағындырғанын көресіз.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы қарасөздерінде де, бала тәрбиесіне қатысты ойын білдіреді.
Абайдың оныншы қара сөзінде:
- Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды?
Баланың болмысы емес, оның жан дүниесі маңызды. Оны өмірге икемдеу үшін асырап, бағып, тамағын тойдырумен ғана шектелмейді. Баланы тәрбиелеу қажет. Баланы өмірде еңбек етуге, маңдай терімен табуға үйрет деп отыр. Әрқашан дайынды алдына тоса берме! Оның білімді болуы үшін барлық жағдай жаса. Балаға жігер беруді ұмытпағаның абзал. Бала мақтауды сүйеді, оған әрдайым қолдау көрсете біл.
Он сегізінші қара сөзінде:
- Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық.
Адам баласы бір-бірінен атақ пен мансаптан, байлықтан басып оза алмайды. Адамның арманы таусылмаған. Бірақ байлық пен атақты армандасаңыз қателескеніңіз. Олар бір-бірімен білімі мен ғылымының көптігінен озады. Сондықтан балаңызды білім нәрімен сусындатыңыз, оған адамгершілік үлгісін көрсете біліңіз.
«Тәрбие тал бесіктен басталады», — деген даналық сөз бар. Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті ұрпақ тәрбиесінің селқостықты көтермейтінін мойындаған жөн. Ұстаздар мен ата-аналар бірігіп жұмыс жасаса, алынбас қамал жоқ деген ойдамын