Home » Білім және өнер » Саналы шәкірт баулыған сынып жетекшілер

Саналы шәкірт баулыған сынып жетекшілер

Алматы қаласы Жетісу ауданы
№ 177 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Хаутай Алтыншапақ

 «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады» деп, ұлы ақын Абай Құнанбайұлы айтқандай бала тәрбиесінде ата-анамен қатар мектептің де қосатын үлесі өте зор. Оқушы күнінің жартысын мектепте өткізетіндіктен, мектептің баланың екінші анасындай екені шындық. Мектеп баланың өмірінде, оның балалық шағында үлкен із қалдырады, тіпті мамандыққа бағыт беріп оның тағдырында да үлкен роль атқарады.

Мектепте балаларға білім берілумен қатар тәрбие саласында да көптеген іс-шаралар атқарылады. Мұғалім сабақ берумен ғана шектелмей, сынып оқушыларының тәрбиесі мен тәртібіне жауап беріп, сынып жетекшілікті де қоса атқарады.

Сынып жетекші болу – мұғалімнің білім беруден кейінгі аса жауапты қызметтерінің бірі. Себебі, алдында отырған оқушының барлық жағынан жетіліп, тұлға болып қалыптасуына ата-анасынан кейін сынып жетекшісі де үлкен үлесін қосады. Осындай жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен жүзеге асыру үшін сынып жетекшілер үнемі ізденісте болады.

Алматы қаласы Жетісу ауданы № 177 жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері де білім берумен қатар сынып жетекшілік қызметін де абыроймен атқара білетін ұстаздар. Білікті басшымыз Танатов Тұрсын Таңатұлы басшылық ететін мектеп ұжымы әрбір шараны жоғары деңгейде өткізе біледі.

Мектепте желтоқсанның үші мен он төрті аралығында сынып жетекшілердің он күндігі өтті. Аталмыш шараның мақсаты – оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру және шығармашылық қабілетін дамыту, дарынды оқушылармен жұмысты жандандыра отырып, барша оқушының бойындағы жеке даралық, тұлғалық қасиеттерді дамытуды көздеді. Сонымен қатар, құқықбұзушылықтың алдын алу және тәуелсіздіктің ұлтымызға оңайлықпен келмегенін ұғындыру болды. Тәуелсіздікті қастерлеу мақсатында әр сыныпта көптеген шаралар ұйымдастырылды.

Тәуелсіздік – біздің баға жетпес байлығымыз. Осы ұғымды әр оқушының санасына терең сіңіре білу үшін барлық сынып жетекшілер барын салды. Тәуелсіздік күні мерекесі аясында 2 сыныптар арасында «Тәуелсіздік туы желбіресін» атты тақырыпта сурет көрмесі өтті. Оқушылар белсене қатысқаны үшін мектеп директорының алғыс хатымен марапатталды.

Осындай қасиетті ұғымды бала бойына сіңіру мақсатында төртінші сыныптар арасында да шаралар өтті. 4 «Е», 4 «З», 4 «И» сыныптарының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты мәнерлеп оқу сайысы өтті. Оқушылар тәуелсіздік жайлы жазылған өлеңдерді мәнерлеп оқып, бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарыта алды. Осындай мәнерлеп оқу шарасы үшінші сыныптар арасында да өтті. Бүлдіршіндер танымал ақындардың тәуелсіздік туралы өлеңдерін оқыды.

Ал, 10-желтоқсан күні 8-сыныптар арасында «Егеменді — елдігім, тәуелсіздік — теңдігім» атты презентациялар байқауы өтті.  Оқушылар тәуелсіздік жайлы ой толғап, егемендіктің бізге оңайлықпен келмегенін, сол жолда ата-бабамыздың қаншама қиындықпен күресіп келгенін айтты. Сонымен қатар, тәуелсіздік алу жолында құрбан болған тқлғаалар тарихын таныстырып, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне тоқталды.

Бесінші сыныптар арасында «Тәуелсіздік шежіресі» тақырыбында танымдық сабақ өткізілді. Оқушылар тәуелсіздік шежіресіне өздеріне қажетті мағлұмат алып, ел тарихымен танысты.

Ал алтыншы сыныптар арасында «Тәуелсіздік — теңдесі жоқ байлығым» атты іс-шара топтық сайыс түрінде өтті.

Осындай іс-шаралар барлық сыныптар арасында да өткізілді. Барлық сыныптан тыс жұмыстың мақсаты — елін, жерін, тілін сүйетін саналы да жан-жақты тұлға қалыптастыру болды әрі сол мақсатына жете білді. Барлық шаралар жоғары деңгейде өтті. Осындай тәлім алған шәкірттеріміздің болашақта үлкен биіктерді бағындыра алатынына сеніміміз зор!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.