Home » Білім және тарих » ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ ПЕДАГОГТІҢ КӘСІБИ ДАЯРЛЫҒЫ

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУДІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ ПЕДАГОГТІҢ КӘСІБИ ДАЯРЛЫҒЫ

 Беисенкулова Андия Ахбергеновна,
 «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚ БАИ
 аға оқытушысы, Тараз қаласы

        Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына қосуға мүмкіндік беретін «инклюзивті білім беру» түсінігінің Қазақстандық білім беру жүйесіне енгізілгеніне көп уақыт болмады. Сол жылы Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медицина-педагогикалық тұрғыдан қолдау» туралы заңды қабылдады. Осы заң аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға ерте жастан білім беру мәселесіне мән берілген. Оларды білім беру, әлеуметтік және медициналық тұрғыда қамтамасыз ету қарастырылған. Ең бастысы, аталған заңда инклюзивті білім берудің негізгі принциптері айқындалған. Сауатты психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кәсіби құзыретті педагогсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Қазақстандық ғалым Б.Т.Барсай мұғалімдердің кәсіби дидактикалық құзыреттілігін зерттеу барысында кәсіби құзыреттілікке «маманның әлеуметтегі дәл осы уақыттағы қабылданған стандарттар мен нормаларға сәйкес өзінің кәсіби – педагогикалық қызметін атқаруға дайындығы мен қабілетін анықтайтын кәсіби білімдер жиынтығы немесе жекелік кәсіби сипаттама» деп анықтама береді. Инклюзивті білім беру аймағындағы құзыреттілік педагогтің кәсіби қызметін білім алушылардың түрлі білімдік қажеттіліктерін ескеріп, олардың дамуына жағдай жасай отырып жүзеге асыруын білдіреді. Инклюзивті құзыреттілік негізін педагогтің инклюзивті білім беруге кәсіби даярлығы құрайды. Педагогтің инклюзивті даярлығы педагогикалық теория мен практика үшін жаңа түсінік болып табылады. В.В.Хитрюк өз зерттеулерінде инклюзивті білім беру жағдайындағы педагогтың кәсіби даярлығын әлеуметтік-тұлғалық және кәсіби, академиялық құзыреттіліктер кешеніне негізделіп, кәсіби-педагогикалық қызмет тиімділігі мүмкіндігін анықтайтын педагогтің күрделі интегралды субъективті сапасы ретінде қарастырады. Қазір қазақстандық ғалымдар да инклюзивті білім беру жағдайында педагогикалық кадрларды қайта даярлау мәселесіне аймағында зерттеулер жүргізіліп жатыр. Білім беру мекемелерінде оқытуды жетілдіру, педагогтің кәсіби құзыреттілігі туралы мәселелері Ә.М.Мұханбетжанова, Ш.Х.Құрманалина, А.Ө.Мұханбетжанова және т.б. еңбектерінде қарастырылған. Кәсіби даярлықтың объективті сипаттамасына жатады: педагог қызметінің мақсаты, оның құрылымы және қажетті нәтижеге қол жеткізу мақсатында кәсіби функцияларды орындауы. Инклюзивті білім беру жағдайындағы педагогтың жұмысқа даярлығы 2 негізгі көрсеткіштер арқылы қарастырылады: кәсіби даярлық және психологиялық даярлық. Кәсіби даярлық құрылымына: ақпараттық даярлық; педагогикалық технологияларды игеру; психология мен коррекциялық педагогика негіздерін білу; балалардың жеке 62 ерекшелігін білу; педагогтың сабақты модельдеуге және білім беру процесінде өзгерістерді қолдануға даярлығы; дамуында түрлі бұзылыстары бар балалардың жеке ерекшеліктерін білу; кәсіби өзара әрекеттесу мен оқытуға даярлық кіреді. Психологиялық даярлық құрылымына: дамуында түрлі бұзылыстары бар балаларды эмоционалды қабылдау (қабылдау-қабылдамау); дамуында түрлі бұзылыстары бар балаларды сабақ барысындағы әрекетке қосуға даярлығы (қосу-оқшаулау); өзінің педагогикалық қызметіне көңілі толу. Педагогтің инклюзивті білім беруге кәсіби даярлығы құрылымына келесідей мазмұндық компоненттер жатады.

Мотивациялық-құндылықты компонентке:

  • Инклюзивті білім беру құндылықтарын қабылдау;
  • Аталған бағыт бойынша кәсіби өзіндік дамуға бағытталу;
  • Арнайы және жаңа білімдерді игеруге ұмтылу;
  • Инклюзивті білім беру жағдайындағы педагогикалық қызмет нәтижесі үшін жауапкершілік алуға дайындығы;
  • Мамандармен бірігіп жұмыстануға даярлығы.

Когнитивті компонентке:

  • Инклюзивті білім берудің негізгі принциптерін білу;
  • Инклюзивті білім беру сферасы бойынша нормативті базаны білу;
  • Инклюзивті білім беру жағдайындағы балалардың даму ерекшеліктері мен психологиялық заңдылықтарын білу;
  • Инклюзия жағдайындағы педагогикалық процессті жобалау әдістерін білу;
  • Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалардың даму ерекшеліктерін білу;
  • Жалпы және коррекциялық педагогиканы білу. Іс-әрекеттік компонентке:
  • Білім беру процесінің барлық субъектілерімен әлеуметтік өзараәрекеттесу құра алу қабілеті;
  • Инклюзивті балалар ұжымында, инклюзивті білім беруге ересек қатысушылар ұжымында толерантты қарым-қатынас қалыптастыра алу біліктілігі;
  • Мүмкіндігі шектеулі балалар туралы ақпарат алғашқы жинау және өңдеуді жүзеге асыру қабілеті;
  • Балалардың жас және психофизиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес жеке және біріккен оқыту қызметін ұйымдастыру біліктілігі;
  • Әсер етуге байланысты баланың дамуы мен жағдайын динамикалық болжау біліктілігі;
  • Балалардың тек академиялық құзыретін емес, сонымен қатар әлеуметтік құзыреттіліктерін дамыту біліктілігі;
  • Психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес ұсынған технологиялар мен әдістерді қолдану біліктілігі.

Жоғарыда қарастырылған ғалымдардың еңбектерін талдай отырып, біз «инклюзивті білім беру жағдайында кәсіби даярлығы» түсінігіне мынандай анықтама бердік: педагог бойындағы психологиялық және педагогикалық сапаларды өзара әрекеттестіре және өзара толықтыра отырып, инклюзивті білім беру талаптарын ескере отырып, педагогикалық қызметті жоғары мотивациялық-құндылықты деңгейде жүзеге асыруы. Инклюзивті білім беруді жүзеге асырудың тиімді болуы көп жағдайда педагогке, яғни, оның кәсіби даярлығына байланысты екен. Болашақта педагогтердің өз білімдерін үздіксіз жетілдіріп отыруына көп көңіл бөлу керек.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.