Home » эссе » ТӘРБИЕ  ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ

ТӘРБИЕ  ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ

Есболаева  Айсауле  Сантаевна
Маңғыстау облысы Ақтау қаласы
Н.Ә. Марабаев атындағы  №7 мектеп-лицейі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

          Дүние  есігін ашқан кезден бастап, нәресте ана сүтінен нәр алады, өседі.  Өскен сайын балаға  ана сүті мен ана тілі қатар дариды. Нәресте  өзіне айтылған  сөздерді  бірте-бірте  бойына сіңіріп,  түсіне бастайды.  Осы кезден бастап, баланың бойына  ұлттық  салт-дәстүрімізді  сіңіре беруіміз керек  екен.
«Адамның бір қызығы бала деген» — деп  Абай ата айтқандай, бала – өмірдің де,  адамның да қызығы.  Бауыр ет балаңа беретін  тәрбиең  ұлттық  салт-санамызбен  астасып жатса, жақсы болар еді?!
Қазір «Отбасы хрестоматиясы» деген атпен бірнеше кітап жарыққа шықты. Атап айтсақ, «Салт-дәстүр сөйлейді», «Әлдиден эпосқа дейін», «Сияр Шәріп» т.б.  Бұл кітаптар балаға да, үлкенге де түсінікті, қызықты етіп жазылған. Көптеген  танымдық  әңгімелерді оқи отырып, отбасымызбен  талқылаған кезіміз де  болды. Қызым да оқып, көңіліне тоқығандай. Білгенін  өзінен кейінгі іні-сіңлілеріне айтып жүр. Осы кітаптар әр қазағымның  шаңырағында  қызыға оқылатын болса, керемет емес пе?! Бұл кітаптарды тағылымы мол, ұлттық тәрбиеге бастаудың жолы десек те болады. Тілі жеңіл, айтар ойы ұшқыр тәрбие құралы екен.
Бүгінде баламен сөйлескенде абай болу керек, себебі кішкентай сәби, тіпті еңбектеген нәресте туған кезден  бастап, сенің сөзіңді,  іс-әрекетіңді қайталайды. Дұрыс пен бұрысты  ажырата алмайтын бала ата-анасынан     көргенін қайталайды. Мысалы, лас сөздер айтатын әкелер балалары сол сөздерін  қайталаса, мәз болады. Ал,  отбасында дұрыс тәрбие ала  алмаған  бала  ержеткенде қателесуі мүмкін. Бұл тек сол отбасына ғана емес, қоғамға да зиянын тигізеді.
Кез келген ұлттың өміршеңдігі тіліне байланысты. Егер қазақ тілі болмаса, қазақ халқы, қазақ мәдениеті деген ұғым да жоқ болар еді. Сондықтан қаншама заманауи өзгерістер мен жаһандануға ұлттық құндылықтарсыз енем деу бекер. Сол себепті ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіру, тәрбиеде қолдану құралына айналуы керек.
Қазіргі таңда мәдениеттілік деген осы екен деп орысша, ағылшынша, т.б тілдерді еркін меңгерген, бірақ өз ана тілін білмейтіндер бар. Олар ертеңгі күні бармағын тістемес үшін ойланулары керек. Көпшілік  алдында өзге тілде сайрап, бір-бірімен  орысша сөйлесетін  өз халқымыздың  өкілдерін көргенде еріксіз қынжыласың.
Десек те, қазіргі білімді жастардың арасында ұлттық құндылықтарымызды, ана тілімізді шебер меңгергендері де көптеп кездеседі. Бұлар өзге тілдерді меңгеріп қана қоймай, өз ана тіліміздің маңызын жете түсінгендер. Осындай ортада қазақ тіліміздің көркемдігін сезініп, таза сөйлеп, отбасыларында ұстанып жүрген жастарымыз көп. Олар туралы  әлеуметтік желі арқылы оқып, біліп жүрміз.
Ұлттық құндылығымызды  құрметтеп, балаларына үйретіп жүрген ұлты басқа, тілегі, жүрегі қазақ деп соғатын өзге ұлт өкілдері арамызда жүр.
Соның бірі – тележүргізуші, актриса Майя Веронская. Бұл отандасымыз Алматы қаласының №12 мектебінде оқыған екен, ал қазақшасына келсек, әкесі 5-сынып оқып жүрген кезінде мемлекеттік тілді меңгертуге қазақ мектебіне берген  Ал бүгінде Майя қазақ тілін меңгеріп қана қойған жоқ, қазақы тәрбиені бойына сіңірген сұлу да сыпайы бойжеткен. Атақты Татьяна  Будмистрова, Асылы Османдар да ана тіліміздің қасиеті мен қадірін бір қазақтай жете меңгерген, тәрбие көзі тіл екенін көпке таныта алып отыр.
Өзіме келетін болсам, бала тәрбиелеуде ұлттық  құндылықты, өнерді өскелең ұрпақтың  бойына сіңіру, азаматтық парызым деп білемін. Менің ойымша, ұлттық қасиетімізді түсініп, салт-дәстүрімізді қадірлеп өскен, тәрбие көрген, ана тіліміздің  құдіретін  білетін ұрпақ барда келешегіміз жарқын болады деп сенемін. Тіл — тәрбие  бастауы.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.