Алматы қаласы, Әуезов ауданы
«№ 158 жалпы білім беретін мектеп» КММ
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Рахметова Гульнар Избасаровна
Кәмелеттік жасқа толмаған балалар жұмысқа орналасар алдында еңбек келісімшартын жасап, ата-анасының жазбаша рұқсатын алуға тиіс. Ал, жұмыс беруші тараптың өкілдері бұғанасы бекімеген жасөспірімді жұмысқа алмас бұрын облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының келісімін алуы керек.
Бүгінде елімізде үш айлық демалыс кезінде жұмыс істеп, табыс тауып жүрген жасөспірімдер бар. Олардың дені қаладағы сауда орындары мен кафелерде, мейрамханаларда, автокөлік жуу орындарында, құрылыс мекемелерінде еңбек ететіні жасырын емес. Олар ата-аналарына ауыртпалық түсірмеуді ойлайды. Сол себептен отбасының келісімін алып, жұмысқа орналасады. Мектепке қажетті оқу-құралдарын өзі сатып алып, егер тапқан табысы артылып жатса, бауырына да керекті затын алып беруді ойлайды. Шыны керек, бұған дейін даяшы, сатушы болып еңбек еткендер немесе кафеде таң атқаннан кеш батқанға дейін жүгіргенше, базарда жеміс-жидек сатып тұрғанша, автокөлік жуушы болған әлдеқайда жеңіл деп түсінетіндер де бар. Мұнда еңбекақы күнделікті істеген жұмыс көлеміне байланысты төленетініне қызығып жатады. Алайда, мұның бәрі ойлап қарасаңыз, оңай шаруа емес. Заң бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына – 24, ал 16-18 жастағы жасөспірімдер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек екен. Бұл еліміздің Еңбек кодексінің 69-бабында көрсетілген. Сондай-ақ аталмыш кодекстің 31-бабына сәйкес 14-16 жасқа толған жасөспірімдер ата-анасының келісімімен кинематография ұйымдарында, театрда, циркте жұмыс істеуге құқылы. Жалпы, балалардың ерте жастан еңбекке араласуына бірнеше фактор әсер етеді. Соның бірі – жасөспірімдер арасындағы өзара бәсекелестік. Мысалы, достарының бірі қымбат зат сатып алса, жанындағы бала да оған қызығады. Алайда оның ата-анасының оған мұндай затты алып беруге жағдайы жоқ.
Сондықтан жасөспірімдердің дені өздері қаражат жинап, қалаған дүниесін сатып алуға тырысады. Бір жағынан ерте жастан ақшаға әуестену бала психологиясына кері әсерін тигізеді. Өйткені жасөспірім адами құндылықтарды байлықпен алмастырып, соның салдарынан оның мінез-құлқында өзгерістер пайда болады. Әрине, бұл үшін балаларды ғана кінәлауға болмайды. Себебі барлығымыз нарық заңына тәуелдіміз. Мұны бір деңіз. Екіншіден, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген жасөспірімдер еңбекке ерте араласады. Өйткені бұл отбасындағы қаражат тапшылығына байланысты болуы әбден мүмкін.
Қорыта айтқанда, кәмелеттік жасқа толмаған балалар Еңбек кодексін дұрыс білмегендіктен, алдау мен арбауға жиі түсіп қалады. Соның салдарынан олардың қоғамға деген пікірі өзгеріп, ашушаң болып кетеді. Сондай-ақ бұғанасы бекімеген балалардың ерте бастан жұмыс істеуі олардың физиологиялық тұрғыда өсіп-жетілуіне де зиян келтіреді.
Осы орайда, Алматы қаласының Білім басқармасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің хаты негізінде жазғы демалыс қарсаңында 1-12 маусым аралығында №158 жалпы білім беретін мектепте «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқанын өткізу жоспары құрылып, іс-шаралар ұйымдастырылды. Науқанды өткізудің негізгі мақсаты – қоғамның назарын, соның ішінде ересектерді, балаларды және олардың ата-аналарын балалар еңбегінің ең нашар түрлерін қолданудың алдын алу мәселелеріне аудару, сондай-ақ осы саладағы құқықтық ақпараттандыру болып табылады. «Балаларды қорғау күні» туралы түсініктерін бекіту. Ойын-сауықта өлең айтып, сурет салу, эссе жазу арқылы белсенділіктерін арттыру. Балаларды өзін құрметтеуге, әлеуметтік мәнділік сезімін, жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу мақсатында «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай онлайн және қашықтық форматында іс-шаралар ұйымдастырып, өткізу жөнінде жоспар құрылды. Сондай-ақ, «Бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн күрес» атты іс-шаралар ұйымдастырылды. Мақсаты: Балалардың адам құқығы, оның ішіндегі бала құқығы жөнінде түсінігін кеңейту, әрбір адам өз құқығын біліп, өзгенің құқығын бұзбауға үйрету, құқықтық тәрбие беру. Мектептің сынып жетекшілері онлайн форматта «Бала еңбегінің ең нашар түрлері проблемасы», «Бала құқығы – адам құқығы» атты тақырыпта сынып сағаттарын өткізіп, мектеп оқушыларына заңгерлік кеңестер берді. Апта сайын «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» тақырыптарында балалар еңбегін пайдалану фактілерін анықтау бойынша әртүрлі объектілерге, яғни, «Таусамалы» базары, түнде компьютерлік клубтарға, ойын-сауық орталықтарына рейдтер жүргізілді. Рейд кезінде кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің болмағаны туралы мәлімдейміз. 8-9-10 сынып оқушылары арасында «Полицейлік – дос және қорған», «Почему я выбрал профессию полицейского» тақырыптарында онлайн эссе жазу ұйымдастырылды. Бастауыш сыныптар арасында «Әр бала отбасында бақытты» тақырыбында онлайн форматта сурет байқауы өткізіліп, Білім кілті» журналы №6 (144), 2020ж. Маусым «Отбасы – сыйластық пен сүйіспеншіліктің алтын арқауы» тақырыбында мақала жарияланып, мектеп инстаграмы мен фейзбугіне жүктелді.
Сондықтан, менің айтарым, бала еңбегін пайдалану арқылы олардың сағы сынып, үлкендерге деген сенімі азайып, өтірік айту мен жат қылықтарға әуес бола бастауы әбден мүмкін. Сол себепті, барынша балаларымызды қиындықтан қорғайық. «Бала – адамның бауыр еті» екенін ұмытпайық!