Home » Мақалалар » Математика сабағында ұлттық ойындарды  пайдаланудың тиімді жолдары

Математика сабағында ұлттық ойындарды  пайдаланудың тиімді жолдары

Курманбаева Талшын Турдакиновна
Алматы қаласы Жетісу ауданы
«№102 ЖББМ» КММ бастауыш сынып мұғалімі

Қазіргі таңда  барлық салаларда ауқымды өзгерістер жүріп жатыр. Мұндай өзгерістерден білім беру саласы да тыс қалған жоқ. 2020-2021 оқу жылында орта білім беру ұйымдары толығымен жаңартылған білім беруге толықтай көшеді.  Білім беру жүйесі әлемдік өркениеттің барлық талабына сай келетін, парасатты, білім мен біліктілігі жетілген мамандар дайындауды қажет етеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің міндеті ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау екендігі айтылған.
Осы орайда  елімізде  білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс-әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға тәрбиелеу ісіне ерекше мән берілуде. Демек, мектептегі оқу үрдісі оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, шығармашылық әрекетін дамытуына жол ашуы қажет.
Математика пәні бойынша ең бастысы —  оқушылардың ауызша есептеу дағдыларын қалыптастыру деп ойлаймын. Сондықтан да санмен және сәйкес цифрлармен таныстыра отырып, сол санның құрамын жаттату ауызша есептеуге көп септігін тигізеді. Бұл кезеңде сан сызғышпен жұмыс көп көмегін тигізеді.
Ойын арқылы оқушы білім алуға, оқуға қызықтыра отырып, тұлғаның дамуын қалыптастыруға болады. Жалпы, математика сабағында қолданылатын ойын түрлері  оқушылардың математикалық ұғымдарын кеңейтіп, ойлау  қабілеттерін арттырып, есептеу дағдыларын шындай түсетіні белгілі. Математика сабағында қазақтың ұлттық ойындары қолданылады. Мысалы «Сақина салу», «Ақсүйек» ойыны белгісіз санды табуға арналған ойын. Ойынға толық сынып қатысады. Кестедегі белгісіз сандардың орнына «Ақсүйек» тығылып жатыр. Кім дұрыс шығарса, сол табады. Кім ақсүйекті көп тапса, сол ұтады. Өтілген тақырыптардағы сабақ материалына лайықталған ойын есептерін алып, тек қана оқушының орындай алатын іс-әрекетімен шектелу жеткіліксіз. Мұндай ойынды ұйымдастырудың және басқарудың сипаты мен жолдары және оларды қолданудың тиімді бөліктері жан-жақты ойластырылуы керек. Ойын үрдісінде балалардың білімі тереңдей түседі, осыған дейінгі білімдері мен түсініктері баянды болып жаңа білім игеріледі.
Жалпы білім беретін  мектептердің бастауыш сыныптары оқушылары  ой-өрісін дамытатын «Құлпынай теріп алайық», «Араларға бал жинауға көмектес», «Қалқанқұлаққа көмектес», Сақина тастау  ойындары. Мысалы, Сақина тастау ойынының дидактикалық  мақсаты: 20 көлеміндегі сандарды  қосу және азайтуға берілген мысалды тақтаға  шығарып, сақинаны өзі қалаған оқушыға салады. Ойын осылайша жылдам түрде жалғасады. Ойынды басқара жүріп, мұғалім баланың жеке басының ерекшелігіне, оның сапасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез құлқына ықпал жасайды.
Ойын — адамның өміртанымының алғашқы қадамы деп білеміз.
Оның басты ерекшелігі баланың ойлау қабілетін жетілдіру болып табылады. Атау ұйқастарын санау арқылы оқушылар Сан үйренеді, санға аты ұйқас заттарды танып біледі. Санамақтар сан үйретеді, әрі дүние танытады,әрі баланың қисынды ойлауы мен математикалық ойлау қабілетін дамытады.
Санамақтың түрлері өте көп. Ойында балалар әр нәрсеге жақсы зейін қояды және көбірек есіне сақтайды. Ойын шарттарының өзі баладан заттарға, айналатын көріністер мен сюжетке зейін тоқтатуды талап етеді. Егер бала ойын талабына зейін қойғысы келмесе, ойын  шарттарын есте ұстамаса, онда оны құрдастары ойыннан шеттетуі ықтымал.
Ойын – балалардың негізгі іс-әрекетінің бір түрі. Ойын барысында баланың жеке басының  қасиеттері қалыптасады. Кіші мектеп жасындағы балалардың көргендерін, байқағандарын, айналасынан  естігендерін ойын  кезінде қолданылатынын байқау қиын емес. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш-жігерін жұмсап сезініп білдіруге  мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді. «Көрші-көрші»ойынының мақсаты 10 көлеміндегі сандардың ретін меңгеру яғни, мұғалім бір санды атайды,«Жеті» дейді, жеті саны тағылған бала ілгері шығып, балалардың алдына тұрады .
Сонан соң, мұғалім бұл санның көршілері қатарына тұрыңдар дейді. 6,7,8 Сандарын құрады. Одан соң 6 және 7 сандары салыстырылады. 6-ның  7-ден біреуі кем, 6-ға 1-ді қоссақ 7 болады. 6 саны 6 бірліктен тұрады. Одан соң 7,8 т.с.с
«Шырша құру» ойыны арқылы да сан құрамын оқушыларға жаттатуға болады. Шыршаның сол жағына сандарды өсу ретімен, ал оң жағына кему ретімен жаз дей отырып, сол санның құрамын шығаруға болады.
Әдістемелік әдебиеттерде берілген және мұғалімдердің тәжірибесінде пайдаланып жүрген дидактикалық ойындар өте көп. Алайда олардың  бәрі дерлік  бүгінгі күннің талаптарынан туындап отырған  білім мазмұнының өзгерістеріне, сондай-ақ оқушылардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келе бермейді. Сондықтан мен белгілі ойын түрлерін сұрыптап, ой елегінен өткізе отырып, ғылыми тұрғыдан негізделген дидактикалық  ойындар мен қызықты жаттығулар жүйесін пайдаланамын. Дидактикалық ойындарды шығармашылықпен түрлендіре отырып,  оқушылардың психофизиологиялық ерекшеліктерін ескеріп, жаңа тақырыпты өткенде, өтілген материалды қайталағанда, білімді тиянақтау және тексеру кезінде, яғни сабақтың кез келген  сәтінде оқыту әдісінің құрамды бөлігіне айналдырамын. Бірақ ойын процесі мен оқыту процесін бір-біріне етене ұластырып ұйымдастырған жөн. Оқушы ойын іс-әрекеті үстінде қандай да білімді игеріп жатқанын, ал оқу процесінің өзінде қалай ойынға ұласып кеткенін аңғармай қалуы тиіс. Сонда ғана ойын және оқу іс-әрекеттері табиғи бірлікте болып, пәндік білім, білік және дағдыны игеруге толық ықпал жасайды. Осы шарт орындалған жағдайда дидактикалық ойын шын мәнінде оқыту әдісі деңгейіне дейін көтеріледі.
Қорыта келгенде, ойын – балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бір түрі. Бала өмірі ойынға байланысты. Бала ойынсыз өсіп өркендей алмайды. Бұл – өмірдің заңдылығы. Сондықтан да бастауыш сынып сабақтарында ойын элементтерін пайдаланудың оқушылардың ой белсенділігін арттырудағы маңызы зор.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.